СЭС жауабынан кейінгі сұрақтар: Шағын қоғамдық тамақтану орындарында сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін кім бақылайды?  - kaz.caravan.kz
  • $ 487.44
  • 567.38
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
8 Маусым
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
СЭС жауабынан кейінгі сұрақтар: Шағын қоғамдық тамақтану орындарында сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін кім бақылайды? 

СЭС жауабынан кейінгі сұрақтар: Шағын қоғамдық тамақтану орындарында сатылатын өнімдердің қауіпсіздігін кім бақылайды? 

Жаңа қоғамдық тамақтану нысандары нарыққа шығар алдында олардың өнім қауіпсіздігі жеткілікті деңгейде тексеріле ме?

  • 8 Маусым
  • 133
Фото: ЖИ

Caravan.kz медиа порталының тілшісі тиісті органдардың жауабынан кейін тақырыпты әрі қарай зерттеп көрді. 

Не болды? 

Мамыр айының ортасында әлеуметтік желі WeDrink желісінде сатылатын өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігіне қатысты шағымдарға толды. Артынша біз осы тақырыпта ауқымды материал дайындап, тиісті органдарға сауал жолдадық. Пайдаланушылар сусындар мен десерттерді тұтынғаннан кейін өздерін жайсыз сезінгенін жазып, өнімнің сапасы, құрамы және денсаулыққа әсері туралы сұрақтар көбейді. Әсіресе балалар мен жасөспірімдер арасында танымал болғандығы ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. 

Оқи отырыңыз: Жүрек айну, әлсіздік: Жасөспірімдер арасында трендке айналған арзан сусын денсаулыққа қаншалықты зиян?

Осыған байланысты редакция мәселенің мән-жайын анықтау және қолданыстағы бақылау тетіктерін зерттеу мақсатында мемлекеттік органдарға ресми сауалдар жолдаған болатын.

СЭС не дейді?

Редакция сауалына берген жауабында Астана қаласының Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті WeDrink желісінің қызметіне байланысты тағамнан жаппай улану жағдайлары тіркелмегенін хабарлады.

Сондай-ақ ведомствоға аталған желінің өнімдерін тұтынғаннан кейін улану немесе жіті ішек инфекциялары жөнінде шұғыл хабарламалар түспеген. Бұдан бөлек, WeDrink өнімдерін тұтынғаннан кейін денсаулығының нашарлағаны туралы азаматтардан ресми шағымдар да келіп түспеген.

Департамент өз жауабында ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 144-бабының 4-тармағына сілтеме жасайды. Аталған нормаға сәйкес, адам өмірі мен денсаулығына тікелей қауіптің алдын алу немесе оны жою мақсатында нақты субъект немесе объект бойынша анықталған фактілер мен мән-жайлар негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіледі.

Ал Кодекстің 144-бабы 5-тармағының 3 тармақшасына сәйкес, жоспардан тыс тексеруге жеке немесе заңды тұлғалардың заңнама талаптарының бұзылғанын дәлелдейтін жеткілікті негіздер мен растайтын материалдар қоса берілген өтініштері негіз бола алады.

Департаменттің түсіндіруінше, әлеуметтік желідегі жазбалар мен пікірлер, егер олар медициналық құжаттармен расталмаса, тексеруге жеткілікті негіз болып саналмайды.

СЭС ұсынған жауапта редакция жолдаған материалдар арасында өнімді тұтыну мен денсаулықтың нашарлауы арасындағы себеп-салдарлық байланысты растайтын медициналық құжаттар болмағаны көрсетілген. Атап айтқанда, көрсетілген жағдай бойынша медициналық көмекке жүгіну фактісі, қойылған диагноз немесе тағамнан улану дерегі туралы құжаттар ұсынылмаған.

Осыған байланысты ведомство жоспардан тыс тексеру жүргізуге құқықтық негіз жоқ деген қорытындыға келген.

Сауалға себеп болған оқиға

Редакцияға Астана қаласының тұрғыны жүгінген еді. Оның айтуынша, 16 мамыр күні WeDrink желісінің бір нүктесінен екі шай мен балмұздақ сатып алынған.

Анасының сөзінше, өнімдерді тұтынғаннан кейін бала өзін жайсыз сезініп, құсу, әлсіздік және қалтырау белгілері байқалған. Медициналық мекемеге жүгінбеген, алғашқы көмек үй жағдайында көрсетілген.

Редакция өнімді тұтыну мен денсаулықтың нашарлауы арасында себеп-салдарлық байланыс бар деп мәлімдемейді. Мұндай қорытындыны тек медициналық зерттеулер мен сараптамалар негізінде мамандар ғана жасай алады.

Алайда бұл жағдай қоғамдық тамақтану саласындағы қауіпсіздік және бақылау қалай жүзеге асырылатыны туралы сұрақтарға жол ашты.

СЭС жауабындағы бір тармақ жаңа сұрақтар туғызды

Департаменттің жауабындағы тағы бір маңызды жайтқа назар аударайық.  

Ведомствоның мәліметінше, WeDrink желісі 50 орынға дейінгі қоғамдық тамақтану объектілері санатына жатады. Мұндай объектілер эпидемиялық маңызы төмен объектілер ретінде қарастырылады.

Қазақстан Республикасының «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Кодексінің 24-бабына сәйкес, эпидемиялық маңызы төмен объектілер санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алмай-ақ, қызметінің басталғаны туралы хабарлама негізінде жұмыс істей алады.

Яғни кәсіпкерге қызметті бастау үшін мемлекеттік органға хабарлама жолдау жеткілікті. Алдын ала санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды алу талап етілмейді.

Дәл осы заң талабы жаңа сұрақтардың туындауына себеп болды.

Санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды деген не?

Заңнама мен мамандардың түсіндірулеріне сүйенсек, санитариялық-эпидемиологиялық қорытынды ең алдымен нысанның өзіне қатысты. Оған ғимараттың жағдайы, санитариялық талаптардың сақталуы, сумен жабдықтау, желдету жүйесі, өнімдерді сақтау тәртібі және өндірістік процестің ұйымдастырылуы сияқты мәселелер кіреді.

Алайда мұндай қорытынды жаппай сатылып жатқан сусындар мен десерттердің құрамын немесе балмұздақ өндірісінде қолданылатын қоспаларды алдын ала бекіту рәсімі болып табылмайды.

Осы жерде тағы бір маңызды сұрақ туындайды.

Егер кәсіпкер қызметін тек хабарлама негізінде бастап, алдын ала санитариялық бағалаудан өтпесе, онда тұтынушыға ұсынылатын өнімдердің құрамын кім тексереді?

Өнімдердің құрамын кім тексереді? 

Қолданыстағы жүйеге сәйкес кәсіпкер заң талаптарына сәйкес келетін шикізатты пайдалануға міндетті.

Теориялық тұрғыдан алғанда сироптар, концентраттар, тағамдық бояғыштар, хош иістендіргіштер, балмұздақ қоспалары және өзге де ингредиенттер қауіпсіздігін растайтын құжаттары болуы тиіс.

Алайда СЭС жауабынан белгілі болғандай, нысан ашылар алдында өнім құрамына жеке тексеру жүргізілмейді. Басқаша айтқанда, кәсіпкер мемлекеттік органға сусындардың рецептурасын, десерттердің құрамын немесе қолданылатын ингредиенттердің толық тізімін алдын ала келісуге ұсынбайды.

Қазіргі жүйе негізінен кәсіпкердің жауапкершілігіне, ал мемлекеттік бақылау шағымдар, улану фактілері немесе тексеру жүргізуге негіз болған жағдайда жүзеге асырылатын бақылау шараларына сүйенеді.

Сонда мемлекет нақты бір нүктеде дайындалатын өнімдер құрамының қауіпсіз екеніне тұтынушылардан шағым түспей тұрып қалай көз жеткізеді?

Бұл сұрақ әзірге ашық күйінде қалып отыр. Мүмкін Денсаулық сақтау министрлігі бұл сұраққа жауап беретін шығар. Әзірге редакция ресми жауап алмады. 

Үш жыл бойы тексеру жүргізілмей ме?

Департамент өз жауабында Кәсіпкерлік кодекстің 131-бабына да сілтеме жасайды.

Аталған нормаға сәйкес, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау мен қадағалау тіркелген күннен бастап үш жыл ішінде жүргізілмейді. Бұл ретте заңда көзделген жағдайларда жоспардан тыс тексерулер жүргізілуі мүмкін.

Әрине, бұл үш жыл бойы ешқандай бақылау болмайды дегенді білдірмейді. Алайда тағы бір маңызды сұрақ туындайды.

Егер нысан хабарлама негізінде ашылса, ал жоспардан тыс тексеруге негіз болмаса, онда нақты қолданылып жатқан шикізаттың, ингредиенттердің және дайын өнімнің қауіпсіздігі қалай бақыланады?

Үш жыл ішінде кәсіпорынның өнім ассортименті өзгеруі мүмкін. Жеткізушілер ауысуы мүмкін. Тіпті меншік иесі немесе бизнес құрылымы өзгеруі ықтимал.

Осының бәрі қолданыстағы бақылау тетіктерінің тиімділігі туралы қосымша сұрақтар туғызады.

Бұл мәселе тек WeDrink-ке қатысты емес

Бір желіден басталған шағымдар мәселенің әлдеқайда тереңде екенін көрсетті. Себебі дәл осындай тәртіп Қазақстандағы мыңдаған шағын кофеханаларға, донер сататын орындарға, сусын сататын дүңгіршектерге, десерт дүкендеріне және басқа да шағын қоғамдық тамақтану нысандарына қолданылады.

Сондықтан мәселе тұтас жүйеге қатысты.

Тұтынушылар шағымданғанға дейін мемлекет өнім қауіпсіздігін қаншалықты тиімді бақылай алады?

Қолданыстағы тетіктер халықтың денсаулығын қорғауға жеткілікті ме?

Балалар мен жасөспірімдер жиі тұтынатын өнімдердің құрамын кім және қалай бақылайды?

Денсаулық сақтау министрлігі не дейді?

Осы сұрақтарға жауап алу мақсатында редакция Денсаулық сақтау министрлігіне де ресми сауал жолдады.

Атап айтқанда, редакция:

  • сатылатын өнімдердің қолданыстағы талаптар мен сапа стандарттарына сәйкестігі;
  • сусындар мен десерттердің нақты құрамы;
  • пайдаланылатын шикізаттың сертификаттары мен сәйкестік декларацияларының болуы;
  • өнімдердің зертханалық зерттеулерден өтуі;
  • желіге қатысты бұрын жүргізілген тексерулер мен анықталған бұзушылықтар;
  • балалар мен жасөспірімдердің мұндай өнімдерді тұтынуына қатысты ұсынымдар туралы ақпарат сұрады.

Материал жарияланған сәтте Денсаулық сақтау министрлігінен жауап әлі келіп түскен жоқ.

Жауап алынғаннан кейін редакция тақырыпты әрі қарай жалғастырып, қосымша материал жариялайды.

Мемлекеттің де, қоғамның да жауапкершілігі бар

WeDrink айналасындағы жағдай өнім қауіпсіздігі мәселесінің қоғам үшін қаншалықты маңызды екенін тағы бір рет көрсетті. Әсіресе негізгі тұтынушылары балалар мен жасөспірімдер болып саналатын өнімдер ерекше бақылауда болу керек.

Әрине, мемлекет нарыққа шығатын өнімдердің қауіпсіздігіне тиімді бақылау жүргізуі тиіс. Жаңа қоғамдық тамақтану нысандары жаппай таралмай тұрып, олардың қызметі мен қолданылатын өнімдерінің қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар да орынды.

Десе де, барлық жауапкершілікті тек мемлекеттік органдарға жүктеп қою да дұрыс емес.

Дұрыс тамақтану мәдениеті ең алдымен отбасыдан басталады. Ата-аналар балалардың не тұтынатынына назар аударып, өнім құрамын әрдайым оқуға, пайдалы ақпарат көздерін пайдалануға және дұрыс тамақтану дағдыларын қалыптастыруға көңіл бөлуі қажет. Сондықтан әлеуметтік маңызы зор ақпараттық жұмыстарды көбейтіп, халықтың сауатын арттыратын жобаларды дамытуымыз керек.

Оқи отырыңыз: Тамақтану мәдениетін өзгертіп, зиянды тағам өндірушілерге салық салынуы керек: Семіздік дертімен қалай күресеміз?