Еліміздегі орташа жалақы – фейк пе? Қазақстандықтар шын мәнінде қанша табыс табады? - kaz.caravan.kz
  • $ 482.86
  • 533.17
+15 °C
Алматы
2024 Жыл
3 Қазан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Еліміздегі орташа жалақы – фейк пе? Қазақстандықтар шын мәнінде қанша табыс табады?

Еліміздегі орташа жалақы – фейк пе? Қазақстандықтар шын мәнінде қанша табыс табады?

Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сенсек, елдегі орташа жалақы көлемі 403 251 теңге. 

  • 3 Қазан
  • 37
Фото: caravan.kz

Бұл 2024 жылдың екінші жартыжылдығының көрсеткіші. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше Алматы қаласы, Павлодар және Ақтөбе облыстарында халықтың жалақысы қарқынды өсіп келеді. Ал қазақстандықтар шын мәнінде қанша табыс табады? Caravan.kz медиа порталының материалында.

Сарапшылардың айтуынша, халықтың басым бөлігі өндірісі дамымай жатқан аймақтарда тұрады. Негізінен ауылшаруашылықпен айналысатын өңірлердегі халықта жалақы төмен.  Ең төменгі айлық табыс  мал, егін, балық, көкөніс шаруашылығында еңбектенетін шаруаларға тиеселі. Мұндай аймақтарда халықтың 50 пайыздан астамы өмір сүреді. Ал керісінше орташа жалақының көрсеткіші химия өнеркәсібі, мұнай-газ секторында ауыр өнеркәсіппен айналысатын аймақтарға тән. Одан бөлек ірі мегополистердегі квазимемлекеттік сектор, банк және сақтандыру саласында істейтін мамандар жоғары айлық алады.

Табысы ең жоғары өңірлердің тізіміне, әдеттегідей мұнай-газ өндірісі қарқынды дамып жатқан Маңғыстау және Атырау облыстары кірген. Ал Солтүстік Қазақстан тұрғындары ең аз жалақы алатын болып шықты. 

Бұдан бөлек статистика бюросында басқа да көрсеткіш бар. Ол медианалық жалақы деп аталады. Яғни, қоғамды бай және кедей деп екі тапқа бөліп қарастыратын көрсеткіш. Бұл есеп бойынша медианалық жалақы – 278 296 теңгені құрайды. Қандай болғанда да, осы көрсеткіш шындыққа жақын сияқты. Ұлттық бюроның мәліметінше, биыл қазақстандықтар өткен жылмен салыстырғанда 60 мың теңгеге көп табыс табады екен.

Статистикаға қарағанда жұмысшылардың айлық табысы анағұрлым өскен. Алайда бұқара бұл сандарға сенбейді. Мәжіліс депутаты Ерлан Саировтың айтуынша, халық кедейленіп кетті, әсіресе ауыл тұрғындары қатты зардап шегіп жатыр. 

«Ауыл тұрғындарының тұрмысы тұралап кетті. Бүгінде 1 млн адам 150 мың теңгеге күн көріп отыр, яғни кедей адамдардың саны артуда. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен төмен табыс табатын азаматтар саны халықтың 4,6%-ын құрап отыр. Ел тұрғындарының кедейленуінің тағы бір көрсеткіші 8,6 миллион азаматтың басында несие бар. Оның 1,6 миллионы несиесін төлей алмай, 90 күннен асып кеткен. Үкіметтің кедейшілікпен күрес деңгейі – төмен. Халықтың табысын арттыру жөніндегі Ұлттық жобаның нәтижесі бар ма? Үкімет халықтың, әсіресе ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін не істеп жатыр?», – деп сауал жолдаған еді мәжіліс депутаты. 

Сондай-ақ Ерлан Саиров қазақстанда мүмкіндіктер теңсіздігі бар екенін айтты.

«30 жыл ішінде белгілі бір топқа тиесілі азаматтарға барлық жағдай жасалған. Кәсіпкерлік таңдаулы азаматтардың еншісі болмауы керек. Ал қалған азаматтар қайда қалды? Олар кәсіппен айналысқысы келсе, оларға еш мүмкіндік бермейді. Тексерістен тексеріс, не әкімдік, не арнайы орган көмек көрсетпейді, соңында қолын сілтеп тастап кетеді. Менің ойымша, барлығына теңдей мүмкіндік берілуі керек. Еліміздегі 300 мыңға жуық жұмыссыз азаматтарды кәсіпкерлікке тарту керек. Біздің азаматтарымыз жұмыс іздеп сандалып жүрмей, керісінше, жаңа жұмыс орнын беретін деңгейге жетуі керек», — деді мәжіліс депутаты.

Депутаттың сөзін қаржы сарапшысы Айдар Әлібаев та растап отыр. Ол «Айран» ютуб арнасына берген сұқбатында ел тұрғындары шындығында қанша табыс табатынына тоқталды.  

«Біріншіден, елдегі  ұлттық статистика бюросы тәуелсіз орган емес. Яғни, оларға қандай санды көрсет десе, олар сол көрсеткішті айтуға міндетті.  Менің ойымша, бұл көрсеткіштерді көрсету билікке саяси тұрғыдан тиімді. Бұған мен елдегі орташа жалақы көрсеткішін, инфляция деңгейі сынды шындыққа жанаспайтын сандарды кіргіземін. Мысалы жұмыссыздық көрсеткіші соңғы 10-12 жыл ішінде мүлде өзгермеген – 5,5%. Шындығында жұмыссыз халықтың саны әлдеқайда жоғары. Сондықтан қоғамда шындық пен саяси тұрғыдан тиімді екі көрсеткіш бар. Ал бюро ұсынып отырған сандар өзге мемлекеттер алдындағы имиджді сақтап қалудың жолы», — дейді сарапшы. 

Сарапшының айтуынша, еліміздегі орташа жалақының нақты көрсеткіші 100-150 мың теңге арасында. Аталмыш деңгейдегі қазақстандықтар халықтың 60-70 пайызын құрайды. Жыл сайын халықтың өмір сүру жағдайы мен сапасы керісінше төмендеп бара жатқанын да ескерген жөн. 

«Мысалы, уақыт белдеуінің өзгеруіне байланысты жарық тұтыну шығыны да артады. Бұл шығындарды халықтың қалтасы көтереді ме? Бұл шешімді қабылдау біреу үшін тиімді болған деп ойлаймын. Екі жақтап халықты қысып жатыр емес пе? Бір қолымен электр энергия бағасын қымбаттатып жатса, екінші қолымен қазақстанның жартысын жарықты көбірек тұтынуға итермелеп отыр. Мысалы Шығыс Қазақстанда енді түскі үште кеш батады, ол уақытта балалар әлі мектепте, студенттер оқуда, үлкендер жұмыста отырады. Жарықты тұтыну көбейсе, шығын да артады деген сөз. Ал халықтың басқа амалы жоқ», — дейді сарапшы.

Қазақстанда орташа айлық жалақыны қалай есептейді?

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең жоғары өсуі қаржы және сақтандыру қызметі – 23,3%-ға, өнер, ойын-сауық және демалыс – 21,5%-ға, жылжымайтын мүлікпен операциялар – 21,1%-ға, салаларында байқалды. Өнеркәсіпте орташа айлық жалақы – 14,5%-ға өсті, оның ішінде электр энергиясымен, газбен, бумен, ыстық сумен және ауаны кондициялаумен жабдықтау саласында – 24,6%-ға, сумен жабдықтау; су бұру; қалдықтарды жинау, өңдеу және жою, ластануды жою бойынша қызмет саласында – 23,1%-ға. 

2023 жылдың тиісті тоқсанымен салыстырғанда орташа айлық жалақының ең төменгі өсуі денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік қызмет көрсету– 5,6%-ға, мемлекеттік басқару және қорғаныс; міндетті әлеуметтік қамсыздандыру– 5,2%-ға салаларында байқалды.

Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы қаржы және сақтандыру қызметінде орташа республикалық деңгейден – 2,2 есе, тау-кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда– 2 есе, ақпарат және байланыста – 1,6 есе, кәсіби, ғылыми және техникалық қызметінде – тиісінше 1,4 есе жоғары болып тіркелді.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, орташа жалақы немесе арифметикалық орташа жалақы мөлшері — барлық жалақыны қосып, бақыланатын адамдар санына бөлген кезде шығатын шама. Медианалық жалақы — бұл ортасындағы шама. Ал орташа жалақы көрсеткіші ел өңіріндегі ең жоғары жалақы алатындар мен елдің ең төменгі жалақы алатын аймағындағы көрсеткіштерді алып, жалпы еңбекке қабілетті адамдарға шағады. 

Есептеу тәсілдері:

Арфиметикалық орташа: Барлық жұмысшылардың жалақылары қосылып, олардың санына бөлінеді. Мысалы, егер бес адам 1000, 2000, 3000, 4000 және 5000 доллар тапса, орташа жалақы (1000 + 2000 + 3000 + 4000 + 5000) / 5 = 3000 доллар болады.

Медиандық жалақы: Бұл жалақыны бір қатарға қойып, ортасындағы мәнді таңдау. Медиана орташа жалақыны көрсетуден гөрі, нақты табысты әділірек көрсетеді, себебі өте жоғары немесе өте төмен жалақы орташа көрсеткішті бұрмалай алады. Медиана есептеу үшін барлық жалақыларды өсу ретімен тізіп, дәл ортасындағы мән алынады.

Салмақталған орташа: Кейбір жағдайларда, әртүрлі салалардағы немесе секторлардағы жұмысшылар саны әртүрлі болады. Бұл әдіс орташа жалақыны есептегенде әр сектордың үлес салмағын ескереді.

Жалпы бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасында орташа айлық жалақыны есептеудің өз әдістемесі бар. Оны халықаралық талаптарға сай Т-1 формасы деп атайды. Орташа жалақыны шығаруда статистика мамандары халық шаруашылығындағы  кәсіпорындардың және түрлі салалар бойынша заңды тұлғалардың еңбекақы төлемдері, қосымша ақылар мен үстемеақылар, сыйақылар және еңбекақы төлеу жүйесінде көзделген тұрақты табысты ескереді.

Ұлттық статистика бюросы департаментінің бас сарапшысы Алмагүл Сәметова «Sputnik» агенттігіне берген сұхбатында Қазақстандағы әдіс барлық елдерге ортақ екенін айтқан.

«Елімізде айлық табысы көбірек және аздау жалақы алатындар бар. Солардың айлығын қосамыз. Шыққан жалақы қорын айлық алатын адамдардың санына бөлеміз. Сол кезде осындай сандар шығады. Мұндай әдісті көптеген ел қоланады. Мұны ортақ тәсіл деуге болады»,- деген еді берген жауабында.

Мұндай әдіс көптеген елде кеңінен қолданылады. Бірақ солардың дені дамыған елдер. Көшті алпауыттар бастайды. Ал Қазақсан сынды әлеуметтік теңсіздік белең алған елде бұл әдісті қолдану халықтың шынайы тұрмысын көрсетуге кедергі келтіріп отыр. 

Халық кедейліктен шығады ма, жоқ па?

Бұл ретте, Премьер-Министр Олжас Бектенов 2022 жылы Үкімет деңгейінде тиісті бағдарлама бекітілгенін және осы бағдарлама шеңберінде 2 жылда 2,5 млн адам жұмыспен қамту шараларына тартылғанын жеткізді.

«Кез-келген мемлекеттің міндеті халықтың тұрмысын арттыру. Биыл 500 мың адам уақытша немесе тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. Оған осы жылы бюджеттен 200 миллиард теңге бөлінді. Осы бағыттағы жұмыс жалғасын табады. Адамдардың табысын арттыру мәселесінде кәсіпкерлікті қолдау шаралары өте маңызды. Бұған дейін атап өткен бағдарлама шеңберінде кәсіпкерлікті қолдау үшін 300 млрд теңге бөлінді. Бұдан бөлек, жас кәсіпкерлердің 5,5 мың жобасы мақұлданып, қаржыландыру жұмысы жүргізілді. Оған республикалық бюджеттен 26 млрд теңге бөлген болатынбыз. Сондай-ақ, халықтың осал топтарына бюджет есебінен 9 мың грант берілді. Бюджет қызметкерлеріне тоқталсақ, олардың жалақылары екі жыл ішінде 20-30% өсті. Бұл әрине жеткіліксіз, біз мойындаймыз, дегенмен барлық қабылданып жатқан шаралар бюджеттің мүмкіндігіне байланысты екенін атап өткен жөн. Мұғалімдер, дәрігерлер мен әлеуметтік саладағы қызметкерлердің жалақысы екі есе өсті. Ол 600 мың адамға қатысты. Ал ауылдағы жағдайға келетін болсақ, қазір «Ауыл аманаты» жобасына көп көңіл бөліп жатырмыз. Осы жобаға 2 жылда 100 млрд теңге бөлінді. Бұл қаражат 20 мың адамның жеке кәсібін ашуына мүмкіндік берді. Жалпы, осы бағыттағы жұмыс бір күн де тоқтамайды. Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғаса береді», — деп жауап берді Олжас Бектенов.

Түрлі елдердегі орташа жалақы әр түрлі 

2023-2024 жылдардағы ең жоғары орташа жалақы төленетін елдер:

Швейцария: Бұл елде орташа айлық жалақы шамамен 6 990 АҚШ долларын құрайды. Бұл ел әлемдегі ең бай мемлекеттердің бірі болып табылады, жоғары өмір сүру деңгейімен және тұрақты экономикасымен ерекшеленеді.

Люксембург: Орташа жалақысы айына 6 110 доллар, қаржы секторындағы табысты дамуы және шағын көлемді, бірақ қуатты экономикасы арқасында жоғары жалақымен танымал.

Дания: Бұл елде орташа жалақы шамамен 5 685 долларды құрайды. Данияда өмір сүру деңгейі жоғары, ал жұмысшылардың жұмысқа қанағаттану деңгейі әлем бойынша ең жоғары көрсеткіштердің бірі.

АҚШ: Орташа жалақы шамамен 4 700 доллар. Экономикасының күштілігі және әртүрлі салалардағы (медицина, қаржы, технологиялар) табысты қызметі бұл елді жоғары жалақы төлейтін мемлекеттер қатарына қосты.

Аталмыш елдердегі жалақы көрсеткішінің жоғары болуы экономиканың дамуы мен өмір сүру деңгейінің жоғарылығына тікелей байланысты.