Бүгінде Қор Елбасының адами капиталдың бәсекеге қабілетін арттыруға және қазақстандық жаңа ұрпақтың қалыптасуы жөніндегі идеяларын жүзеге асырып келеді. 1 желтоқсан – ҚР Тұңғыш Президенті күні қарсаңында Н. Назарбаев қоры қандай жобаларды жүргізіп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Жас қазақстандық ұрпақты қолдау
Аталған қор жұмысы талантты жастарды қолдауға, әлеуметтік жобалар мен азаматтық бастамаларды және бәсекеге қабілетті сараптамалық-талдау орталығын дамытуға бағытталған. Мысалы, «Қамқорлық» бағыты инклюзивтік қоғамды дамытуды көздейді, оның мақсаты – жасына қарамастан барлық азаматтар үшін тең жағдайлар мен тең мүмкіндіктер жасау. Аталған бастама аясында ел өңірлерінде балаларды оңалту орталықтары мен мектептер жанынан инклюзияны қолдау кабинеттері ашылып келеді.
«Қазіргі уақытта Тұңғыш Президент қоры Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Жамбыл, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласында 8 орталық ашты. Жыл соңына дейін тағы 10 орталық өз есігін ашады. Мұнда балалар емдеу және оңалту курстарынан тегін өтеді. Олармен тәжірибелі мамандар – логопедтер, дефектологтар, эрготерапевтер және басқа да мамандар айналысады. Жалпы бұл бастама жылына 5 000 баланы оңалтуға мүмкіндік береді. Жаңа 8 орталық жұмысының нәтижесінде церебралды сал ауруы бар балалардың оңалту жұмыстарымен қамтылуы 20%-ға көбейген. Дәрігерлердің көмегімен алғашқы сөздерді айта бастаған, алғашқы қадамдарын жасаған бақытты балалар, баласының жетістіктерін көрген қуанышты аналар – орталықтардың жұмысының басты нәтижесі», — деп атап өтті Тұңғыш Президент қорының баспасөз қызметі.
El Úmiti зейінді мектеп оқушыларын табады
Елбасының екінші жаңа бастамасы El Úmiti деп аталады. Оның мақсаты – жақын болашақта еліміздегі түрлі салаларда кәсіби элитаға енуі тиіс талантты жас қазақстандықтарды іздестіру және қолдау көрсету.
Бұл бастама аясында Н. Назарбаев қоры Қазақстан Үкіметімен тығыз ынтымақтастықта бірнеше білім беру жобаларын іске асырады. Солардың бірі – «Myń bala» олимпиадасы. Олимпиада ауылдық жерлердегі қабілетті балаларды қолдауға бағытталған және оған 5 және 6-сынып оқушылары қатыса алады. Екі жыл ішінде олимпиада ауыл мектептерінің 400 мыңнан астам оқушысын қамтыған. Биыл «Myń bala» олимпиадасы алғаш рет онлайн форматта өткізілді. Нәтижесінде тағы мыңға жуық қабілетті ауыл оқушылары еліміздің дарынды балаларға арналған жетекші мектептерінде оқуға мүмкіндік алды.
Сонымен бірге, El Úmiti бастамасының тағы бір сәтті жобасы «Елбасы медалі» болды. Бүгінде ол жастарды кешенді дамытуға бағытталған ұлттық деңгейдегі жалғыз бағдарлама болып отыр. Оған қатысқан жастар өз уақытын басқаруды, алдына мақсат қоюды, салауатты өмір салтын ұстануды және үнемі өздерін дамытуды үйренеді.
«2020 жылы «Елбасы медалі» бағдарламасы 11 мыңнан астам қатысушыны, 600 тәлімгерді, 17 өңірлік үйлестірушілер мен сарапшыларды қамтыған. Елбасы медалінің иегерлері заңда белгіленген тәртіп бойынша білім беру гранттарын беру кезінде артықшылыққа ие болады. Биылғы жоба 11 мыңға жуық белсенді жастармен бірге жалғасуда», — деп хабарлады Тұңғыш Президент қоры.
Таланттыларға жол
«Қор мыңдаған жастарға «өмірлік жолдама» беріп, олардың дамуына жаңа мүмкіндіктер ашты, жастардың жобаларын ілгерілетіп, идеяларын жүзеге асыруға көмектесті. Жыл сайын Қазақстанның 80-нен астам үздік студенттері қордың атаулы стипендияларын алды. Еліміздің 100-ден астам ақын-жазушылары жыл сайын республикалық «Алтын тобылғы» әдеби байқауына қатысады. Ал шығармашылық жобаларды қолдауға арналған гранттар байқауы жастардың өзін-өзі дамытуының тағы бір мүмкіндігі болды», — дейді Нұрсұлтан Назарбаев қоры.
Қордың жаңа цифрлық сервистерді дамытуға, жас IT-мамандарды қолдауға бағытталған жобалары да өз тиімділігін көрсетті. «Smart Zholy» бағдарламасының жеңімпаздары өз жобаларын халықаралық деңгейде ұсынды, ал Intellection, Webtotem, Nommi стартаптары Азияның үздік 10 жобасының қатарына еніп, Азияның жетекші венчурлық қорынан қаржыландыру алған.
Қордың маңызды жобаларының бірі – әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесі болды. Бүгінде бұл жәрмеңке – үкіметтік емес ұйымдардың қарқынды өзара іс-қимылы үшін ауқымды, тұрақты жұмыс істейтін алаңға айналды. 2008 жылдан бастап әлеуметтік идеялар мен жобалар жәрмеңкесіне 15 000-ға жуық түрлі ұйымдар қатысқан. Нұрсұлтан Назарбаев қоры 300-ден астам жобаға гранттық қолдау көрсеткен.
Жаһандық деңгейдегі ынтымақтастық
«Қор үшін жаһандық бейбітшілік пен келісім құндылықтарын нығайту саласындағы халықаралық ынтымақтастық әрдайым маңызды. Осыған байланысты бұл қызметтің идеологиялық негізгі бағыты – қазіргі кезеңде планетаның дамуы туралы Елбасы философиясы. Қор көптеген жылдар бойы шетелдік серіктестермен ынтымақтастықты нығайтып келеді», — деп атап өтті қор.
Қордың хабарлауынша, Гейдар Әлиев қорымен (Әзірбайжан), Гои бейбітшілік қорымен (Жапония), Конрад Аденауэр қорымен (Германия) және басқалармен достық қарым-қатынас орнатылған. Халықаралық саясаттың өзекті тақырыптары – жаһандық қауіпсіздік, жергілікті дағдарыстар, экономика, жаңа сын-тегеуріндерді талқылау бойынша танымал сарапшылардың, саясаттанушылардың және экономистердің ауқымды диалог алаңдары ұйымдастырылуда. Бұған беделді «Astana club» халықаралық пікірталас клубының қызметі, көптеген конференциялардың жұмысы бағытталған.
Нұрсұлтан Назарбаев қоры хабарлағандай, ұйым басқа нысандармен серіктестігін үнемі кеңейтіп отырады, жастардың әлеуетін ашуға және қоғамдағы рухани, мәдени құндылықтарды нығайтуға көмектесіп, жұмыстың жаңа бағыттарын жүзеге асырады.