"Біз мынадай бейрационал, дарақы деңгейге қалай жеттік": Журналист ата-анасын қарызға батырып, аста-төк бітіру кешін жасайтын түлектер туралы - kaz.caravan.kz
  • $ 488.96
  • 569.49
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
2 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
"Біз мынадай бейрационал, дарақы деңгейге қалай жеттік": Журналист ата-анасын қарызға батырып, аста-төк бітіру кешін жасайтын түлектер туралы

"Біз мынадай бейрационал, дарақы деңгейге қалай жеттік": Журналист ата-анасын қарызға батырып, аста-төк бітіру кешін жасайтын түлектер туралы

Танымал журналист Айнұр Бекова әлеуметтік желі мен ондағы "лайктың" әсері адамдарды қалай даралыққа әкелгенін жайып салды.

  • 2 Маусым
  • 3
Фото: Instagram/info_aqtobe

Ол қазіргі ата-аналардың несиеге белшесінен батып, балаларына үйіп-төгіп бітіру кешін жасайтын түлектерді қатаң сынға алды, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Бұл туралы ол желідегі парақшасында мәлімдеді.

«Дарақылықтың метрлік символы… немесе бір күнде солатын гүлдің бірнеше айға созылатын қарызы туралы пост

Жылда мамырдың соңында әлеужелілерде соңғы қоңырау, VIP кортеждер, қымбат сыйлықтар туралы талқыланады. Биылғы талқы метрлік гүл шоқтары туралы екен. Мектеп бітіріп жатқан қыздардың бойынан асатын, бағасы бір отбасының бір айлық азық-түлігінен қымбат раушандарды құшақтап түскен видеолары желіні жарып жатыр.

Сырт көзге бәрі әдемі, бәрі «богатый», лухари, шик… Бірақ… Бұл балалар мектепті енді бітірді, өздері бір тиын да таппайды. Елдегі инфляция мен қымбатшылықты бәріміз көріп отырмыз, ата-аналарының ақшаны күреп тауып жатқан жағдайы да шамалы. Сонда өздері таппаған, ата-анасы әрең тапқан ақшаға бұл не қылған көзбояушылық? Біз мынадай бейрационал, дарақы деңгейге қалай жеттік?

Мұның артында бірнеше қорқынышты әлеуметтік диагноз жатқанын көруге болады. «Ұят болады» мен «Біреуден кембіз бе?» синдромы. Біз әлі де өз мүмкіндігімізге емес, өзгенің сөзіне қарап өмір сүретін қоғамбыз. Оны мойындау керек. «Балам елдің алдында күшті көрінсін, сыныптастарынан кем болмасын» деген соқыр махаббат ата-ананы ақылдан айырды. Ақша жоқ па? Ештеңе етпейді, қарыз алады, несиеге батады, бірақ әлгі гүлді бәрібір сатып әпереді. Өйткені намыс гүлдің ұзындығымен өлшенетін деңгейге жетті.

Одан сорақысы, қазіргі адамдар өмірді лайк үшін сүре бастаған (TikTok эффектісі) Шын керек, қазіргі жастарға әлгі гүлдің иісі де, сұлулығы да маңызды емес. Ол гүл — өсімдік емес, ол — әлеуметтік желідегі «контент». Құрбыларының алдындағы «статус». Қазіргі ұрпақ сезімді шынайы бастан кешу үшін емес, оны желіге салып, лайк жинау үшін өмір сүруге көшіп барады. Видео трендке шықса болды, әке-шешенің қалай қиналатынына бас ауыртпайды.

Экономикада «Веблен эффектісі» деген түсінік бар. Қарапайым тілмен айтсақ, демонстрациялық тұтыну, яғни адамдардың өз мәртебесін көрсету үшін тауарды қымбат болғаны үшін ғана сатып алуы. Қазақстандағы қаржылық жүйе (бөліп төлеу, микронесиелер) кез келген адамға бес минутта «миллионер» болу иллюзиясын сыйлайды. Қалтасында 5 мың теңгесі бар адам, 150 мың теңгенің гүлін 12 айға бөліп ала салады. Қаржылық сауатсыздық пен несиенің оңайлығы дарақылықты техникалық тұрғыдан қолжетімді етіп қойды.

Негізі мектеп бітіру 11 жылдық интеллектуалдық еңбектің, білімнің қорытындысы болуы керек еді. Бірақ дәл осы көрініске қарап бүгінде алған білім мен тәрбиенің, оқыған кітаптың құны қалды деп айтуға бола ма? Қоғам «диплом ештеңе шешпейді» деген нарративті санаға құйып тастаған соң, жастар білімімен емес, үстіндегі киімімен, қолындағы гүлімен жарысуға көшті. Рухани бәсеке материалдық бәсекеге жеңілді. Құндылықтардың құлдырауы дейсіз бе…

Басты сұрақ, бұған кім кінәлі? Енді кінәні біреуге артуымыз керек қой) Бұл деңгейге біз бір күнде келген жоқпыз. Бұл — көзбояушылықты сүйетін жүйенің, несиемен бай көрінгісі келетін экономиканың және лайкқа құныққан әлеуметтік желінің бізге берген «жемісі

Ең сорақысы — сол үш күннен кейін солып, қоқысқа ұшатын, бірақ ата-анасы айлап қарызын төлейтін «метрлік гүлдердің» балаға ешқандай тәрбиелік мәні жоқ. Бұл — баланың санасына ерте бастан «шынайы болуды емес, сырт көзге әдемі көрінуді» егетін қауіпті вирус. Әрі оны ата ананың өзі жұқтырып жатыр. Қоғам ретінде бұл «көрсеқызарлық дерттен» айығу үшін бізге ең алдымен жаппай қаржылық сауат пен нақты, шынайы адами құндылықтарды насихаттау керек.

Ех, көрсеқызарлықпен емес, қарапайымдылықпен жарысатын күнге қашан жетеді екенбіз?», — деп жазды ол.