Жарияланды: 680

Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен зардап шеккен ауданда барлық 16 мектеп пайдалануға берілді

Жамбыл облысындағы жер сілкінісінен зардап шеккен Тұрар Рысқұлов атындағы ауданда 1-қыркүйек қарсаңында 11 елді мекендегі барлық 16 мектеп пайдалануға берілді. Луговая бекеті мен Абай және Қазақ ауылдарындағы үш мектеп жаңадан салынса, басқа мектеп ғимараттарына сейсмологиялық нығайту жүргізіліп, күрделі жөндеу жасалды. Бұл туралы Луговая бекетіндегі М.Горький атындағы мектептің салтанатты ашылуында Жамбыл облысының әкімі Серік Үмбетов

хабарлады. Ол зілзаладан зардап шеккен аудандағы тұрғын үйлер мен мәдени-тұрмыстық нысандарды қалпына келтіруде "Қазақстан темір жолы" және "ҚазақМұнайГаз" ұлттық компанияларының қосқан зор үлесін жоғары бағалады. Оның айтуынша, "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясы жоғарыда аталған 1200 орынды мектепті салу, тағы бір 800 орынды мектепті күрделі жөндеуден өткізу және Луговая бекетінде 302 пәтер салу, 450 үйді ағымдағы жөндеуден өткізу, вокзал құрылысы мен байланыс торабының жұмысын қалпына келтіру мақсаттарына 2,5 млрд. теңге жұмсаған. Өз кезегінде "ҚазақМұнайГаз" ұлттық компаниясының салалық бөлімшесі болып табылатын "Қазтрансойл" және "ҚазТрансГаз" ЖАҚ Абай және Қазақ ауылдарындағы 500 және 250 орынды екі мектепті салу мен Құлан ауылындағы үш мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 500 млн. теңге бөлген. Ұлттық компаниялардың қаржысымен қатар тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстарына республикалық бюджеттен бөлінген 4,8 млрд. теңге мен 593 млн. теңгені құрайтын қайырымдылық қаржысы пайдаланылуда. Құлан ауылындағы тұрғын үйлерді қалпына келтіру жөніндегі штабтың баспасөз орталығынан хабарлауынша, бүгінде салынып жатқан 2662 үйдің 662-сі , сондай-ақ, күрделі жөндеуден өткізілетін 4840 үйдің 1437-сі пайдаланылуға берілді.

Пікір қалдырыңыз

Пікір қалдыру тіркелген пайдаланушылар ғана мүмкін

Закрыть