Жарияланды: 410

Туристер Алматыны аралап қана қоймай, мерекелік шараларға да қатысады

Қала күні қарсаңында шетелдік қонақтарға арналған тиімді жоба! Енді Алматыға келген туристер қаланы аралап қана қоймай, мерекелік шараларға да қатысады. Бұған қоса, оңтүстік астананың тарихымен кеңінен таныса алады. Мұндай мүмкіндік беріп отырған «Almaty City Tour» компаниясы. Жыл сайын ұйымдастырылатын айтулы шара қаладағы туризмді дамытуға мол үлес қосып келеді.

Қала қонақтарын қызметкерлер осылай жылы жүзбен қарсы алады. Оларды тасымалдайтын «Almaty City Tour» компаниясы барлық жағдайды жасаған. Тіпті, туристерге арнайы демалыс орындарына жеңілдіктер де қарастырылған. Әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар қаланың көркіне де, көрсетілген қызметке де дән риза.

Диппак Пахауах, турист (Үндістан):

-  Бұл менің Қазақстанға, жалпы Орталық Азияға алғашқы сапарым. Мұнда келгеніме өкінбеймін. Алматы мен ойлағаннан да үлкен екен. Әсіресе, Үлкен Алматы өзені ерекше ұнады. Жалпы, қаланың табиғаты керемет. Бұл өте әдемі қала.

Шетелдік азаматтар арнайы ұйымдастырылған экскурсия аясында Алматының тарихи-мәдени ошақтарын түгелдей аралайды. Кез-келген тілде сөйлейтін қызметкерлер келген қонақтарды қала күніне қарсы өтетін шаралар туралы құлақтандырады. Екі күнге созылған экскурсиядан кейін олар мерекелік кештерге қатысуға мүмкіндік алады.

Антон Митин, Almaty City Tour компаниясының директоры:

- Біз қала күні аясында өтетін экскурсия кезінде үлкен жеңілдіктер жасаймыз. Мәселен, жоғары сапалы қонақүйге 40 пайыз жеңілдік беріледі. Мұражайлар мен демалыс орындарына арналған жеңілдік купондары да бар. Біз ұсынған қызмет арзан әрі сапалы.

Айтулы шара қаладағы туризмді дамытуға мол үлес қосуда. Жобаның басты мақсаты да сол, қазақ жеріне туристерді барынша тарту. Экскурсиялық жоба жыл сайын Алматы күні қарсаңында ұйымдастырылады. Енді ол  қыркүйектің отызына дейін жалғаспақ. 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін