Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты адам өлтіру және сүйіктісін тонады деп айыпталған 2002 жылы туған Владислав А.-ға қатысты істі қарауды аяқтады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Айыптау актісінде көрсетілгендей, 2026 жылдың 4 ақпанында сағат 21:32 мен 23:30 аралығында Владислав сүйіктісі Яна тұратын пәтерде оның тыныс алу жолдарын қолымен әдейі жауып, салдарынан жәбірленушіге ауа жетпей қалған. Ол оқиға орнында механикалық асфиксия салдарынан көз жұмған.
Осыдан кейін Владислав марқұмға тиесілі «iPhone 13» ұялы телефонын алып, құпиясөзін білгендіктен оның банк қосымшасына кірген. Кейін жәбірленушінің шотынан 204 мың теңгені аударып, пәтерден кетіп қалған.
Сот отырысында сотталушы өзіне тағылған айыпты ішінара мойындап, Янамен осы жылдың қаңтар айында интернет арқылы танысқанын айтты. Кейін олар сөйлесіп, кездесіп, алкоголь ішімдіктерін ішкен және интимдік қарым-қатынаста болған.
Оның айтуынша, жыныстық қатынас кезінде екеуі өзара келісіммен тұншықтыру әрекетін қолданған. Сотталушы мұны сезімді күшейту үшін жасағандарын жеткізді.
Оқиға болған күні де олар кездесіп, бірнеше кафе мен барға барып, алкоголь ішімдіктерін ішкен. Кейін Яна үйіне барып, жақын қарым-қатынаста болған. Сотталушының сөзінше, ол бұрынғыдай эмоцияға беріліп, қызды тұншықтыра бастаған, ал Яна бұған келісім берген.
Жыныстық қатынас аяқталғаннан кейін ол қыздың қимылсыз жатқанын байқаған. Оны есін жиғызуға тырысқанымен, еш нәтиже болмаған. Осыдан кейін қатты абдырап, не істерін білмей қалғанын айтты.
Ол Таразға кетуге шешім қабылдап, Янаға тиесілі ұялы телефонды алған. Банк қосымшасына кіріп, оның шотындағы барлық ақшаны досының есепшотына аударған. Кейін такси шақырып, барға барған. Түнгі сағат екілер шамасында бар қызметкері оны үйіне жіберген. Келесі күні Таразға қарай жолға шыққанымен, жолда полиция қызметкерлері оны ұстаған.
Сотталушы адам өлтіруге ниеті болмағанын, оқиға абайсызда болғанын алға тартты. Ал ақшаны басқа қалаға кету үшін алғанын айтты. Оның сөзінше, екеуінің арасында ешқандай араздық болмаған. Ұрлық жасағанын толық мойындады.
Марқұмның әпкесі азаматтық талап арыз беріп, сот оны 6 миллион теңге көлемінде қанағаттандырды.
Сот үкімімен Владислав А. 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.