Жамбыл облысында тұрғындар дәретхананы жаптыра алмай жүр - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жамбыл облысында тұрғындар дәретхананы жаптыра алмай жүр

Жамбыл облысында тұрғындар дәретхананы жаптыра алмай жүр

Базармен көрші тұрудың азабы! Жамбыл облысының Тұрар Рысқұлов ауданында бүтін бір көше тұрғындары нәжіс қалдықтарын кешіп жүруге мәжбүр. Иісіне адам шыдай алмайтын лас су сауда орталығының дәретханасынан шығып жатыр екен. Лас қалдық соңғы уақытта тіпті үйлердің ауласына да құйыла бастаған. Ал, жағдайды «бес саусағындай» білетін базар басшысы жұрттың жанайқайына бас ауырпайтын көрінеді. Тіпті шенділердің өздері қалталы кәсіпкерге әмірін жүргізе алмай отыр.

  • 19 Шiлде 2014
  • 501
Фото - Caravan.kz

Қабылкүл Көпбаева, Құлан ауылының тұрғыны:

-Бұл дәртеханадан  шығып жатыр. Орталық базардың. Арнайы құбыр қойып қойған. Сол жерден ағып жатқан боқ-сідігі.

Осылайша тұрғындар танауды тұмшалап үйдегі есік-терезені де қымтап жүруге мәжбүр. Мұнда қолқаны қапқан қолаңса иістен тыныс алу мүмкін емес. Жағымсыз иіс бір емес, бірнеше көшені жайлап кеткен көрінеді. Және бұл жағдай үш айдан бері қайталанып жатыр екен.

Аманкүл Қалдыбаева, Құлан ауылының тұрғыны:

-Ағып жатқан су көл-дария. Бәрі базардың дәретханасынан шығып жатыр. Осы көшемен жүреміз бәріміз. Бетіндегі суы аздай, қоюы жиналып көкпеңбек болып жатыр .

Иісімен атағы шыққан көшедегі үйлердің ауласында да нәжіс суынан аяқ алып жүре алмайсыз. Соның кесірінен адамнан шыққан қалдықты, адамның өзі басып жүруден басқа амал жоқ. Жұрт болып жұмылып дәрет аққан арнаны бөгеп көргенімен нәтиже шығара алмаған. Ал, бұқараның базынасына базар басшысы қолын бір-ақ сілтепті. 


Айнагүл Сүйінбаева, Құлан ауылының тұрғыны:

-Қарапайым халықты тыңдамайды. «Ауызыңды жап» деп ұрысып тастайды. Айта алмаймыз ол кісіге. Әкімге барсаң біздің әліміз келмейді дейді.

Бұл жолы да кәсіпкер елдің алдына шығып жағдайды түсіндіруге жарымады. Ұшты-күйлі жоғалып кеткен басшыны ауыл әкімінің өзі де алдына келтіре алмады. Тек, телефонмен тілдесті. 

Арман Мамырбеков, Құлан ауылының әкімі:

-Сіздер шақырған кезде ол кісі бола алмады. Телефонмен сөйлескенде сыртта жүргендігін айтты. Ертең түске дейін бәрін жөнге келтіремін деп уәдесін берді. Сол уәденің үдесінен шығады деп ойлаймыз.

Айта берсе ағайынның арызы көп. Кәсіпкердің көрсеткен құқайы бұл ғана емес екен. Дүкен салып бір көшенің жолын да бөгеп тастапты. Соның кесірінен жұрт бірнеше шақырымды артық жүріп, айналып өте бастаған.