Жарияланды: 380

Жамбыл облысында әкім мен басшы балабақша қызметкерлеріне мәжбүрлеп ақша жинатқызған

Жамбыл облысында балабақша қызметкерлері аудан басшыларын мәжбүрлеп ақша жинатқызды деп айыптауда. Яғни Тұрар Рысқұлов ауданындағы тәрбиешілер соңғы кездері теңге жинаудан ығыр болыпты. Ал оны тиынына дейін санап жеткізетін мектепке дейінгі мекеменің меңгерушісі екен. Мұндай жемқорлық сипатындағы жаға ұстатарлық деректі тәрбиешілердің өздері мәлімдеді. 

Ашылғанына жыл толмаған «Алтын сақа» балабақшасынан шу шығып жатыр. Мектепке дейінгі мекеме қызметкерлері меңгерушінің былығын әшкерлеуде. Оның әмиянына айналдық деп ашынған наразы топ  жұмысқа ақшамен әрең кіргендерін айтуда.

Толқын Айсерікова,  «Алтын сақа» балабақшасының әдіскері:

- Бұл жақта ақша жинау көп. Не болды? Қазақ хандығына. Қаншадан? Ойбай бес мың. 2300 аудардым, 2700 тағы да. Не болды? Ойбай Районо шляпа сұрап жатыр. Міне тәрбиешілердің көздері тұр. 15 мыңнан жинап алған.

Шу шығарғандар, балабақша меңгерушісі шамадан тыс қызметкерлер қабылдаған деп отыр. Асыра сілтегені сонша штаттық кестеден мамандар саны екі есеге асып кетіпті. Тәрбиешілердің көбейуінен сәйкесінше жалақы да қысқарып қалған. Сорақысы мұндағы бала саны да шамадан артық екен. Тіпті көрпе-төсек жетпей, бір орынға екі баладан таласатын көрінеді. 

Гүлмира Мұқанова, «Алтын сақа» балабақшасының тәрбиешісі:

- Жиырма бала менің тобыма келу керек болса, мен 24 бала асырап отырдым қыстай. Олардың ақшасы кімге төленді сонда? Оны бастық ай ма ай бес мың алды. Меңгерушінің өз қалтасына түсіп отырды.

Басшысының соңына майшам алып түскен тәрбиешілер аудандық білім бөлімі, аудан әкімі мен құзырлы орындарға ұжымның атынан арыз жазған. Тексеріс жүріп, бірталай заң бұзушылықтар анықталғанымен ешқандай шара қолданбады деп отыр. Ал, мектепке дейінгі мекеме меңгерушісі әдеттегідей өзіне шаң жуытар емес.

Алтынкүл Әділова, «Алтын сақа» балабақшасының меңгерушісі:

- Бұл бар ғой тапсырыс. Менің орным біреуге керек болып тұр, болды. Тапсырыс дейсіз бе сонда? Ия. Бес қызды ойландырып отыр. Болды кеттім мен.

Ұжым мен басшы арасындағы айқастың зардабын бүлдіршіндер тартуда. Баланың тәрбиесіне тікелей жауапты мамандар сол бөбектердің көзінше жаға жыртысып жүр. Ал, аудандық білім бөлімінің басшысы қаржы жинау дерегі жалған деп мәлімдеді. Қазір шу шыққан бөбек жай құзырлы орынның қатаң бақылауында.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін