"Қазақшылыққа салынып, чекап жасамай жүре бердім": Актер Мұрат Бисембин әр қазақ есіне сақтауға тиіс кеңес берді - kaz.caravan.kz
  • $ 498.34
  • 519.72
-1 °C
Алматы
2024 Жыл
23 Қараша
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Қазақшылыққа салынып, чекап жасамай жүре бердім": Актер Мұрат Бисембин әр қазақ есіне сақтауға тиіс кеңес берді

"Қазақшылыққа салынып, чекап жасамай жүре бердім": Актер Мұрат Бисембин әр қазақ есіне сақтауға тиіс кеңес берді

Қазақстандықтар актердің қатерлі ісікке шалдыққаны туралы бір ай бұрын әлеуметтік желі арқылы білді.

  • 21 Қазан
  • 21
Фото: сұқбаттан алынған

«Рэкетир» фильмі арқылы үлкен танымалдылыққа ие болған белгілі актер Мұрат Бисембин қатерлі ісікпен қалай күресіп жатқаны туралы жақында берген сұқбатында айтты, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

YouTube арнасында шыққан сұқбаттан түйгеніміз, өнер иесі әр қазақ есіне сақтауға тиіс маңызды кеңес берді. Біріншісі, ол чекап жасап тұру қажеттігі. Өнер иесі қазақшылыққа салынып, чекап жасамай жүре бергенін, еш жерім ауырмайды, маған оның не қажеті бар деп жүргенін жасырмай айтты.

«Менің танысым чекап өтуге кеңес берді. Тіпті уәдемді алды. Себебін сұрағанда, сенің бетіңнің өңі өзгеріп, сарғыштанып кетіпті деп алаңдаушылық білдірді», — дейді ол.

Рас айтады. Өте көп адам сөйтіп жүре береді. Жарайды, тұтас чекап жасау қымбат делік. Көп адамның жағдайы келмейтін шығар. Бірақ тым болмағанда қарапайым УЗИ-ден өтіп, анализ тапсырып тұрмайды. Бәрі емес, бірақ көбі сөйтеді. Қатты ауырғанда ғана барады. Ал алдын-ала тексеріліп тұру өте маңызды. Көбі оны түсінбейді. “Уақыт жоқ”, “қаржы жоқ”, “денім сау, оның қажеті жоқ” деп кейінге ысыра береді. Жылына бір мәрте УЗИ-ден өтіп, анализ тапсыру үшін көп қаржы керек те емес. Бұл қауіпті дерттердің алдын алуға, денсаулығыңызды жақсы қалыпты ұстауға көмектеседі.

Екінші айтқаны, ол энергетикалық сусындар жайында.

“Алты жыл бойы интервалды ашығу тәжірибесін өміріме енгіздім. Тәулігіне бір рет тамақтанып жүрдім. Энергетикалық сусындар мен қантсыз кола іштім. Таңертең ішіп, кешке дейін солай жүре беретін едім. Сол тәбетімді басып, керемет тәсіл ойлап тапқаныма мәз болдым. Кейін жұбайым менің тамақты тіпті аз ішіп, кейде тәбетім соқпай, мүлде жемейтінімді айтып, күдіктене бастады. Дегенмен, интервалды ашығу жақсы, денсаулығы жақсы адамдар үшін. Ал энергетикалық сусындардың кері әсері көп. Осылар менің ауруымның асқынуына септігін тигізді деп ойлаймын», — деді актер.

Қазір жастар ең зиян, ең қауіпті сусындарға еттері үйреніп барады. Жарнамасы жер жаратын энергетикалық сусындарды күніне бірнеше данасын ішу әдетке айналған. Денсаулық сақтау министрлігінің бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев 21 жасқа толмағандарға зиян өнімді сатпау туралы шектеу енгізілетінін айтты. Мамандар құрамында таурин, мелатонин, карнитин сияқты 10-15 түрлі қоспасы бар өнімді тұтыну жүрек-қан тамыры, қант диабеті, бүйрек, жүйке тамырлары ауруына алып келетінін жеткізді.

Депутаттар ұсынылған түзетулер бизнесті белгілі бір дәрежеде шектегенімен, сусынның зияны елге тиіп жатқанын жеткізді. Сол себептен энергетикалық сусын өндіретіндерге салық та көтерілуі мүмкін.

«Қазір жастар “Gorillaны құртпен ішсе керемет” деп отырады. Оны тіпті әлеуметтік желіде әзіл етіп алған. Дей-тұра бұл күлетін нәрсе емес. Күніне 3-4 құтысын ішетіндер бар. Dizzy, Red Bull және басқа деп кете береді. Сұмдық енді. 500-600 теңгеге ауруды өз қолдарымен сатып алып жатыр», — деп пікір білдірді саясаттанушы Асхат Қасенғали.

Қазақстандықтар актердің қатерлі ісікке шалдыққаны туралы бір ай бұрын әлеуметтік желі арқылы білді. Ол туралы Саят Исембаев айтқан. Ал актердің өзі жаман ауру туралы төрт ай бұрын білген. Осы уақытқа дейін төрт мәрте химиотерапия алып үлгерген. Ал оған қыруар ақша кететіні анық. Германия, Оңтүстік Корея, тіпті АҚШ-қа барып емделуге ұсыныстар түскеніне қарамастан, актер әрі қарай емделуін Қазақстанда жалғастыратынын мәлімдеді. Сұқбатында актер көмектескісі келетіндердің ниетіне қарсы емес екенін айтты.

«Мен әрқашан жүрегімді тыңдаймын. Курс бойынша сегіз рет химиотерапиядан өту керек, мен тек төртеуін өттім де, өзіме тоқтау салдым. Бұл ішкі дүниемнің қалауы. Емделудің басқа да тәсілдерін байқап көремін. Қолымнан келгеннің барлығын жасаймын. Дәрігерлер иммунтитетімді көтеріп, тек позитивті ойда болуға кеңес берді. Қазір тек жақсы әрі көңілді адамдармен араласамын. Тәулік бойы позитивті көңіл-күй сыйлайтын фильмдер мен сериалдар, тіпті бала кезімдегі мультфильидеді қосып қоямын. Отбасым өте тату, әрдайым түрлі тақырыптарға сөйлесеміз. Ол да маған күш қуат береді. Спортпен айналысуды тоқтатқан жоқпын. Спорт менің өмірім, әлі де жүгіру, жүру, жаттығу залдарына барып тұрамын. Себебі ол кезде бұрынғы сау кезімдегі естеліктер көз алдыма елестеп, бақыт гармоны бөлінеді. Содан өзімді жақсы сезінемін. Ең бастысы адамның ойында тек қана жақсы ойлар болуы керек екен. Осы мақсатта дәл қазір өз шығармашылығымның көрмесін ұйымдастырып жатырмын. Мен аурып қалдым деп жататын адам емеспін. Әрқашан жұмыспен, немесе басқа да істермен көңілімді аулаймын. Менің бір ғана мақсатым бар — бұл ауруды жеңіп жығу. «Б» жоспарым жоқ», — деді Мұрат Бисембин.

Мұрат Бисембин қазір Астанада емделуде. Оған позитив терапиясы да көмектеседі. Сондай-ақ сұқбат соңында актер барша қазақстандықтарға ең алдымен денсаулығын күтуге және толыққанды өмір сүруге шақырды.