Биыл «Ақтөбе» клубына қазынадан 2 млрд теңге бөлініпті. Бірақ оның тең жартысы бұған дейінгі берешекті өтеуге және клубтан кететін спортшылардың қосымша жалақысына берілмекші. Сөйтіп, қымбат ойыншылармен қош айтысып, жергілікті футболшыларды командаға тартып жатыр.
Дмитрий Васильев «Ақтөбе» ФК бас директоры:
—Қазір ең мықты футболшының айлық жалақысы 3млн теңгеден аспауы керек. Бұл шектеу, әрине, келіссөз жүргізген кезде қол-аяғымызды байлап отыр. Бюджетіміз осылай есептелген. Енді атақты футболшыларды шақыра алмаймыз, бірақ жақсы ойнай алатын спортшы іздейміз.
Бұған дейінгі басшылар клубтың қаржысын оңды-солды шашып келген. Шеттен келген легионерлерге айына 70 мың доллардан төлепті. Ең сорақысы командаға жетекшілік еткен аймақтың ревизиялық комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы «Ақтөбе» клубының қарызына көз жұма қараған. Шенеунік өткен айда осы үшін облыс әкімінен де ұрыс естіген болатын.
Бердібек Сапарбаев, Ақтөбе облысының әкімі:
-Сіз ревизиялық комиссияны басқарып отырсыз. Білікті қаржыгер бола тұра «Ақтөбе» клубының соңғы бес жыл бойы шығынға батып келгенін қалай білмегенсіз?56 миллион теңге қарыз қазір 460 миллион теңгеге жеткен. Неліктен шара қолданбадыңыз?
Енді осы қарыз кесірінен жақында ғана тағайындалған клубтың директоры ақшаны жеткізе алмай басы қатып отыр. Оған қоса орталық стадионды да клубтың меншігіне қосып бермекші. Енді пайда табу үшін жанкүйерлерге билетті қымбатырақ сатып, ойыншылардың үстіндегі киімдерін арзанға сатып алуға тура келеді.