Жарияланды: 570

Үш жақты шарт жалдамалы жұмысшылардың мүддесіне сай емес

Қазір жалдамалы жұмысшылардың еңбегін атқарылған жұмысына лайық бағаламау, еңбек жағдайы мен демалысына көңіл бөлмеу, еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етпеу көрініс табуда.

Бұл жайында «Әділет» партиясының төрағасы Мақсұт Нәрікбаев Алматыда бірнеше мекеменің кәсіподағымен әріптестік туралы меморандумға қол қою барысында айтты. Оның айтуынша, мұндай жағдайда бұл сұрақтар кәсіподақтың назарында болып, солардың араласуымен шешіліп отырады. Сол себепті, кәсіподақтар жалпы еңбекшілердің және белгілі бір өндіріс саласы жұмысшыларының, кәсіби мамандардың мүддесін белсенді түрде қорғап отыруы тиіс. Алайда біздің кәсіподақтар осы талаптарға сай емес көрінеді. «Қызметін ресми түрде атқарушы кәсіподақтар, шын мәнісінде жұмыс берушілердің мүддесін көздейді. Олар жасаған «жұмыс беруші - кәсіподақ- үкімет» үш жақты шарты жалдамалы жұмысшылардың мүддесіне сай емес. Сондықтан бізде өндірістің әр саласында еңбек етуші, бірақ кәсіби деңгейі біркелкі мамандар мен қызметкерлердің, жұмысшылардың жалақы көлемін тағайындауда алалаушылық орын алуда», -дейді М.Нәрікбаев. Партия жетекшілері сонымен қатар, мәселенің ушығуына Қазақстанда қоғамдық құрылымның қалыптаса қоймауын да алға тартуда. Оған себеп, тұрғындардың белгілі бір бөлігінің мүддесін қорғаушы институттар әлі де қалыптасу жағдайында қалуда және қоғамдық институттар арасында өз орнын таба алмауы. Ал белгілі бір өндіріс ошақтарында жұмысшылардың мүддесін қорғау үшін құрылған тәуелсіз кәсіподақтарды Үкімет те, жұмыс берушілер де мойындамай келеді. М.Нәрікбаев «Әділет» партиясы кәсіподақтарды азматтық қоғамның маңызды институты деп санайтындығын жеткізді. «Олар жұмысшылардың құқықтарын және әлеуметтік-экономикалық мүдделерін қорғауға, жұмыс берушілер мен жұмысшылардың және мемлекеттің өзара қатынасында әлеуметтік әділеттілік болуына қызмет етеді», -дейді ол.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін