Жарияланды: 840

Тараздағы әскери бөлімшеде болған төтенше оқиғаға қатысушы екі офицер де қайтыс болуға байланысты қылмыстық іс қозғалмайды - Тараз гарнизоны прокурорының орынбасары

Мамырдың 6-сынан 7-сіне қараған түні подполковникке қаратып табельді қарудан оқ атып, соңынан өзін-өзі өлтіруге әрекет жасаған капитан Мұрат Мұқашев Тараз әскери госпиталында қайтыс болды. Бұл туралы KZ-today тілшісіне Тараз гарнизоны әскери прокурорының орынбасары Әубәкір Қалдыбеков хабарлады.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, оқыс оқиға Таразда орналасқан 85395 әскери бөлімшеде мамырдың 6-сынан 7-сіне қараған түні болған. Тергеу мәліметтеріне сүйенсек, бөлімшеге тексеруге келген подполковник Қанат Арықбаев жауынгерлік кезекшілікте отырған капитанға қателіктерін санамалап берсе керек. Бұдан кейін подполковник пен капитан бөлмеде жеке қалған . Кейінірек бөлмеге кіріп келген қызметтестері еденде жараланып жатқан подполковникті көреді. Оны көтеріп алуға әрекеттенген капитан өз-өзін қақ шекеден атып жіберген. Екі офицер де ауыр ахуалда әскери госпитальға жеткізілді. 10-мамырда кешкі сағат 17 шамасында подполковник қайтыс болды. Капитан Мұқашев те 15-мамыр, сенбіде әскери госпитальда көз жұмды. Ә.Қалдыбековтың айтуынша, әскери бөлімшеде болған төтенше оқиғаға қатысушы екі офицер де қайтыс болғандықтан, оған қатысты қылмыстық іс қозғалмайды. Алайда, бұл оқиға бойынша жете тергеу мақсатындағы тексерулер жалғасып, қайтыс болған әскерилердің мәйітіне сот-медициналық сараптама жүргізілуде. Тексерулер мен сараптама қорытындысы мамыр айының аяғында дайын болады,- деді прокурордың орынбасары.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін