«Алмаз туризмге» қатысты шағымдар әлі де түсіп жатыр. Қазір Астана мен Алматыны қосқанда, осы компанияның кесірінен опық жеген адам саны ел ішінде 500-ге жеткен. Оның басым бөлігін, әрине, жолдамасы еріксіз күйгендер саны құрайды. Фирма директоры Айнұр Бәкібаева болса, әлі де уәде беруін доғарар емес.
— 1 тамызда ұшуым керек еді. 12 тамыз болды, не өтемақы берген жоқ. Болмаса турымызды ауыстырған жоқ.
Десе де бұл – биылдыққа Қара теңізге жоспарлаған саяхаты орындалусыз қалған қазақ туристерінің бір легі ғана. Шілде айында «Гүлнар турдың» да клиенттерінің де дәл осындай күйге түскен еді. Түркиядағы әуежайда тосылған 1237 турист кейін Үкіметтің көмегімен елге жеткізілді. Қазір қос мекемеге қатысты қылмыстық іс қозғалған.
Ал туризм саласының тізгінін ұстаған мамандар туындаған мәселеге қатысты өз болжамдарын айтуда. Мәселен, саяхат нарығында 30 жылдық тәжірибесі бар Талғат Дайыров «Алмаз туризмнің» қателігі — өзінен» деген пікірде. Яғни турфирма арзан қызметке қатты әуестенген.
Талғат Дайыров, туристік компания директоры:
— Туристерді қалай тартуға болады? Әрине, демпингпен. Біз мамыр айында маниторинг жүргізіп, Түркияға демалысқа барудың биылғы бағасын білген едік. Сол кезде «Алмаз туризм» келісім жасаған ақыны көріп таң қалдық. Ондай баға тіпті Түркияның өзінде де жоқ.
Ал елдегі саяхат нарағының төрттен бір бөлігіне иелік еткен оператор «Гүлнар турдың» құлдырауына чартерлік рейстерді реттей алмауы себеп болған екен. Әйтпесе, ақысын дер кезінде төлесе, Түркия қазақ туристеріне қызмет көрсетуден ешқашан бас тартқан емес. Десе де қос мекеменің күюіне дивальвацияның да әсіре болды деген болжам тағы бар.
Денис Кривошеев, Қазақстан туроператорлары қауымдастығының төрағасы:
— Бұған бірден бір себеп – девальвация. Өйткені фирмалар тапсырысты қаңтар айында жасап қойған. Ал қаңтарда теңге, құнсызданды. Міне, содан каейін барлығы осындай жағдайға тап келіп, опық жеп қалды.
Соңғы шудан кейін ғана есін жиса керек, үкіметтегілер енді туризмге қатысты заңға өзгерту енгізу мәселесін қарастырып жатыр.
Жалғас Балғожин, ҚР Инвестиция және даму министрлігі Индустрия және туризм комитетінің басқарма басшысы:
— Соңғы себептерге байланысты ҚР туристік қызметі және туроператорлар мен турагенттіктердің азаматтық құқықтық жауапкершілігі жөніндегі заңнамаға әрине міндетті түрде өзгертулер енгізу көзделіп жатыр.
— Дәл біздегі жағдай биыл Ресейде де қайталанды. Бұл елде тіпті бірден 6 компанияның құрдымға кетуінен 30 мыңнан аса адам зардап шеккен. Қазір бұл жақтың да туризмге қатысты заңына өзгерту енгізу көзделуде. Дегенмен, көрші елдің туризм саласындағы дау-дамайға сыртқы санкциялар да әсер еткен көрінеді.