Жарияланды: 660

Ұлттық экономикамыздың өткен жылғы дамуы болашаққа деген сенімді нығайта түсті - Н.Назарбаев

Ұлттық экономикамыздың өткен жылғы дамуы болашаққа деген сенімді нығайта түсті - Н.Назарбаев

"Ұлттық экономикамыздың өткен жылғы дамуы болашаққа деген сенімді нығайта түсті". Нұрсұлтан Назарбаев бұл туралы 19-наурызда парламент палаталарының бірлескен отырысында Қазақстан халқына арнаған жолдауында атап көрсетті, деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Мемлекет басшысы "соңғы төрт жылда жалпы ұлттық кірістің жиынтық өсімі 50 процентті құрады" деді. Н.Назарбаев осы орайда былай деп атап көрсетті : "наурыз айының басында Ұлыбританияның айрықша ықпалды басылымдарының бірі "Дэйли телеграф" осы елдегі "Паксуорд Аналитика" компаниясының экономикалық талдауын жариялады. Онда экономикалық бетбұрысы өзгерген мемлекеттер арасынан Қазақстанның ең қарқынды дамып келе жатқан ел екені мойындалған". "Алдын-ала болжам бойынша, республика өзінің жетекшілік ролін биыл да сақтап қалады". Елбасының айтуынша, "2003-жыл - мемлекетіміздің индустриялық-инновациялық даму стартегиясы жүзеге асырыла бастаған алғашқы жыл болмақ. Елімізде өңдеуші салаларды жаңалауға нақты ықпалын жүргізе бастаған даму институттары құрылды. Осыдан екі жыл бұрын ғана құрылған Қазақстан даму банкі қазір жалпы құны 0,5 млрд. долларды құрайтын 20 инвестициялық жобаны қаржыландырып отыр. Инновациялық қор еліміздің тұңғыш ғарыштық жер серігін жасау жобасын қаржыландыруға кірісті. Былтыр бес бірдей мұнайхимиялық кәсіпорнының жұмысы қайтадан жандандырылып, Балхашта мырыш, Атырауда полиэтилен құбырлар өндіретін зауыттар, сондай-ақ, Каспий теңізіндегі мұнай операцияларына инфрақұрылымдық қолдау көрсететін причал салынып, Қостанай дизель зауыты іске қосылды. Жеңіл және азық-түлік өнеркәсібі саласындағы көптеген кәсіпорындарды жаңалау және қайтадан жабдықтау секілді бұрындары мүмкін болмай келген қауырт жұмыстар жүзеге асырылуда". Н.Назарбаевтың пайымдауынша, "тәуелсіздік жылдары аясында тұңғыш рет 2003-жылы өңдеу өнеркәсібі саласының өсу қарқыны шикізат өндіруші саланың өсу қарқынынан асып түсуін оң нышан деп бағалау дұрыс". "Бір ғана машина жасау саласындағы өсу қарқыны 20 процентті құрады". "Агроөнеркәсіптік бағдарламаны жүзеге асыру қолға алынған алғашқы жыл да мәреге жетті. Жыл қорытындысы қауантып отыр",- деді президент. "Агроөнеркәсіптік кешенді мемлекет тарапынан қолдау ауқымы анағұрлым өсті. Өткен жылы бұл салаға 51,5 млрд. теңге бөлінсе, биыл 70 млрд. теңгеден астам қаржы жұмсалмақшы. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен ширек мөлшерге артық. Мал шарашылығы саласында да жақсы табыстарға қол жетті. Бұл салада тұрақты өсім байқалып отыр". Мемлекет басшысы сондай-ақ, "Қазақстан нанға деген жеке сұранысын қамтамасыз етіп қана қоймай, 5 млн. тонна астықты шетелдерге шығарды. Ауылшаруашылығы саласындағы өңдеу көрсеткіші өткен жылы нақты көрсеткіш бойынша 9,5 процентке артты", деп атап көрсетті. "Ең бастысы, шаруалардың материалдық ахуалы әжептәуір жақсарды. Демек, олардың көңіл-күйі көтеріліп, болашаққа деген сенімі арта түсті деген сөз",- деді Н.Назарбаев.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін