Жақсыбек Құлекеевтің 515 күні - kaz.caravan.kz
  • $ 447.4
  • 477.55
+8 °C
Алматы
2024 Жыл
18 Сәуiр
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Жақсыбек Құлекеевтің 515 күні

Жақсыбек Құлекеевтің 515 күні

Автор: Дилярам Аркин

  • 15 Тамыз 2016
  • 12112
Фото - Caravan.kz

Статистика агенттігінің төрағасы, экономика және сауда министрі (1999 – 2002), білім және ғылым министрі (2003 – 2004), еліміздегі екі ірі ұлттық компанияның вицепрезиденті және президентіМансап жолымен жоғарылау үстіне жоғарылай түскен. Бірақ 2008 жылы ол 100 мың доллар пара алды деп айыпталды. Ал сот қызмет бабын асыра пайдаланғанын ғана дәлелдеп, үш жылға бас бостандығынан айырды. Бір жылдан кейін шартты түрде мерзімінен бұрын босап шықты. Жақсыбек Құлекеев содан жеті жыл өткеннен кейін «КАРАВАН» тілшісіне эксклюзивті сұхбат беруге келісті. Бұл оның темір тордың ар жағында өткен күндері туралы бүкпесіз әңгіме болды.

«Көлігімнен ақшаның табылуы кінәлі екеніме дәлел бола алмайды»

Жақсыбек Әбдірахметұлы, сіз тұтқындалған кезде қоғам дүрлігіп кетті. Ақпарат құралдарында әртүрлі әңгіме айтылып жатты. Біреулер бұл сізге қарсы әдейі істелген десе, енді біреулер нағыз парақор екеніңізге шәк келтірмеді. Ал өзіңіз бұған қатысты не айтасыз?

— Ең алдымен бұл мәселені қозғауға көңілімнің хошы жоқ екенін айтқым келеді…

Ал шындығына келсек, мені пара алды деп айыптап, тергеу қапасына тоғытуға еш негіз жоқ еді. Сот барысында маған тағылған айыптың жөнсіз екеніне бұлтартпас дәлел келтірілді. Мұның әдейі жасалғаны ұсталған кезімнен-ақ мәлім болды. Қоғамға соншалықты қауіп төндіретіндей әрекет жасаған жоқ едім. Теория бойынша, қылмыстың жан-жақты және біржақты белгілері болады. Екеуінің бірі болмай шықса, адамды қылмыс жасады деп айыптауға еш негіз жоқ. Мұндай қылмысқа бару үшін екі тарап алдымен өзара келісіп алуы керек қой. Ал мені тек екі адамның айтуымен айыптады. Оның бірі тендер алғысы келіпті-міс. Екіншісі «ары жібермей», қаржы полициясына арыз жазған. Руслан Местоевтың сол арызында айтуынша, ол 2008 жылдың 6 наурызында маған келіпті, сонда мен оған әлдебір «Бекет АСТ» фирмасына тендер алып беру үшін 100 мың доллар әкел деппін. Бірақ мен тендер мәселесімен ешқашан айналысқан емеспін. Бұл, негізі, нақ сол Местоевтың өзінің міндеті болатын. Өйткені ол мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру жөніндегі басқарушы директор еді ғой. Бірақ мұны өзінің ары білсін. Ең алдымен айтайын дегенім осы.

Сотта оның сөзінің жалған екенін, ол кезде әріптестеріммен бірге іссапарда жүргендіктен арамызда әлгіндей әңгіме болмағанын дәлелдеп бердім.

Енді «Бекет АСТ» фирмасы өкілінің айтқандарына тоқталайық. Арыз жазылған кезде ондай компания болмаған. Өйткені ол 2007 жылдың маусым айында жабылып қалыпты. Ал менің 2008 жылдың 1 сәуірінде тұтқындалғанымды білесіз. Сот барысында бұл компанияның қағаз жүзінде ғана бар екені, ешқашан да тендерге қатысып көрмегені анықталды. Оның құрылтайшысы мамандығы бухгалтер, жалғызбасты ана екен. Ол сотта бұл

фирманы кейін бір бизнеспен айналысармын деген оймен ашқанын айтты. Фирманың офисі болмағанын, есеп шоты арқылы ешқандай операция жүргізілмегенін растайтын құжаттарды көрсетті. Сондықтан ол салық қызметіне кестесі ғана бар бос қағазды өткізіп келген. Сөйтіп, компания иесі балаларымен бірге пәтер жағалап жүрген. Ал фирмасына офис жалдауға тіпті мүмкіндігі болмаған. Бірақ жалған куәгер табыла кетті. Ол сотта әлгі өзі жоқ фирманың Астанадағы филиалының өкілі екенін айтты. Судьяның «осындай компанияда 100 мың доллар қайдан пайда болды?» деген сұрағына жалған куәгер «бұл ақша шаруашылық қажеттіліктері үшін жиналған» деп жауап берді. Бірақ мен тура сондай көлемде пара талап еткендіктен, сол ақшаны Местоевтың маған беруіне тура келіпті-міс. Алайда «Бекет АСТ-ның» иесі оның сөзін теріске шығарып, «ондай қаржы қолымда болса, ең алдымен баспана мәселесін шешіп алар едім ғой» деді.

Байқап тұрғаныңыздай, маған тағылған айып осылайша жала болып шықты. Менде қандай да бір арам пиғылдың болғаны анықталмады. Сонықтан да қылмыстық іс қозғауға негіз жоқ еді. Бірақ істі қозғады да, мені соттап жіберді.

— Алайда сізді ұстаған кезде көлігіңізден ақша табылды ғой. Бұған не дейсіз?

— Иә, ақшаның болғаны рас. Оны менің көлік жүргізушіме Местоев берген. Бірақ көлігімнен ақшаның табылуы кінәлі екеніме дәлел бола алмайды. Адамды қылмыстық әрекеті үшін жазалайды. Жоғарыда айтқанымдай, менің әрекетімде қылмыс белгілері болмаған. Сондықтан сот барысында айыптаушылар пара алғанымды дәлелдей алмады. Құқықтық мемлекетте мұндай әрекет басқаша түсіндіріледі. Сондықтан бұл жағын әрі қарай айта бергім келмейді.

«Түрменің аты – түрме»

Тұтқындалған кезде биліктегі достарыңыздан немесе таныстарыңызда көмек сұрадыңыз ба?

— Сұраған жоқпын, әрине. Біріншіден, ондай мүмкіндігім болған жоқ. Екіншіден, әрқашан да жағдайға сабырлылықпен қарауға тырысамын. Яғни бұл бәледен құтылуға ешқандай мүмкіндігім болмады.

— Тергеу қапасында сізге қысым көрсетілді ме?

— Тергеушілер керек жауабын алу үшін түрлі әдіс-тәсілді қолданады ғой. Бәрі де болды. Бірақ тергеушілер мен тергеу қапасының қызметкерлеріне қатысты ешқандай шағым айта алмаймын.

— Бірге отырған адамдар сізге қалай қарады?

— Бұл жағынан жолым болды дей аламын. Алғашқыда жалғыз өзім отырдым. Бірақ ол камера жалғыз адамға арналмаған. Мұның жақсы жағы да, жаман жағы да бар. Жақсы болатыны, жанымда ешкім болмағандықтан, өз ісіммен алаңсыз шұғылдандым. Бірақ адам деген біреулермен әңгімелескісі келеді ғой. Мүлдем оқшауланып қалған қиын екен. Сөйтіп, жалғыз өзім 20 күндей отырдым. Мұның себебін кейін білдім. Мені сыртымнан қаржы

полициясының қызметкерлері күзетіп отырыпты. Сыртқа сөз шығып кете ме деп немесе басқа бір нәрседен қорыққан сияқты.

…Кейін нағыз нашақорлармен бір камерада отырдым. Деліқұлы адамдармен бір бөлмеде отыру қорқынышты еді. Оған дейін өмірімде нашақор көрмегенмін ғой. Сол көріністі әлі күнге дейін ұмыта алар емеспін. Олар түні бойы ұйықтамай, күндіз ғана демалатын. Ал менікі керісінше. Қанша қиын болса да, түнде ұйықтйтынмын…

Маған ғана теледидар көруге тыйым салды. Басқаларға рұқсат етілген. Бірақ мен де футболдан әлем чемпионатын көргім келетін. Дегенмен, соның орнын кітап оқумен толықтыруға тырыстым. Бұған, әрине, шектеу қойған жоқ. Достарым экономика тақырыбындағы кітаптарды, газеттер мен ғылыми журналдарды әкеп беріп тұрды. Қасымда отырған адамдар менің не істегенімді, қандай кітап оқып, не туралы айтқанымды күн сайын басшылыққа жеткізіп тұратын. Конспектілерімнің көшірмесін де түрме басшыларына беретін.

— Кейбір ақпарат құралдары сізді суицид жасамақ болды деп айтты ғой…

— Бұл өтірік. Ондайды ойлаған да емеспін.

— Туыстарыңыз сізді камерада өлтірмек болды деп мәлімдеді. Тіпті Бас прокуратураға ашық хат та жазды. Солай болды ма?

— Мені өлтіруге арнайы адамдардың жіберілгені – дәлелденген нәрсе. Сол үшін тергеу қапасы басшыларының бірі сотталды. Үлкен жанжал болды. Ол туралы кезінде ақпарат құралдары жазды. Мұны есіме алғым келмейді. Әрине, түрменің аты – түрме. Мені үш жылға соттады. Темір тордың ар жағында 515 күн отырдым. Қалай болғанда да, бұл менің тағдырым. Жазмыш қой. Мен үшін бұл сынақ болды. Өз ойымша, сол сынақтан жақсы өттім. Адам болып қалдым. Басқа жандарға деген сенімімді жоғалтқан жоқпын. 2009 жылы шартты түрде мерзімінен бұрын босатылдым. 2010 жылдың басында еңбекке қайта араласып, содан бері өзімнің сүйікті ісім – ғылыми жұмыстармен айналысып жүрмін.

— Жоғары лауазымды шенеуніктер арасындағы бұрынғы әріптестеріңіз түрмеге барып тұрды ма?

— Отбасым қиындыққа тап болғанда достарымның ешқайсысы теріс айналмағанын мақтанышпен айта аламын. Әлі күнге дейін адал дос ретінде тонның ішкі бауындай араласып тұрамыз. Менің қарсы болғаныма қарамастан, түрмеге көбі барды. Қарсы болған себебім, оларға кесірім тие ме деп қорықтым. Басыма күн түскенде досымның көбі мені және отбасымды моральдық жағынан да, материалдық жағынан да қолдап отырды. Ол үшін алғысым шексіз.

— Бостандыққа шыққаннан кейін өзіңізге жала жапқандардан кек алғыңыз келмеді ме?

— Ол кезде де ондай ойым болған емес, қазір де жоқ. Біреуге кек сақтап өмір сүре алмаймын. Кек алу дегенің қылмыс қой. Мен ондайға баратын адам емеспін.

«Мен заңға бағынатын азаматпын»

Сізден кейін өзге де жоғары лауазымды шенеуніктерді тұтқындай бастады. Олар – Жақсылық Досқалиев, Серік Бүркітбаев және басқалар. Олармен араласып тұрасыз ба?

— Иә, олардың біразымен араласамын. Мысалы, Досқаливпен көршімін. Кейде жолығып тұрамыз. Бүркітбаев екеуміз бір ауданнанбыз. Жоғары оқу орнына түсуге бірге келген едік. Ол интеллектуал, ғылымға жан-тәнімен берілген адам. Сондықтан әлі де доспыз. Ғылыми мүдделеріміз ортақ. Ысқақовпен кейде мейрам кезінде хабарласып тұрамын. Сіз айтып отырған адамдар саяси көзқарасы орныққан өте білімді һәм сауатты мамандар. Олар қазір жас емес. Мен оларды қылмыс әлемінің дөкейлері деп санамаймын. Ондай болмайды да. Олардың әрқайсысы еліміздің дамуына шамасы жеткенше үлес қосып келеді.

— Мемлекеттік қызметке оралатын ойыңыз жоқ па? Оған шектеу қоятын мерзім әлдеқашан өтіп кетті ғой.

— Заң бойынша оарала алмаймын. Өйткені Еңбек кодексіндегі соңғы өзгерістер бойынша оған мүмкіндік жоқ. Соны қалап та тұрған жоқпын. Дәл қазір өзімнің сүйікті ісімнен қолым босамай жатыр.

— Ал Ермегияев ісі ісі бойынша айыпталған Пірметов мырза «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясы топ-менеджментінің құрамында әлі күнге дейін бар. Соншама дау-жанжал болып жатқанына қарамастан, қызметінен кетпепті…

— Мен оны танымаймын. Сондықтан кінәлай алмаймын. Әр аlамның өз амбициясы бар. Мен заңға бағынатын азаматпын. Саясатқа қайтып оралмаймын деп саналы түрде шешім қабылдадым.

— Бірақ сіз «Ақ жол» партиясына кірдіңіз ғой. Бұған не себеп болды?

— «Ақ жол» партиясына кіргенде тұрған ештеңе жоқ деп ойлаймын. Мен бұл партияның қатардағы мүшесімін. Ерте ме, кеш пе, саяси ұйымдарға қатысты қозғалыс жаңа қарқын алады деп ойлаймын. Өйткені саяси бәсекесіз даму қиын. Кез-келген қоғамның қарыштап дамуы үшін кем дегенде екі мықты партия болуы тиіс. Меніңше, «Ақ жол» еліміздегі көшбасшы екі партияның бірі бола алады. Ал депутаттыққа таласпаймын. Жоғарыда айтқан себептерге байланысты оған мүмкіндігім де жоқ.

 

Соңғы жаңалықтар