Спортшылар Медеудің нағыз қоқыс алаңына айналғанын айтуда - kaz.caravan.kz
  • $ 464.72
  • 496.32
+25 °C
Алматы
2024 Жыл
21 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Спортшылар Медеудің нағыз қоқыс алаңына айналғанын айтуда

Спортшылар Медеудің нағыз қоқыс алаңына айналғанын айтуда

Спортшылар Медеуді арақ бөтелкелерінен әрең дегенде аршып алды. Салауатты өмір салтын ұстанған бір топ жас еліміздегі ең әйгілі шатқалдың нағыз қоқыс алаңына айналғанын айтуда. Тауда жайқалып өскен жүз жылдық шыршалар да, сирек кездесетін аршалар да түрлі қалдықтарға бөгіп қалған. Алматыны төбеден тамашалағандар тек ішімдік ішіп қана қоймай, көрінген жерде дәретін де сындырып кете береді екен. Медеудегі мұндай масқаралыққа шыдамаған бір топ әуесқой спортшылар табиғатты қоқыстан өздері тазартып шықты.         

  • 8 Қыркүйек 2015
  • 383
Фото - Caravan.kz

Алматының төрі саналған Медеу шатқалы. Қайда көз тастасаң да толған туристер. Бірі тоғайдың сұлу табиғатына тамсана қараса, енді бірі керісінше кесірін тигізіп жүр.

Бір кездері Медеудің көркі үшін салынған бұл құрылыс енді қоқыс жәшігіне айналған. Ішінде бөтелкелер, тіпті тамақ қалдықтары да шіріп жатыр. Күллі елге белгілі баспалдақтар да үгітіліп, гүлзарына дейін талқандалып кеткен.  

Жәмила Мәсімова:

— Ескірген, құлап жатыр бар жерде, мусор шашылып жатыр. Мусор тастайтын ешқандай жер жоқ. Тамақ ішетін жерлері де жоқ екен. Су. Өзімізбен бірге алып келдік. Солар болса, мына жердің бәрін жаңалап жақсартса.

Туристердің бірі қоқыс тастайтын жәшік таппай қиналса, енді бірі отыратын орын таппай қысылған. Ал бір мезет тоқтап тынығатын бекет іздеп сабылғандар кәдуілгі сыз жерде отыр.      

Нұрғайша Мүстенова:

— Ия, орын таппай отырмын осында, міне орын жоқ осы құмның үстінде отырмын еріксіз, жасым 75-ке келді, жүре алмай, ана жаққа шыға алмай отырмын…

Демалушылар бүкіл Медеуде тек бір дәретхана ғана барын айтады. Оның өзі үнемі жабық тұрады екен. Сондықтан амалсыздан тоғай аралап кетуге мәжбүрміз дейді. Табиғи парктің мүшкіл жағдайына әсіресе әуесқой спортшылар қатты алаңдаған.    

Айнұр Жүнісова:

— Жағдай өте жаман. Түгел мына жерге келеді, табиғатты қарап,  мусорды тастайды ана жерге сол жерден өте қиын жинауға.

Медеуді бейберекет тасталған қоқыстан тазартуын сұрап белсенділер бірнеше мәрте әкімдікке хат та жолдаған екен. Тіпті, табиғи парктің басшылығына дейін барған. Алайда олардан титімдей де жанашырлық таппаған соң ақыры өздері жаппай қолдарына қап алып, күллі қоқысты жиып теріп алды.  

Медеуге келіп қоқыстарын тіпті тау шатқалдарына дейін тастап кеткен. Міне, сыра, тіпті арақтың сынықтары әр жерде шашылып жатыр. Әрине, мұнда түсіп қоқыс жинаудың өзі қауіпті. Десе де, табиғатқа жаны ашыған қоғам белсенділері таудан құлап кету қаупіне қарамастан, ел-жұрттан қалған қалдықтарды шатқалдардан да жинап жүр.

Осылайша белсенді топ ауыр техникасыз-ақ тауды қалдықтардан тазартып шықты. Осы Медеуде шынығып жүрген қыз-жігіттер алдағы уақытта да мұндай акцияны жалғастыра бермек. 

Соңғы жаңалықтар