Жарияланды: 420

Үкімет басшысы Сарышаған сынақ алаңындағы нысандар жұмысымен танысу үшін Приозерскге барды

ҚР үкімет басшысы Даниал Ахметов бастаған үкімет өкілдері бүгін, 22- тамыз күні 11 сағат 50 минутта Приозерск қаласына барды. Әуежайда өкілдерді Қарағанды облысының әкімі Камалтин Мұхамеджанов қарсы алды,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Өкілдер Приозерск қаласында бірнеше сағат аялдайды. Үкімет басшысы мұнда Сарышаған сынақ алаңындағы бірқатар нысандардың жұмысымен танысады. Премьер-министр "Камбала" әуежайындағы әскери-техникалық кешенді аралап, зымырандарды алыс және таяу қашықтықтан қармап алу кешендерін дайындау нысандарымен танысады. Сынақ алаңындағы нысандарды аралайтын үкімет басшысы Даниал Ахметовпен Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің генерал-майоры, "Сарышаған" полигонының бастығы Вилор Матлашов бірге жүреді. Атап айтсақ, Д.Ахметов МиГ-31 ұшақтарына арналған ангарды аралап көреді. Сондай-ақ, үкіметтік өкілдер әуеден қорғаныс күштері орталығының жұмысымен танысу үшін "қауіп-қатер нысаны" деп аталатын орталықта болады. Сондай-ақ, үкімет басшысы радиоэлектроника және байланыс орталығының командалық бөлімшесінің іс-қызметімен көзбе-көз танысады деп жоспарланған. Түстен кейін үкімет басшысы Ақтөбеге ұшып кетеді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін