Жоғалған цезийді тапқан қызылордалық таксиші 1,5 миллион теңге сыйақы алды - kaz.caravan.kz
  • $ 487.01
  • 557.87
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
23 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жоғалған  цезийді тапқан  қызылордалық таксиші 1,5 миллион теңге сыйақы алды

Жоғалған цезийді тапқан қызылордалық таксиші 1,5 миллион теңге сыйақы алды

Цезий табылып, тергеу жалғасуда. Екі облыстың полицейлері мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері қауіпті цезийдің қалай жоғалуын ғана емес, табылуының да жай-жапсарын анықтауда. Қауіпті құты осыдан 10 күн бұрын Маңғыстауда  жоғалып, сенбі күні Қызылордадан табылған болатын. Ақпаратты құзырлы орындарға жергілікті такси жүргізушісі көрсетіпті. Уәде етілген сыйақы оған төленеді. Ал тасымалдаушы компания енді лизенциясынан айырылуы мүмкін.

  • 9 Қыркүйек 2014
  • 399
Фото - Caravan.kz

Маңғыстаудан іздеген зат Қызылордадан табылды. Радиоактивті затқа толы контейнердің қайда екендігін анықтауға шиелілік таксиші көмектескен. Бір жолаушының КАМАЗ-дағы қауіпті құтыны көргені туралы естіген ол мұны құзырлы орындарға хабарлапты. Ақпарат бірден тексеріліп, бірнеше сағаттан соң әлгі көлік ұсталған.

Ербол Құтыбаев, Қызылорда облыстық ІІД бастығы:

– Автокөліктен радиоактивті цезий заты тиісті мамандардың қатысуымен алынды. Сұрастыру барысында азаматтар Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары екендігі, сонымен қатар жеке кәсіпкерлікпен айналысатындығы белгілі болып отыр. Аталған затты Маңғыстау облысының Бейнеу елді-мекенінің тұсынан тауып алғандығын айтқан. 

Жүк көлігі жүргізушісінің айтуынша, ол жол жиегінде жатқан контейнердің ішінде не бар екенін білмей-ақ тиеп алыпты. Ал оны қандай мақсатта қолдануды жоспарлағанын ашып айта алмады. Енді цезий-137-нің жоғалуы мен табылуының мән-жайы бірден үш облыста тергелмек. Ақтаулық тергеушілер қазір Қызылордада жұмыс жүргізуде.

Мұратбек Қамбетов, ҰҚК Маңғыстау облыстық департаменті бастығының орынбасары:

— Арнайы сараптама түрлері бар, олар қазір жүргізілуде. Бірнеше облыста жүргізулетін тергеу амалдары бар. Себебі жүк Оралдан шығып, Маңғыстау облысында жоғалды. Табылған жері Қызылорда.

Абырой болғанда, қауіпті құтыны ешкім ашып үлгермепті. Радиоактивті зат Оралдан ақтаулық мұнайшыларға қарай бет алған. Темір жәшікке салынып, берік орнатылғанына қарамастан, ол орта жолда көліктен түсіп қалды деген болжам айтылды. Іздестіру жұмыстарына мыңнан астам адам жұмылдырылып, олар 10 тәулік бойы барлық жерді сүзіп шыққан. Нәтиже шықпаған соң ақпарат берген адамға сыйақы беріледі деген хабарлама таратылды. Енді қызылордалық азамат қомақты қаржы алады. 


Әнуар Шөжеғұлов, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары:

-Бізге нақты ақпарат берген азамат бар. Айтылған қаржы сыйақы ретінде оған беріледі. Жалпы соммасы бір жарым миллион теңге.

Таксишіге беретін ақшаны цезийді тасымалдаумен айналысқан «Қазпромгеофизика» компаниясы төлейді. Аталған мекеменің мойнына бұдан басқа іздестіру жұмыстарына жұмсалған қаражат та ілінуі мүмкін. Тіпті лизенциясынан да айыру мәселесі қарастырылып жатыр. Ал қауіпті жүктің жоғалуына қатысы бар азаматтар түрмеге қамалуы ықтимал.