Тимұр Құлыбаев Жақсылық Үшкемпіровтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты - kaz.caravan.kz
  • $ 487.44
  • 567.38
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Тимұр Құлыбаев Жақсылық Үшкемпіровтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты

Тимұр Құлыбаев Жақсылық Үшкемпіровтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты

Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитетінің президенті Тимұр Құлыбаев Олимпиада чемпионы, даңқты балуан Жақсылық Үшкемпіровтың отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

  • 2 Тамыз 2020
  • 35
Фото - Caravan.kz

«Қазақстан Республикасы Ұлттық Олимпиадалық комитетінің, еліміздегі барша спорттық қоғамдастықтың және жеке өз атымнан даңқты балуан, Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіровтің өмірден өтуіне байланысты қайғыра көңіл айтамын.

Қазақ спорты ауыр қазаға ұшырады. Грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров көз жұмды. Санаулы күндер бұрын біз даңқты балуанның Мәскеудегі тарихи жеңісінің 40 жылдығын ел болып атап өткен едік. Өкінішке қарай, қазақ спортының ақсақалы бүгін арамызда жоқ.

Жақсылық Әмірәліұлы елге сыйлы, саналы ғұмырын спортқа арнаған ең құрметті тұлғалардың бірі болды. Оның спортқа деген махаббаты шексіз еді. Спорттық мансабын аяқтағаннан кейін де әрдайым балуандардың жанынан табылып, отандық спортты дамытуға күш салды.

Ол тұңғыш Олимпиада чемпионы ретінде көпке тірек бола білді. Оның қолдауы, кәсіби шеберлігі және спортқа деген сүйіспеншілігінің арқасында отандық балуандар әлемдік аренада үлкен жетістікке жетіп, ел намысын абыроймен қорғады.

Жақсылық Әмірәліұлы қазақ балуандары арасынан алғаш болып КСРО чемпионатында көзге түсіп, кейін Мәскеудегі Олимпиада ойындарында топ жарды. Ол әлем және Еуропа чемпионаттарында жеңіске жетіп, жүлдеге ілінген санаулы балуанның көш басында тұр. Жақсылық Үшкемпіровтің Олимпиададағы тарихи жеңісінен соң талай жас буын күрес залына аяқ басты. Ол барша қазақ балуандарына үлгі болып, спортшыларға рух-жігер сыйлап, алға жетелегенімен есте қалады.

Жақсылық Үшкемпіров талантты спортшыдан бөлек, қолы ашық кәсіпкер ретінде де ел есінде қалды. Ауыл шаруашылығымен айналысқан ол өзі туған ауылды көркейтуге үлес қосып, түрлі қайырымдылық шараларын ұйымдастырып, балалар спортының дамуына атсалысты. Біз оны даңқты балуан ғана емес, өз елінің нағыз патриоты әрі іскер азамат ретінде танимыз.


Еліміздегі спорт қоғамдастығы Олимпиада чемпионының қазасын ауыр қабылдады. Спортқа бар өмірін арнағанЖақсылық Үшкемпіровтің жарқын бейнесі мәңгі есімізде сақталады. Марқұмның жатқан жері жайлы, иманы саламат болсын!

Тимур Құлыбаев»