Баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, Жамбыл облыстық кедендік бақылау департаментінің «Әуежай-Тараз» кеден бекетінің контрабандамен күрес басқармасының қызметкерлері Сабиха мен Тараз арасында қатынайтын ТУ-154 ұшағымен келе жатқан Өзбекстан Республикасының екі азаматын ұстады.
«Ұсталған әйелдердің жүгін тексеру барысында олардың киім-кешектерінің арасынан, сөмкелердің қалтасынан, күнбағыс тұқымының орамасынан, пішен салынған дорбалардан, чемоданның сабынан, тіс борының құтысынан және кәмпиттердің ішінен сары түсті металдан жасалған, салмағы 1 кг 328 г болатын әшекейлік зергерлік бұйымдар табылып тәркіленді», — деп хабарлайды баспасөз қызметі. Кеденшілердің түсініктемесіне сәйкес, детектордың көмегімен бағалы металл бұйымдардың 585-ші сынамалы алтын заттар екені анықталды.