Жұрттың төбе шашын тік тұрғызған жағдай Тұрар Рысқұлов ауданындағы Каменка ауылында болды. 7 жастағы Ерасыл мына талға асылған күйде табылған. Оның анасы екінші некеде. Сондықтан шешесімен бірге өгей әкесінің шаңырағында тұрған. Бақилық болған жеткіншектің нағашылары күйеу баланың үйінде ақыл-есінің кемістігі бар туған ағасының жүргенін айтады. Қайғыдан қан жұтқандар енді содан күдіктеніп отыр.
Гүлбақ Шынәсілова, Ерасылдың нағашы әжесі:
—Серік, Серіктен басқа ешкімнен күдіктенбейміз. Қыздың айтысы ол уақытта Берік үйде болған, Серік далада мал жайғап жүрген. Бала бірге жүрген. Өздері де екі сөйлеп отыр.
Екінші сынып оқушысының өлі денесін ең бірінші кім көрді дегенге сан қилы жауаптар айтылуда. Анығы сол, табылған кезде оның іш киімі болмаған. Ал, күдікке ілінген 38 жастағы азамат бұрын психдиспансерге жатып шығыпты. Үш жыл бұрын шаңырақ көтергенімен қазір ажырасып кеткен екен. Бірақ Зәуре Байтақова баласының азғындыққа барғанына сенбейді.
Зәуре Байтақова, Каменка ауылының тұрғыны:
-Ол он минутта ол баланың жұлынын үзіп, басына екі жерден гематома салып, және жаңағыдай тірлік істеп, үлгеріп одан кейін қалай мынаған әкеп іліп қояды 10 минутта. Менің ойымша, малға келген біреулер болды ма, мына жерде неше түрлі алқаштар тұрады.
Зейнеткердің айтуынша, жантүршігерлік оқиғадан соң оның екі баласын күйеуімен қоса тәртіп сақшылары қамап тастаған. Бірақ полицейлер бұл мәліметті жоққа шығарды. Тергеу құпиялығына байланысты оқиғаның жай-жапсары ашық айтылмай жатыр. Белгілісі, жеті жастағы баланы зорлап, тұншықтырып өлтірген. Оны азаптағаны сонша, мойын омыртқасы үзілген. Қазір сот-биолигиялық сараптама тағайындалып, екі бап бойынша тергеу жүріп жатыр.
Дәурен Өмірбеков, Т.Рысқұлов аудандық ІІБ бастығының орынбасары:
-ҚР қылмыстық кодексінің 99-бабы, екінші бөлігі 10-шы және 14-ші тарамақтары, яғни қасақана жасөспірім тұлғаға зорлық-зомбылық әрекеттерімен ұштасқан адамды өлтіру.
Қаныпезердің құрбаны болған жеткіншектің сүйегі өзінің туған әкесіне берілді. Әскери қызметтегі ол тағы бір мәрте шаңырақ көтерген. Ал перзентінен айырылған 29 жастағы келіншек екі баласын ертіп төркініне көшіп кетті.