Жарияланды: 20

Тоқаев алғаш рет үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді

Тоқаев алғаш рет үкіметтің кеңейтілген отырысын өткізеді Сурет - Sputnik Қазақстан

Үкімет мүшелері мен әкімдер қарапайым заттар экономикасы мәселелерін талқылайды

Келесі аптаның басында Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Министрлер кабинетінің бүгінгі отырысында "қарапайым заттар экономикасын" дамыту аясында отандық тауарларды арттыру мәселесі қаралды. Мінбеге "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметов шығып, осы саладағы кемшіліктерді атады. Оның сөзіне қарағанда, жергілікті жерде мемлекеттік сатып алулар кезінде қажетті тауарларды бір қолдан сатып алу жағдайлары әлі де көп. Ол тауарлар екі есе қымбат бағаға сатып алынады. Ал құрылыс саласының бір жылдық айналымы – 1,4 триллион теңге. Өкінішке қарай, осы ақшаға сатып алынатын құрылыс заттарының 80 проценті шетелден келіп отыр.

"Сосын әкімдіктер жобалық-сметалық құжаттарды ресми сайттарына жариялауы тиіс. Алайда осы құжаттардың тек 53 проценті ғана ашық тұр. Осы мәселені де қолға алуды сұраймыз. Мысалы, келесі слайдтан қай облыстардың кемшілігі бар екенін көруге болады. Олар – Қызылорда, Маңғыстау, Павлодар, Қостанай, Батыс Қазақстан облыстарында, сосын Нұр-Сұлтан қаласында құрылыс заттарын сатып алу төмен", -  деді Мырзахметов.

Палата басшысы басқа да мәселелерді ортаға салды. 

Осы кезде премьер-министр Асқар Мамин оның сөзін бөліп, келесі аптада аталған мәселенің үкіметтің кеңейтілген отырысында қаралатынын жеткізді.    

"Келесі дүйсенбі күні (15 шілде – Sputnik) мемлекет басшысының төрағалығымен үкімет отырысы болады. Осы мәселені тағы талқылаймыз. Әкімдер осы мәселе бойынша есеп беруге дайын болыңыздар", - деді Мамин үкіметтің бүгінгі отырысында.

Айта кетсек, бұл Қазақстанның екінші президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өтетін үкіметтің алғашқы кеңейтілген отырысы. 


 

 


 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін