Студент 11 жұп 5 айдың ішінде конькиде көркем сырғанауды үйреніп, шоу жасады. Жастарды жұмылдырған ортақ мақсат — аз қамтылған отбасыларға жеке тұрғын үйлерді газдандыруға қаражат жинау, деп жазады Caravan.kz медиа-порталы.
Жастарды бес ай бойы жаттықтырушы – спорт шебері, Қазақстан чемпионы, Азия жарыстарының чемпионы Регина Глазман дайындаған.
Жастар әрекетін қолдап, билет сатып алып, «Жастар таза ауа үшін» қайырымдылық акциясына белсене қатысқан көрермендер де табылды.
"Бұл жобаның тарихы ұзақ, пандемия жағдайларына байланысты, жобаны 2 жылға тоқтата тұруға тура келді, ал бүгінгі 10 жылдық мерейтойлық шоумен жалғасын тапқанына қуаныштымыз. Бұдан кейін жыл сайын осы әлеуметтік маңызы бар шараға жастарды тарта отырып, әрі қарай жалғастыруды жоспарлап отырмыз", — деді Алматы қалалық Әйелдер күштері альянсы төрағасының орынбасары Әлия Ахмеджанова.
"Жауапты азаматтық қоғамды қалыптастыруға көмектесетін әлеуметтік маңызы бар осындай жастар бастамасына үлес қосу мүмкіндігіне ие болғаныма қуаныштымын, бұдан кейін де жастар бастамасының қолдаушысы болуға қуана келісеміз", — деді ҚАТОЭ төрайымы Әсел Садықова.
Әр қатысушы мұз айдынына шықпас бұрын олардың дайындық барысы түсірілген сюжет арнайы экраннан көрсетілді. Бүгінгі нәтиже оңай келмегенін байқауға болады. Кәсіби спортшы болмағандықтан студенттердің мұз айдынында шоу жапап, дайындалуы оңай болған жоқ. Көп тер төгуге тура келген.
"Дайындықтың екінші айынан бастап бойымыз үйрене бастады. Дайындық барысында мұзға талай рет құлаған да, ұрсысып-татуласқан да сәттер болды. Шоу келген көрерменге ұнайды деп ойлаймыз. Оқу орындарымыз бізді мақтаныш етеді деген үміттеміз. Бастысы еңбегіміз үшін біз өзімізге дән ризамыз" дейді жоба қатысушысы Алматы менеджмент университетінің студенті Дана Бакаева.
Жарты жылға жуық әзірлік пен сол аралықтағы қиындықтар бір-ақ сәтте ұмыт болып, өз нәтижесін берді. Жарысты Аватар кейіпкерлерін сомдаған жұп Урсула Теңелбай мен Дидар Батырбеков топ жарды. Ал, екінші орынды Камилла Ибраева мен Мирас Ахан, үшінші орынды Санди Амангелді мен Кирсина Құлмағанбетов иемденді.
Көмірді жағудан ауаның ластануы адам денсаулығына үлкен экологиялық қауіп төндіреді. 2019 жылы Алматы әлемдегі экологиялық қауіпті 100 қаланың қатарына кіріп, 95-ші орынға табан тіреген.