Мәскеу биржасында АҚШ долларымен және еуромен сауда-саттық тоқтатылды - kaz.caravan.kz
  • $ 494.87
  • 520.65
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
22 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Мәскеу биржасында АҚШ долларымен және еуромен сауда-саттық тоқтатылды

Мәскеу биржасында АҚШ долларымен және еуромен сауда-саттық тоқтатылды

Валюта айырбастауға асықпаңыздар.

  • 14 Маусым
  • 8
Фото - Caravan.kz

Бұл туралы Қаржылық сауат телеграм арнасы болжам жасады, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Естіп жатқан боларсыздар, Мәскеу биржасы (Мосбиржа) АҚШ-тың санкциясына ілікті. Қарапайым адам бізге, яғни Қазақстанға оның не қатысы бар деп ойлауы мүмкін.

Кішігірім сауат ашып отырайық. Биржа дегеннен-ақ KASE еске түсуі мүмкін. Бәрін не байланыстырады?

Қаржылық сауат бұған дейін Қазақстанда екі түрлі биржа қызмет ететінін, оның бірі – KASE, екіншісі – АІХ биржасы екенін жазды. Қазіргі таңда осы екі биржаны біріктіру мәселесі күн тәртібінде тұр. Бірақ, біз қазір ол туралы айтпаймыз.

Бүгінгі тақырыпқа арқау болып отырған Мосбиржа (MOEX) – қазақстандық KASE-нің акционері саналады. Яғни біздің биржада ұстайтын акциялары бар деген сөз. Сол себепті акционер дейміз.

Ресейлік биржа санкцияға іліккесін және оның Қазақстанда да акциялары болғасын біздің тарапқа да қауіп төне ме деген мәселе туындаған еді.

Ресей санкцияның салқынын қалай сезді? Мәскеу биржасында АҚШ долларымен және еуромен сауда-саттық тоқтатылды. Осыдан кейін бұқаралық ақпарат құралдары Ресейдің ақша айырбастау пунктерінде АҚШ доллары мен еуро тым қымбатқа сатылып жатыр деген жаңалық таратты. Бұл картина рубльдің құлдырап жатқанын көрсетер еді.

Бірақ, жағдай соншалық ушығып тұрмаған сияқты. Ал, Ресей Қазақстанның негізгі сауда-серіктесі болса, елімізде валюталар бағамы қалай құбылуы мүмкін? Әдетте осындай «шок» жағдайда жұрт айырбастау пунктеріне лап береді.

Бүгін Сенат кулуарында журналистер сұрағына жауап берген Ұлттық банк басшысы Тимур Сүлейменов «жағдайды драмаға айналдырудың қажеті жоқ, бекерден-бекер айырбастау пунктеріне жүгірмей-ақ қойыңыздар» деп нарыққа жеткізгісі келген сигналын сенімді түрде айтты.

«Бұл санкциялардың әсерін «түйедей» етіп көрсетудің қажеті жоқ деп айтар едім. Соның ішінде Ресейдегі валюталардың қалыптасуына қатысты жағдай. Біріншіден, оларда валюта саудасында, яғни рубль, соның ішінде «рубль-доллар» арақатынасы бойынша сауда-саттық жүргізуге арналған балама әдіс бар. Сондықтан теңгенің курсына алаңдауға негіз жоқ. Себебі MOEX-тің KASE-дегі акцияларының үлесі 13 процент қана. Ал, санкцияның күші ол капитал көлемі 50 проценттен асқанда ғана сезілер еді. Біз бұдан ешқандай қауіп көріп тұрған жоқпыз, биржадағы сауда-саттықта теңгенің «жүрісі» қалыпты. Кеше биржа жабылғанда (долларға шаққанда) теңге құны 450,70 деңгейінде бағаланған еді, бүгін 450,34 шамасында. Сондықтан бағалы қағаздармен жұмыс істейтін нарықтың кәсіби қатысушылары, банктер мен брокерлер, дилерлер оның аса бір ықпалы жоқ екенін жақсы түсініп отыр», — дейді Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов.