Жоғарғы сот сапалақтан таяқ жеген әріптесіне араша түсті - kaz.caravan.kz
  • $ 485.4
  • 550.69
+32 °C
Алматы
2026 Жыл
26 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жоғарғы сот  сапалақтан таяқ жеген әріптесіне  араша түсті

Жоғарғы сот сапалақтан таяқ жеген әріптесіне араша түсті

Астаналық қылмыскерлерге сот үкімі енді зәулім сарай ішінде шығарылатын болды. Бүгін әр жерде шашырап жүрген соттар Елордада жаңа ғимаратқа көшті. 50 кең залы бар қалалық сотта атышулы жемқор шенеуніктердің ісіне дейін қаралмақ. Бірақ бюджеттің миллиондары жұмсалған сәулетті сарайда бүгін даулы процесс емес, судьялардың тәртібі қаралды.

  • 19 Шiлде 2014
  • 325
Фото - Caravan.kz

Бүгін судьялар әдеттегі мантияларын азаматтық киімге ауыстырған. Жаңа 7 қабатты ғимарат ішін көруге асығып барады. Әзірше бұл еліміздегі ең үлкен сот. Бұған дейін тар ғимаратта қыстырылысып қымтырылып келген астаналық судьялар енді кең жерде отырмақ. Тіпті қатардағы бұзақы мен шенеуніктердің атышулы ісіне дейін осында қаралады. Әр бөлмеде өтетін сот ісі таспаға жазылып, кейін оны үйден отырып екінші мәрте қайта қарауға болады. 

-Ал, ғимараттың 50 бірдей залында осындай бейнекамералар орнатылған. Егер сотталушы басқа облыстан болып, сот процесіне туысқандары немесе адвокаттары келе алмай қалса, онда осындай монитор арқылы үйінен бақылап отыруға мүмкіндіктері бар. Өйткені, Жоғарғы Сот жылдың аяғына дейін барлық сот ғитмараттарын осындай жабдықтармен қамтамасыз етпек.

Сол залдың бірінде, бүгін іс емес, облыстардан келген судьялардың тәртібі қаралды. Себебі қара қылды қақ жаруы тиіс билердің өзі нағыз қылмыскерлерді ақтап, қате үкім шығарып жатқандары жетіп артылады. Ал соңғы уақытта баспана дауы ушығып кеткен. Тіпті еліміздің бас судьясы бүтін бір отбасыны шиеттей бала-шағасымен далада қалдырып жатқан әріптестерін сынға алды.

Қайрат Мәми, ҚР Жоғарғы Сот төрағасы:


–Неге сол пәтерлерде 20-25 жыл тұрған азаматтар сот шешімімен бір күннің ішінде далада қалуы тиіс. Жоқ жерден қожайыны шыға келеді де, баспанасын сот арқылы тартып алып жатады. Олар үйдің жақсы жағдайда тұрғанын көріп, пайда көру үшін істейді мұның бәрін. Неге бұлай болып жатыр. Кім түсіндіріп береді маған?

Алайда, түсіндіріп беретін жан табылмады. Ал әділ төрелік етеді деген судьялар өздерінің де жиі зардап шегетінін айтып шағынды. Соның бірі Қарағандыда судьяны шыбын ұрғышпен салып қалған адвокат Евгений Танковтың қылығы. Құқық қорғаушы енді 3 жылға абақтыға жабылуы мүмкін. Бүгін сол таяқ жеген қарағандылық биді әріптестері жақтап шықты.

Ақылтай Қасымов, Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі қадағалаушы сот алқасының төрағасы:

-Бір адам бүгін шыбын өлтіргіш сапалақ  алып келсе, ертең балға әкеледі ғой. Онда сот залында не болады? Бұл барып тұрған тәртіпсіздік. 

Осылайша, судьялар тұрмыстағы мұңын да шақты. Ал, баспанасыз жүрген фемида қызметкерлері үй кезегіне қойылады. Осыдан соң қазылар әділдік атаулыдан аттамауға уәде беріп тарқасты.