Жарияланды: 540

Заңсыз ақша операцияларының салдарынан мемлекет жыл сайын Қосымша Құн салығы түріндегі 40 млрд. теңгеден астам қаржыдан қағылып отыр - қаржы полициясы

Қаржы полициясыныңы есебі бойынша, ақшаны заңсыз жолмен қолма-қол ақшаға айналдыру операцияларының салдарынан мемлекет жыл сайын Қосымша Құн салығы түріндегі 40 млрд. теңгеден астам қаржыдан қағылып отыр. Бұл туралы бүгін, 30-шілдеде Астанада өткен баспасөз мәслихатында ҚР қаржы полициясы Агенттігінің төрағасы Болатбек Бұлғақбаев мәлімдеді,- деп хабарлайды KZ-today тілшісі.

Осындай аты-шулы істердің қатарында "Модерн плюс" фирмасының қаржылық қитұрқы әрекеттерінің әшкереленуін атауға болады. Бұл фирманың басшылығы жасанды келісім шарттары негізінде АҚШ-қа 2,4 млрд. теңгені асырып жіберген. Б.Бұлғақбаевтың пікірінше, мұндай мәселені шешу үшін "Жекелеген қаржылық операцияларға міндетті түрде мониторинг жүргізу туралы" заңды қабылдап, банк процедураларын егжей-тегжейлеу қажет. Жалпы алғанда, 2003-жылдың 6 айында қаржы полициясы мекемелері 4215 қылмыс әшкерелеген. Нәтижесінде мемлекетке келген 1,8 млрд. теңгенің шығыны анықталып, оның 1,6 млрд. теңгесі өндіріп алынды. Аталмыш қылмыстарды ескергенде, сотқа жіберілген қылмыстық істердің саны 36 процентке артты. Сондай-ақ, қаржы полициясы кәсіпкерлікке кедергі келтіруге бағытталған 28 қылмыстық әрекетке тосқауыл қойды. Бөгденің тауарлық белгісін заңсыз пайдалануға қатысты әшкереленген қылмыстар саны 2,5 есе артты. Б.Бұлғақбаевтың хабарлауынша, сыбайлас жемқорлықпен күресте де айтарлықтай нәтижеге қол жеткізілді. Бұл бағытта ашылған қылмыстар саны 22 процентке артты. Сондай-ақ, лауазымдық құқығын пайдалану және билігін асыра пайдалану арқылы алаяқтық жасауға қатысты әшкереленген қылмыстар саны 3,5 есе артты.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть