Жарияланды: 940

Түркия Республикасындағы Қазақстан елшілігінде "Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына" орай мерекелік шаралар өтті

"Ұлыстың ұлы күні - Наурыз мейрамына" орай, 22 наурызда Қазақстан Республикасының Түркия Республикасындағы елшілігінде мерекелік шаралар өтті.

Бұл туралы KZ-today тілшісіне Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің баспасөз қызметінен хабарлады. Атап айтқанда, Анкарадағы ҚР елшілігінде ұлттық ән-би топтарының концерттік бағдарламасымен өрнектелген мерекелік қабылдау болды. Сонымен қатар, Қазақстанның оңды имиджін насихаттау мақсатында "Қазақстан - ортақ отанымыз" атты айдармен фото-көрме, Қазақстан жөніндегі "Даналық дауысы", "Қазақстан - Еуразия кіндігі", "Қазақстан. Өрлеу" және т.б. деректі фильмдер көрсетіліп, келген қонақтарға Елбасы Н.Назарбаевтың "Сындарлы 10 жыл", "Нық сеніммен болашаққа", "Қазақстан - Орта Азияның інжу-маржаны", "Қазақстанның мемлекеттік саясаты" және т.б. еңбектері және Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелері жөніндегі ақпараттық кітапшалар, "Астана - өмір әуені" фото-альбом кітабы, сондай-ақ Қазақстанның мемлекет болып қалыптасуының негізгі тарихи кезеңдері мен әлемдік қауымдастық тарапынан танылуы жөніндегі компакт-дисктер сый-сияпат ретінде таратылды. Мерекелік шараға Түркияның жоғары мемлекеттік лауазым иелері, дипломатиялық өкілдік басшылары, қазақ қандастарымыз, танымал зиялы және іскер топтың, алдыңғы қатарлы БАҚ өкілдері қатысты. Елшілікке Премьер-министр Режеп Таийп Ердоғаннан, премьер-министрдің орынбасарлары Абдуллатиф Шенер, Мехмет Али Шахиннен, әділет, қорғаныс, білім, мәдениет министрлерінен және басқа да жоғары лауазымды адамдардан құттықтау жеделхаттары келіп түсті. ТР Премьер-министрі Р.Т.Ердоған өзінің құттықтау хатында елшілік қызметкерлерін шын жүректен құттықтай отырып, "Наурыз мейрамы" бүкіл түрік тілдес халықтардың ортақ мәдени мирасы екенін, оның бейбітшілік пен үйлесімнің нышаны және әлем халықтарының достығының нығаюында маңызды үлесі бар мейрам екенін атап өтті. Қазақстан Республикасының Түркиядағы Елшісі Аманжол Жанқұлиев өзінің құттықтау сөзінде "Наурыз мейрамы" Қазақстан халқы үшін көктем, еңбек және бірлік мерекесі екенін атап өтті. Қазіргі кезде "Наурыз" 130 ұлттан тұратын Қазақтанның әрбір өкілі үшін ортақ маңызға ие. Аталған мейрам қазіргі заман талаптарына үйлесе отырып, қоғамдағы тұрақтылық, достық пен келісімнің нығаюына маңызды үлес қосуда. Сондай-ақ, Түркияда оқып жатқан Қазақстандық студенттер арасында "Наурыз кубогы" үшін бірқатар спорттық сайыстар ұйымдастырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін