Бұл туралы Гүлмира Әбіқай әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Кезінде республикалық арналар бұл жайлы “Әруақты емші” деген хабар жасап, газеттер сала-құлаш мадақтау мақалалар жазған екен. Журналистке емшіні танитын қарындасы хат жазған.
Ұлықбек Сманов Оңтүстік өңірдің Ордабасы ауданы, Көкбұлақ ауылында туып өскен. Ата-әжесінің қолында тәрбиеленген екен. Нақты жасы 51-де. Әжесінің айтуынша бала кезде кешкісін Бадам өзенінің жағасында ұйықтап қалған, содан ауытқу басталды. Көрші-қолаң мазақтап күліп, ата-әжесі “баламыздың өз әлемі бар” деп қорғаштады. Есейе келе ауытқуы асқынып, псих. диспансерде емделгені рас”,- деп жазған қарындасы.
Кейін әруақ қонды деп, арқасы қозып, өздігінен сағаттап сөйлей бастайды. Зікір оқып, қамшымен дем саламын деп жүрді өзі. Арасында қазақ-араб университетін оқыдым деп, 2010-шы жылдары Отырар колледжінде музыкадан сабақ та берген.
Кейін үйленіп, мал бағып, малды-жанды болып тұрмысы көтерілді. Индира жеңгеміз біртоға, жуас, тек бала көтере алмады.
Ұлықбек ағам екеуі әжемді өле-өлгенше бағып қарады.
“Бір биеден ала да, құла да туады” демекші атам мен әжем ауылға сыйлы жақсы кісілер еді, артынан мынадай сөз еріп.
Ол психикалық ауруханада есепте тұрса асырауға алты баланы кім берді, неге берді, неге тексермеген? Біз тіптен білмедік бұл үйде алты баланың барын, әлде, жүйке ауытқуын біліп, бауырымызды біреу сатып жіберді ме екен?
Ақшаға мұқтаж емес, мал-жаны бар адам. Өмір бақи қараусыз мысық-күшікті жағалап, артынан шұрқыратып тамақ беріп жүретін. Егер, 4 жыл бойы 6 балаға ақша алып келсе оны қайда, кім жұмсады екен? Сауал көп, жауап жоқ деп ағынан жарылды ағасы Ұлықбек емші жайлы қарындасы. Құдай аясын, ақиқатын тергеу анықтар!
Қазір балаларын жұмысқа жегіп, мысықтың етімен тамақтандырған Ұлықбек Сманов психдиспансерге жатқызылды. Балалар үйіне хабарласқан 16 жасар ұл мен қыз Шымкент қалалық қиын жағдайға түскен балаларды бейімдеу орталығында. Қалған төрт бала (кішісі 4-те) бөбектер үйіне орналастырылды.