Допинг дауына ілінген қазақстандық спортшылар кімдер - kaz.caravan.kz
  • $ 499.65
  • 582.89
0 °C
Алматы
2025 Жыл
5 Желтоқсан
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Допинг дауына ілінген қазақстандық спортшылар кімдер

Допинг дауына ілінген қазақстандық спортшылар кімдер

Жәнібек Әлімханұлының ағымдағы жылдың 7 желтоқсанына жоспарланған жекпе-жегі өтпейтін болды.

  • 3 Желтоқсан
  • 177
Фото - Caravan.kz

WBO ресми түрде оның допинг тестінің оң нәтиже көрсеткенін растады. Қазір ішкі тексеріс жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Спортшы әлеуметтік желіде алғашқы сынамалары таза шыққанын айтып, қайта талдау нәтижесін күтіп отырғанын мәлімдеді. Допинг дауына байланысты Premier Boxing Champions ұйымдастырушылары Жәнібектің орнына колумбиялық боксшы Йохан Гонсалесті бекітті.


Бұған дейінгі ауыр атлетикадағы жаппай дисквалификациялар, Олимпиада чемпиондарының алтын медальдарынан айырылуы, футболшы Бауыржан Исламханның шеттетілуі — спорт жүйесіндегі түйткілдердің тереңдігін байқатады.

Осы ретте Caravan.kz медиа порталының тілшісі ел спортына үлкен соққы болған негізгі оқиғаларға шолу жасады.


Ауыр атлетикадағы дағдарыс: Зүлфия Чиншанло ісі

2023 жылы ауыр атлет Зульфия Чиншанло антидопинг ережесін қайта бұзғаны үшін 8 жылға спорттан шеттетілді. Оның сынамаларынан анаболикалық стероид “метандиенон” табылған. Осылайша ол ережені екі рет бұзды.

Алғаш рет ол 2016 жылы оның допинг қолданғаны белгілі болды. Ол кезде WADA 2012 жылғы Лондон Олимпиадасындағы сынамаларын қайта тексеріп, Чиншанлоның “Оксандролон” және “Станозолол” қолданғанын анықтады.

Илья Ильин және қайтарылған медальдар

Қазақстан спортының ең жарқын өкілдерінің бірі Илья Ильин де екі Олимпиададан алған алтындарын қайта тапсыруға мәжбүр болды.

2008 және 2012 жылдардағы сынамаларды қайта талдау нәтижесінде оның анализдерінен станозолол және дегидрохлорметилтестостерон табылды.

2016 жылы Ильин Рио Олимпиадасына жіберілмей, қараша айында екі Олимпиада алтынынан толықтай айырылды.

Айта кету керек, Илья Ильиннің ісі Қазақстан үшін ғана емес, бүкіл әлем спортындағы ең үлкен допинг жанжалдарының бірі болды. Бұл жағдай ел спортының беделіне айтарлықтай нұқсан келтірді және федерация жұмыстарын түбегейлі қайта қарауға себеп болды.

Ашық мойындаған ауыр атлет

Ауыр атлетикадан әлем чемпионатының күміс жүлдегері Алмас Өтешов «Уақыт көрсетеді»Youtube жобасына берген сұхбатында допинг қабылдағанын мойындаған еді. 

«Допинг деген дәрі жоқ. Қарапайым аспирин ішсеңіз де, ол допинг болып саналады. Бұл жай ғана атауы ғой. Бірақ оның ішінде тестостерон секілдісі де бар. Бізге осының бәрін салады. Қазақстан Ұлттық допингке қарсы орталығымен біздің министрлер келіседі. Оның бәрі ақша. Бізде «двойник» деген бар. Мысалы, менің двойнигім інім болды. Олар бізді тексеруге келгенде Айдос деген інім Алмас Өтешов болып қан, дәретін тапсырады. Өйткені ол жақта бәрі келісіліп қойған. Илья Ильиннің өзінің ағасы бар, оның орнына ағасы тапсырады. Бұл жерде бәрі коррупция ғой. Илья Ильиннің де допинг қабылдағаны өтірік емес, біз бәріміз допинг қабылдадық. Біз ешкімді алдаған жоқпыз. Допинг қабылдағаным жария болғаннан кейін де маған сыйланған үйді қайтарған жоқпын. Мен оны неге қайтаруым қажет? Біз елдің туын көтердік қой, мемлекет те бізді пайдаланды. Бізге дәріні Қытай немесе Ресей әкеп берген жоқ қой, бізге оны өзіміздің үкімет берді», — деді ол.

Бауыржан Исламхан

2020 жылдың соңында Қазақстан футбол құрамасының капитаны Бауыржан Исламхан тыйым салынған метилгексанамин қолданды деген айыппен екі жылға спорттан шеттетілді.

Бұл препарат жүрек соғысын жиілетіп, жұмыс қабілетін арттырады және ауыр жүктемелерден кейін жылдам қалпына келуге көмектеседі.

Мұндай допинг дауы футболда салыстырмалы түрде сирек кездесетіндіктен Бауыржан Исламханға тағылған айып қоғамда қызу талқыланды.

Қазақстандық спортышалар кейінгі жылдары үлкен жетістіктерге жетсе де, допинг даулары ел спортының беделіне елеулі түрде әсер етті. Алмас Өтешовтің ашық мойындауы, Илья Ильин мен Зульфия Чиншанло сияқты спортшылардың жағдайлары бұл мәселенің тек жекелеген оқиғалар емес, жүйелік сипатта екенін көрсетеді.

Таза спортты сақтау үшін тек спортшыларға ғана емес, федерациялар мен мемлекеттік органдарға да жауапкершілік жүктелуі тиіс. Медициналық бақылау мен білім беру бағдарламаларын күшейту, халықаралық талаптарға сәйкес жұмыс істеу, сыбайлас жемқорлыққа қарсы нақты шаралар қабылдау — отандық спорттың халықаралық аренада сенімді әрі таза имиджін қалпына келтірудің негізгі шарты.




Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера Перейти на сайт партнера