Жарияланды: 470

Ыстамбұлда Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қатынастардың 20 жылдығына арналған конференция өтті

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігінің ұйымдастыруымен Ыстамбұл қаласында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің және Қазақстан мен Түркия арасындағы екіжақты қатынастардың 20 жылдығына арналған конференция өтті, деп хабарлайды Елшіліктің баспасөз қызметі.

Конференцияға Түркияның мемлекеттік органдарының, қоғамдық және ғылыми-академиялық топтарының, БАҚ өкілдері, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты. Елші Жансейт Түймебаев өз сөзінде Тәуелсіздік алған 20 жыл ішінде Қазақстанның саяси, әлеуметтік-экономикалық, мәдениет және басқа салалардағы жетістіктері, сондай-ақ Түркиямен стратегиялық әріптестік деңгейінде дамып отырған ынтымақтастық туралы баяндады. Түркия өкілдерінің баяндамаларында ҚР Президенті Н.Ә.Назарбаевтың басшылығымен қол жеткізілген Қазақстанның саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалары кеңінен орын алды. Конференцияға қатысушылар Қазақстанның экономикалық даму қарқынына, қоғамды демократиялау және қазіргі заманға сәйкестендіру үдерістеріне жоғары баға берді. Конференция шеңберінде Қазақстан мен Түркия арасындағы достық пен ынтымақтастықты дамыту мен нығайтуға қосқан үлестері үшін Түркияның мемлекеттік қайраткерлері мен іскер топтарының өкілдерін марапаттау салтанатты рәсімі ұйымдастырылды. Олардың арасында Түркияның 8-ші Президенті марқұм Тұрғыт Өзал және оның жұбайы Семра Өзал, бұрынғы туризм министрі Бүлент Акарджы, «Түрік әуе жолдары» әуе компаниясы, «ТРТ» мемлекеттік телерадио компаниясы, Қазақстан-Түркия іскер адамдары қоғамының төрағасы Зеки Пилге және басқалары бар. Президент Тұрғыт Өзалдың марапатын алған Семра Өзал Қазақстанға зор алғысын білдірді және еліміздің жетістіктеріне назар аудара отырып, Т.Өзалдың көзі тірі болғанда Қазақстанның дамуына және бауырлас екі ел арасындағы қарым-қатынастың қазіргі деңгейіне риза болар еді деген пікір білдірді. Іс-шара шеңберінде қазақстандық «Сарын» фольклорлы ансамблі мен «Хас Санат» би тобының концерті ұйымдастырылды.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть