Сыртқы күштердің "Қалаулым" бағдарламасына "Жабыңдар" деуге конституция бойынша құқы жоқ - Шах-Керім Кәрменов - kaz.caravan.kz
  • $ 443.85
  • 474.3
+12 °C
Алматы
2024 Жыл
24 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Сыртқы күштердің "Қалаулым" бағдарламасына "Жабыңдар" деуге конституция бойынша құқы жоқ - Шах-Керім Кәрменов

Сыртқы күштердің "Қалаулым" бағдарламасына "Жабыңдар" деуге конституция бойынша құқы жоқ - Шах-Керім Кәрменов

"Қалаулым" бағдарламасының бас редакторы "Қалаулымнан" асып түсетін бағдарлама шықса қуанатынын жеткізді.

  • 29 Наурыз 2018
  • 1100
Фото - Caravan.kz

"Қалаулым" бағдарламасы елдегі телеарналардағы рейтингі ең жоғары бағдарламалардың бірі. Соңғы кезде қоғам белсенділері бағдарламаны жабу туралы бастама көтеріп жатыр. Тіпті, ақпарат және коммуникация министрі Дәурен Абаев "Қалаулым" бағдарламасының тексеріліп жатқанын айтты. Осы орайда Today.kz"Қалаулым" бағдарламасының бас редакторы Шаһ-Керім Кәрменовпен сұқбаттасқан болатын. 

– Шаһ-Керім, қайырлы күн! Сізді көрермендер түрлі телевизиялық жобалар арқылы жақсы таниды. Алдымен үлкен бағдарламаға, артынша үлкен шуға айналған "Қалаулымға" қалай келдіңіз?

– Журналистика деген қиын емес, қызық жұмыс қой. Бізде тұрақты жұмыс орны деген онша бола бермейді. Әрқашан  жұмысты жаңадан бастауға тура келеді. Оның алдында да бірнеше жобаның тізгінін ұстап, сол жақта жұмыс істедім. Бұл жерге келуім үлкен кездейсоқтық болды. Бір жоба жабылғаннан кейін жаңадан жоба іздеу керек болады. Сөйтіп ізденіс үстінде жүрген кезде осындай жаңа бір бағдарлама ашылайын деп жатыр, соған журналистер қажет дегенді естіп келген едім. Кәдімгідей жұмыс барысы бойынша сөйлесіп, келісіп, "Қалаулым" жобасына, ұжымына кірдім. 

– "Қалаулым" туралы алғаш естігенде бағдарламаны қалай қабылдадыңыз?

–  Қазақ телекеңістігінде бұндай шоу болмаған. Әрине, шет ел бағдарламаларымен қазақ телекеңістігіне кішкене енген және кейбір телекөрермендеріміз көрген "Дом 2" бағдарламасына ұқсай ма деп өзім шошып кеткем. "Дом 2" сияқты болатын болса, мен қатыспай-ақ қояйын" дегенмін. Өйткені, шыны керек, сол Ресейдегі реалити шоудың форматына өзім де келіспеймін. Өйткені олар бір жерде тұрады, жұп болғандар бөлек үйге шығады. Әйтеуір біздің менталитетке сай емес. Маған "Қалаулым" бағдарламасын дұрыстап түсіндірді. Бұл жерде біздің басты айырмашылығымыз – студияда болатын дүние. "Қалаулым" жобасының мақсаты – отбасылық бақытқа жетелеу. Бірақ біз тек қана таныстырамыз. Бұл жерде біз тек қана мүмкіндік береміз. Таныса алмай жүрген адамға, табыса алмай жүрген адамдарға, шынымен де "мен жалғыздықтан шаршадым, осындай мүмкіндікті қолдансам ба" деген адамдарға көмек көрсетеміз. Өйткені, бұл бүгінгі таңда өзекті дүние. Осындай жоба болады дегеннен кейін де мен біраз зерттеу жұмыстарын жүргіздім. Қазіргі таңда жұмыс, оқу қуып, басқа бір мақсаттармен уақытын өткізіп алған арулар көп және де сүр бойдақ болып қалған жігіттер де көп. Олар жастар сияқты жастардың көңіл көтеретін орындарына баруға сескенеді. Ол жерде біреумен танысуға сескенеді. Ерлердің мәселесі әйелдерге қарағанда әлде қайда жеңілірек қой. Біздің дәстүрімізде өзінен 20 жас қыз-келіншектерді ала береді. Бірақ әйелдер не істейді деген сұраққа жауап ретінде осы бағдарламаны ұсынып отырмыз. Біз тек қана мүмкіндік береміз. Мен шынымен де, осы бағдарлама  рейтингке, осыншалықты танымалдылыққа ие болады деп ойламаған едім. Біз журналист ретінде кәсіби біліктілікті шыңдауымыз керек. Кәсіби бір дәрежеге жетуіміз керек. Ал жаңадан реалити шоу форматы, бұрын-соңды қазақ телекеңістігінде сондай ұқсас дүниелерді жасағанымен, толықтай болмағандықтан өзіме қызық болды. 

– Кезінде "КТК" телеарнасында дәл осындай форматтағы "Давай поженимся" бағдарламасы болды. Оны қазақстандықтар көрді. Осындай шу неге сол кезде болмады деп ойлайсыз?

– Өйткені "Қалаулым" шынайы. Біз реалити деген сөзге үлкен мән бердік. Реалити деген не? Шынайылық. Бізде қазір қазақ телекеңістігінде ақты ақ, қараны қара деп атай алатын бағдарламалар аз. Сондай бағдарлама болғаны үшін бе деп ойлап қалдым. Біз шынайымыз деп бірден кірісіп кеткен кезде шынайылықтың кері тұстарын байқай бастадық. Мысалы біздің Замира сияқты қатысушылардың ұрысқа жақындығы. Шынымен де бір жағдай болғанда турасын айта салу көбісінің ойында болса да, бұны қалай айтуға болады деген жүрексіну бар. Ал "Қалаулым" жобасында ондай жоқ. Қалай бар солай айтады. Адам қалай сөйлеп үйренді, тура солай сөйлей салады. Бұл ең біріншіден қызығушылықты да арттырды. "Осындай бір жоба бар екен ғой, мен ата-анаммен, жақындарыммен мәселелерді қалай талқылаймын. Бұлар да 3 сағат бойы талқылайды екен ғой. Қалай бұл сонда?" дегендей қызығушылықты арттырды. Мен қарсы болып жатқан адамдарға да ренжімеймін. Өйткені мен де көрермен болсам "мұны қалай көрсетті, бұны қалай шығарып жатыр" деген ойға келуім мүмкін. 

– Жобаға қатысушылардың көбі неге журналистер мен актерлер?

– Бізде 25 қатысушы бар, соның онға жетпейтіні медиа саласына жақын адамдар. Солар  қалғандарының алдына шығып, барлығын журналист, барлығын актер ретінде көрсетіп жатқан шығар.  Бұндай бағдарламаға мен журналист ретінде жұмыс істеуге келгенде маған да таңсық болды. "Бұл не жоба болады, қалай болады?" Бірінші дәмін татып көрмегеннен кейін сенімсіздікпен қарайсың ғой кез келген жаңа дүниеге. Содан кейін адамдарға жар салдық "осындай ниеттеріңіз болса келіңіздер" деп. Сіз қазақ қоғамын, қазақ менталитетін білесіз. Бізде адамдар ортаға шығып "жар іздеп жүрмін" деп айтудан жүрексінеді. Іздеп жүрсе де айтуға ұялады. Неге ұялады? "Ел не дейді, көршім не дейді, таныған адамдар не дейді, сөзге қалып қаламын ба" деген қорқыныш болады. Бұл қорқынышты жеңу үшін әуелі бізге мысалдарды көрсету керек болды. Осылай жар салған кезде кім бірінші болып жауап береді? Әрине медиа саласына жақын адамдар. Өйткені қарапайым дәрігер, ұстаз, слесарь отырып "жоқ мен бұл бағдарламаға барайын" деп айтпайды. Өйткені батылдығын тапса да "мен ертең қалай сөйлеймін, не деп айтамын" деген қорқыныш болады. Ал алғашқы қатысушылардың арасында актер немесе журналистердің болуы заңдылық. Өйткені ол адамдар камераға жұмыс істеп үйренгендер және одан қорықпайды. Бұл жерде мен мынадай сұрақ қойғым келеді: сонда актердің үйленуге құқы жоқ па? Журналистің үйленуге құқы жоқ па? Олар тек телеарнада жұмыс істеп, өмір бойы жалғыз болып өтуі керек пе? Бірінші толқынға солар ілікті, өйткені қалғандары қорықты. Ал қазір біз бұл тенденцияны өзгерттік. Қазір шынымен де қарапайым жұмыста істейтін адамдар бұл жобаның нәтижеге жетуге қабілеті бар екенін түсінді. Өйткені бізде 1 емес 2 той қатарынан болды. Екі той да орта жастан асқан азаматтардың тойы. Демек 4 адам өз бақытына жетті деген сөз. "Қалаулым" жобасы өз мақсатына жетті деген сөз.

– Бағдарламаны кімдер жапқысы келеді, қандай мақсатпен? Халық па немесе басқа да бір күштер ме?

– Телевизия саласы демократияның үлкен бір орын алған және шынайы жұмыс істейтін мекені деп білемін өз басым. Демократия деген – халықтың таңдауы деген сөз. Біз бұл жерде ешкімді үгіттеген жоқпыз. Үйлерге барып "Қалаулымды" көрсеңіз ақша береміз" деген жоқпыз. Бағдарламалар күн сайын бәсекеге түседі. Телеарналарды көретін 70 пайыз халықтың шет елдік бағдарламаларды көруге мүмкіндігі бар. Әсіресе, Ресей бағдарламаларын. Бүгінгі таңда біз бір бағдарламаны шығарған кезде автоматты түрде ресейлік бағдарламалармен, шет елдік бағдарламалармен бәсеке түсіп жатырмыз. Бұрын BBC, CNN деген арналармен, Ресейдің мүйізі қарағайдай арналарының бағдарламаларымен қазақ бағдарламалары бәсеке түсе алмайтын еді. Қашан сіз естідіңіз "қазақ тілді бағдарлама ресейлік бағдарламалардың рейтингін алып, алға шығып бара жатыр" дегенді? Бұл бірінші рет болған оқиға. Қолымды жүрегіме қойып тұрып, бұл жобада істейтініме мақтанам деп айта аламын. Осыған дейін 3 сағат тікелей эфирде тек қана таза қазақ тілінде жүретін бағдарлама болмаған. Екіншіден, бұл бағдарлама тек қана Қазақстанда емес көршілес елдерде де танымалдылыққа ие болып, өз көрерменін жинай бастады. "Қалаулым" әлемдегі қазақ тілді көрермендерінің көретін бағдарламасына айналды. Біреу тағы біреуге айтады, интернет деген бар. "Ойбай мыналар не деп шулап жатыр?" деп ғаламторға кіреді, көреді. Біз күн сайын рейтингілік көрсеткішті аламыз және орта есеппен алғанда 5 миллионнан астам адам "Қалаулымды" таңдайды. Бұл демократия демей не? Бұл үлкен үрдіс емес пе? Неге бұған қуанбасқа? Кейбір әріптестерім "Бұл не деген бағдарлама, жабу керек" деген әңгімені қозғағанда мен "Айналайындар, мен сенің жобаңа қарсы емеспін, жаса, сен менің жобама қарсы екенсің. Бірақ неге бізде мынандай менталитет қалыптасқан. Бірдеңе шығып жатса не оны жабу керек не бірдеңе істеу керек. Ұнамайды екен өз арнаңнан соған ұқсайтын бағдарлама жаса. Менің кемшіліктерімді ескеріп, ол кемшіліктердің орнын толтырып, менен артып түсетін бағдарлама жаса. "Қалаулымды" артта қалдыратын бір бағдарлама жаса. Ондай бағдарлама жасаса "Қалаулым" ұжымы қуанады. Мен тұрып қошеметтеймін. Жарнамасын жасаймын".  Басқа әріптестерім неге осынша ренжіп жатқанын түсінбеймін. Түсінемін негізі. Мүмкін олардың рейтингтері біздің әсерімізден жүрмей жатқан шығар. 

– Жалпы "Қалаулым" жабылуы мүмкін бе?


– "Қалаулымның" жабылу-жабылмауын шешетін көрермен. Рейтинг көрсеткіші төмен болса онда бұл бағдарламаны көрсетудің де қажеті жоқ. Сондықтан арна ондай шешім қабылдауы мүмкін. Бірақ, сыртқы күштердің біздің бағдарлама келіп "Жабыңдар" деуге конституция бойынша құқы жоқ. Әр арнаның өзінің ішкі саясаты бар. Ішкі саясатты ақпарат министрлігімен ақылдаса отырып шешеді. Тіпті, ақпарат министрлігінің де бұйрық жасап, кесіп алып тастайтын құзіреті жоқ. Ол ақпарат министрлігі кеңесші ғана. Бізді жауып тастайтындай эсктремистік, діни мәселелерді аяқ-асты қылатын, ұлттық құндылықтарды жер қылатын, қазақилықты жер қылатын, Қазақстанның қоғамын жер қылатын дүниені жасап жатқан жоқпыз. Егер жасадың десе, кез келген адам маған келіп көрсетсін. Қай жерде жасаппын? Өмірдегі дүниелерді талқылап не үшін жабылуымыз керек?

– Неге "Қалаулым" бағдарламасында боқ ауыз бен төбелес көп?

– Өйткені, ол өмірде бар. Бұл реалити шоу. Қоғамда ұрыс жоқ па? Бар. Қоғамда боқ ауыз сөздер жоқ па? Бар. Бірақ бұл қоғаммен бірдеңе істеу керек қой. Мен шығып қатысушыларға "Айналайындар, біз қазақ телевизиясындағы бетке ұстар бағдарламалардың біріміз. Сен бұлай айт, сен былай жауап бер. Былай айтуға болмайды, мына пікіріңді сөйлеме" деп айтатын болсам мен "реалити" статусынан айырылуым керек. Өйткені ол шынайылық емес, ол театралды қойылым болып кетеді. Неге Замира шулап жатады? Бұл жерде көп адамдар айтады "Біздің балаларымыз осылардан тәрбие алып отыр ғой" деп. Балаларының тәрбиесін телевидениеге тапсырған ата-ана – жаман ата-ана. Тәрбиемен ата-ана айналысу керек. Біз Замираны көрсеттік пе көрсеттік. Халық шошыды ма? Шошыды. Бұл да бір тәрбиелік құрал. Мен Замира сияқты бол деп отырған жоқпын ғой. "Замираны көрдің, мынандай-мынандай затты жасасаң, мынандай нәтижеге келесің. Қазір Замира елге қандай жек көрінішті болып, жаман пікірлер жазып жатыр. Сен Замира сияқты болсаң, саған да жазады. Замира сияқты болсаң, өзгер" деген нәрсені айтқымыз келеді. 

– Әнші Сәкен Майғазиев "Қалаулым" бағдарламасын сынап, өткір пікір білдірді. Сыни пікірді қалай қабылдадыңыз?

– Біз демократиялық қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Әр адамның пікір айтуға құқығы бар. Сәкен Майғазиев біз жайлы айтты ма демек, Сәкен Майғазиев өмірінде бір рет болса да бізді көрді деген сөз. Менің ойымша, Сәкен аға көрмеген затын сынайтын азамат емес. Мысалы мен Сәкен ағаның орнында болсам, ақсап бара жатқан бір дүниені көрсем және ол дүние маған мүлдем ұнамаса күресудің екі жолы: "Жабыңдар!" деп ұран салу немесе барып өзгерту. Мен керісінше бірінші қонақ болып келетін едім сол бағдарламаға. "Айналайын, Аша, Шаһ-Керім, қатысушылар, неге бұлай? Оның орнына бұлай жасаңдар, сонда қазақ еліне пайдаларың көбірек тиеді ғой" деген сияқты ой айтуға болады. Бұл Совет Одағынан келе жатқан шаш ал десе, бас алатын қалыптасқан психология шығар. Бізде не ашылу керек, не жабылу керек. Неге көмектеспеске? Біз бір қазанда қайнап жатырмыз. "Бөлінгенді бөрі жейді" дейді. Біз бөлінбей, керісінше, бүкіл қазақ тілді бағдарламалар қоян-қолтық жұмыс істеп, әлемдік бағдарламалармен бәсекеге қабілетті болу үшін күресуіміз керек. Осыны кейбір әріптестерімнің түсінбейтіні менің жүрегімді ауыртады. Біздің жауымыз бір-біріміз емеспіз. Біз басқа елдің идеологиясымен күресуіміз керек. 

– Сіздің дәстүрлі әнші Жәнібек Кәрменовтың ұлы екеніңізді жұртшылық жақсы біледі. Осы бағдарламаға келгелі "Сен асылдың сынығысың, мұндай бағдарламада өз беделіңді түсіріп не істеп жүрсің?" деген пікір білдірген адамдар болды ма?

– Бетіме келіп айтқан адамдар болған жоқ. Бірақ бұндай пікірді мен естігем. Иә, мен Жәнібек Кәрменовтың ұлымын. Иә, менің әкем дәстүрлі өнердің дамуына үлкен үлес қосқан азамат. Шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Жүрегі қазақ деп соққан азамат. Мен де , құдайға шүкір, бүгінгі таңға дейін қазаққа қарсы дүниені жасап жүрген азамат ретінде өзімді қарастырмаймын. Әкем қолынан келгенін жасады, әншілігі болды, дарыны болды, қазақи дәстүрді қалыптастыруға тырысты. Ал енді мен не ағылшын дәстүрін қалыптастып жатырмын ба? Мен де қазақ отбасыларының саны көбеюі үшін жұмыс істеп жатырмын. Мен де журналистік жолымды таңдадым. Әкем әншілік жолын таңдағаны сияқты. Осы журналистік жолда бұрын соңды реалити шоу деген ұғым болмаған кезде, қазақ телевизиясына осы ұғымды алып келген топтың ішіндемін, бұның несі айып? Бұл да даму ғой. Шешен ұлттында жақсы сөз бар "Жаман ұрпақ ата-бабаларының жетістігімен ғана мақтанады" деген. Өте терең сөз. Мен жаман ұрпақ болғым келмейді. Әкем қалыптастырған өз деңгейі, өз жолы бар. Әкесіне жете туатын бала болғым келеді. Көп адамдар "тәп-тәуір дауысың бар ғой" деп те айтып жатады. Әкемізден дарыған ортаңқол дауысымыз бар. Көп эстрада әншілерінен және кейбір дәстүрлі әншілерден артық айтатын даусым бар. Бірақ әкемдікіндей дауыс жоқ. Мамандықты таңдаған кезде музыка саласын таңда деген ұсыныс келмеді дейсіз бе? Келді, әрине. Ниетім болған жоқ. Ортаңқол әнші болып, Кәрменов атына кір келтіргім келмеді. Әкемнің атағын жамылып, атақты болғым келмеді. Әр адам өз қолынан келгенін істеуі керек. Көп адамдар  "Қалаулым" жабылсын" дейді. Жабылса, біздің қоғамдағы мәселелердің бәрі сомен шешіле ме? Біздің қоғамда бар, шешуді талап етіп тұрған сұрақтар өз жауабын таба ма? Сонда "Қалаулым" жабылғаннан не ұтады?  Ал "Қалаулым" бар болғаннан ұтатын тұстар көп. Мен қазақ тілін білмесе де, күнде 12-ден 3-ке дейін "Қалаулымды" қосып отыратын басқа ұлт азаматтарын да білемін. Жақсы көреді, бізге хат жазады орысша. Бірақ көреді. Біз қашан өзге тілді азаматтарды қазақ бағдарламасын көру үшін экран алдына отырғызып қойып едік? Бұл да бір менің кішкентай жетістігім деп ойлаймын. 

– Сіздерге бағдарлама дәстүрімізге сай емес деген сын көп айтылады. Осыған қалай жауап бересіз?

– "Қазақ дәстүріне нұқсан келтіріп жатсыңдар, өйткені қазақта бұрын қыз жігітке өз сезімін білдірмеген" дейді. Жалпы "Қалаулымға" ұқсас ұғымдар болған қазақта. Жеңгелер қайынінілерін қыздармен таныстырған. Неге қазақ жеңгелерге соншама ән арнаған? Өйткені ол да бір танысу жолы болған. Иә, келісемін, қыздардың өз сезімдерін жігіттерге білдіру дәстүрі болмаған. Бірақ, көлік айдау да, радио тыңдау да қазақ дәстүрінде жоқ еді. Жалпы телевизор қосу да қазақтың дәстүрінде жоқ еді. Тіпті, кітап оқу да қазақтың дәстүрінде жоқ еді. Өйткені, Совет Одағы келіп жалпы халықтың сауатын ашты. Бұрын кітап оқу дәрежесіне ауқатты адамдар ғана жеткен. Бұл дәстүр болмаған. Қазір 21-ғасыр. Бұрын қазақ қыздарының оқу оқып, жұмыс істеу дәстүрі де болмаған. Қашан қазақтың қызы магистратураны оқыпты дәстүр бойынша? Бірақ қазіргі даму заманында әйелдер елдің дамуына үлкен үлес қосып жатыр. Оқуын оқып, магистратурасын бітіріп келген қыз отбасын құрарда жігітпен қай жерде танысады? Түнгі клубта ма? Сондықтан дәстүрге сай болмаса да осындай жолды ұсынуға мәжбүрміз. Сосын "Қалаулым" жобасы тек таныстырып қоймайды, отбасын құрғаннан кейінгі мәселелерге де дайындайды.

Оқи отырыңыз:

"Қырық үйден тыйым көрмей қазақтың, Қыз Жібегі Төлегенге сөз айтты-ау". "Қалаулым" қасіреті немесе пиар патшалығы

Алматылық жастар “Қалаулым қалсын” деген ұранмен видеоүндеу жолдады

"Қалаулым" біздің менталитетімізге сай келеді — Бағым Мұхитденова

“Қалаулымға” қарсы отандық жұлдыздар желіде флешмоб бастады.

 

 

Соңғы жаңалықтар