Жарияланды: 40

Вице-министр зейнетақыға көңілі толмай жүргендерге жауап берді

Вице-министр зейнетақыға көңілі толмай жүргендерге жауап берді

Светлана Жақыпова базалық зейнетақыны қайта есептеуде ешқандай кінәрат жоқ дейді.

ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова 1 шілдеден бастап қайта есептелген зейнетақыға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Осы жылдың 1 шілдесінен бастап базалық зейнетақыны төлеу тәртібі өзгергені белгілі. Енді зейнетақының бұл түрі еңбек өтіліне қарай есептелетін болады. Алайда шілде айы басталғалы жаңа ереже бойынша төленген зейнетақыға көңілдері толмайтын қазақстандықтар көбейді. Олар қайта есептеуден кейін зейнетақы мөлшері азайып қалды деп шу көтерді. Журналистер еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрінен осының себебін сұрады.

"Зейнетақыны қайта есептеуден кейін аз алатындар жоқ және болмауы да тиіс. Неге? Өйткені олар бірінші шілдеге дейін біз белгілеген ең төменгі күнкөріс деңгейінің 54 процентін, яғни 15 274 теңге алып келді. 1 шілдеден кейін 15 274 теңгені еңбек өтілі 10 жылдан аз немесе мүлде жоқтары алады. Яғни олар осы сомадан төмен алмауы керек. Егер де өздері есептегеннен аз ақша алып жатқандар болса, бізге нақты фактілерді келтірсеңіздер. Бірақ мұндай болмауы керек. Қайта есептеуде ешқандай кінәрат жоқ", — деді Жақыпова. 

Вице-министр шілде айының басында БАҚ беттерінде тараған ақпаратқа қатысты түсініктеме берді.  

"Шілденің үші-төрті күндері БАҚ беттерінде зейнетақы толық емес, екі  бөлініп келіп жатыр деген ақпарат тарады. Неге бұлай болғанын түсіндірейін. Мәселен, зейнеткердің ең төменгі зейнетақысы 49 мың теңге делік. Оған бірінші 15 мыңдай базалық зейнетақы түседі, ол ойлайды: қайта есептеуден кейін зейнетақымды азайтып тастаған екен ғой деп. Бірақ қалған сома банктің кеш аударуымен келесі күні түседі. Бұлай болуы мүмкін, бірақ ешкім зейнетақысын бұрынғыдан төмен алған жоқ", — деді ол. 

Жақыпова қазір еңбек министрлігі жұмыс берушілердің кесірінен зейнетақысын дұрыс ала алмай жүргендердің мәселесімен айналысып жатқанын айтты.

"Қазір еңбек министрлігінің күн тәртібінде тұрған мәселе – жұмыс берушілердің кесірінен зейнетақы жарнасы уақытылы аударылмаған зейнеткерлер. Жұмыс берушілер зейнетақы жарнасын ай сайын емес, жыл соңында бәрін қосып аудара салған. Бұл мәліметтер базасында бір ай деп есептеледі. Сондықтан, бұған қатысты шағымданып жатқандар бар. Біз оларға қолданыстағы заңнамаға сәйкес, жарна бір айға емес, бір жылға төленгенін растауы керек екенін түсіндіріп жатырмыз. Ол сот шешімін әкелуі тиіс. Егер еңбек кітапшасында зейнеткердің 12 ай жұмыс істегені жазылса, бірақ зейнетақы жарнасы тек бір айда төленсе, онда тиісінше әлгі төлемді 12 айға бөлу керек. Ол үшін үкімет қаулысын, бұйрықты қайта қарау қажеттігін айтып жатырмыз", — деп түсіндірді вице-министр.
 

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін