Кездесудің 6- минутында «Барыстың» қақпасын дәл көздеген Илья Мусин өз командасын алға шығарды. Жерлестеріміз де қарап қалған жоқ. Араға төрт минут салып Дастин Бойд есепті теңестірсе, артынша Майк Ландин қонақтарды тағы да ойынды ортадан бастауға мәжбүр етті. Ресейлік хоккейшілер таразы басын қайта теңестіргенімен одан әрі ойын тек бір бағытта өрбіді. Нәтижесінде матч соңына дейін жауапсыз төрт шайба соққан «Барыс» финалға жол тартты. Мәртебелі турнирдің шешуші бәсекесінде астаналық хоккейшілерге Омбының «Авангарды» қарсы тұрады.
Испандық дербиде «Реалдың» бәсі жоғары болары сөзсіз. Карло Анчелотти командасы биыл Тони Кроос, Хамес Родригес және қақпашы Кейлор Наваспен толықты. Бүгінгі матчта Хамес пен Кроос негізгі құрамда өнер көрсетеді. Ал «Севилья» өзінің шабуылдағы лидері Иван Ракитичтан айрылғаны белгілі. Десе де Еуропа Лигасының жеңімпазы осал қарсылас емес. Сонымен УЕФА супер кубогының иегерін «Кардифф Сити» стадионында Астана уақытымен түңгі сағат 0:30 да білетін боламыз.
Еуропа футбол грандтары жаңа маусым алдындағы дайындық аясында өзара жолдастық кездесулер өткізуде. Неапольдегі «Сан-Паоло» стадионында жергілікті «Наполи» 1:2 есебімен «ПСЖ» ұтылды.
Алма-кезек шабуылға ұласқан матчтың бірінші кезеңінде есеп ашылған жоқ. Дегенмен екінші таймды ширақ бастаған алаң иелері көп ұзамай есепте алға шықты. Кездесудің 51-минутында қақпашыдан кері қайтқан допқа бірінші жеткен Гонсало Игуаин жақын жерден мүлт кетпеді. Француздардың жауабы да көп күттірген жоқ. Арада төрт минут өткенде Златан Ибрагимович таразы басын теңестірсе, Хавьер Пасторе соққан доп оларға жеңіс әкелді. Хельсинкиде жергілікті «ХИК» клубымен жолдастық матч өткізген «Барселона» алаң иелерін оңдырмады. Мұндағы есеп 0:6.
Бүгінге осы! Спортпен шұғылданып сергек жүрейік.