Кеңес Одағы ыдырағаннан кейін посткеңестік мемлекеттерде тіл саясаты әртүрлі бағытта дамыды. Дұрыс бағыт таңдаған елдердің ұлттық тілі нығайып, қоғамдық өмірдің барлық саласына ене бастады. Ал кейбір елдер жүргізілген саясаттың салдарынан ана тілін мүлде жоғалту деңгейіне жетіп отыр. Бұл материалда Сaravan.kz медиа порталының тілшісі Қазақстан және Беларусь тәжірибесіне сүйеніп, тіл саясатының екі түрлі моделіне шолу жасайды.
Жергіліктендіру саясатынан қазіргі кезеңге дейін
Елдегі тіл саясатының тарихы кеңестік кезеңнің алғашқы жылдарынан басталады. 1923 жылы Қырғыз АКСР Орталық Атқару Комитетінің (сол кездегі Қазақстанның атауы) декреті қабылданып, құжатта жергілікті халық басым тұратын өңірлерде мемлекеттік мекемелердің іс жүргізу тілін біртіндеп қазақ тіліне көшіру туралы айтыла бастады, ал ұлттық құрамы аралас уездер мен губернияларда іс жүргізуді қазақ және орыс тілдерінде қатар жүргізу қарастырылды, бұл сол кезеңдегі кеңестік ұлттық саясаттың жалпы логикасымен сәйкес келетін жергіліктендіру саясатының бір бөлігі болды.
1926 жылдан бастап мемлекеттік аппаратта қазақ тілін білетін мамандарды қызметке тарту күшейтіліп, басқару құрылымында ұлттық кадрлардың үлесі арта түсті, бұл өз кезегінде қазақ тілінің әкімшілік кеңістікте орнығуына алғашқы институционалдық негіз қалыптастырды.
1920-1930 жылдар аралығында сақталған статистика жоқ. Десе де, 1938-1939 оқу жылының көрсеткіштеріне сүйенсек, қазақ тілінде білім алатын оқушылардың үлесі 57,3 пайызға жеткен, ал орыс тілінде оқитындардың үлесі 40,9 пайызды құраған, яғни сол тарихи кезеңде қазақ тілі білім беру жүйесінде басым позицияға ие болғанын көруге болады.
Соғыстан кейінгі кезең және тілдік өзгерістер
Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Қазақстандағы тілдік баланс біртіндеп өзгере бастады. Себебі индустрияландыру үдерісі, ішкі көші-қон, урбанизация және одақтық еңбек ресурстарының қайта бөлінуі орыс тілінің әлеуметтік және әкімшілік рөлін күшейтті, соның нәтижесінде білім беру жүйесінде де тілдік құрылым өзгеріске ұшырады.
Зерттеуде келтірілген деректер бойынша 1955-1956 оқу жылында қазақ тілінде оқитындардың үлесі 34 пайызға дейін төмендеп кеткен. Ал орыс тілінде оқитындардың үлесі 63 пайызға дейін өскен. Осылайша қазақ тілінің мәртебесі сол кезеңде айтарлықтай әлсіреді.
1955 жылы қабылданған шешім бойынша орыс тілінде оқытатын мектептерде қазақ тілін міндетті түрде оқыту нормасы алынып тасталды. Мұндай қадам орыс тілінің мәртебесін арттырып, қазақ тілінің институционалдық қолданысын одан әрі шектеді.
Демографиялық фактор және әлеуметтік өзгерістер
Байларды тәркілеу, кулактарды жою, жер аудару, 1931-1933 жылдардағы жаппай ашаршылық, 1930 — жылдардағы саяси қуғын-сүргін, кейін Қазақстанға сырттан келген көші-қон толқындарының күшейе түсуі нәтижесінде, республикадағы қазақтардың үлесі де құлдырап түсіп кетті. Егер 1897 жылы Қазақстанның қазіргі территориясына сай жер аймағында қазақтардың үлесі 81,7% болса, 1917 жылы 58,0 %, 1926 жылы 58,5%, ал 1939 жылы 38,0%-ға дейін төмендеді. Екінші дүниежүзілік соғыс жылдары Қазақстан халқы да көп шығынға ұшырады, 1,2 млн азамат Отан қорғауға аттанды, оның жартысынан көбі елге қайта оралмады, 700 мыңнан астам адам тылдағы ауыр жұмысқа шақырылды. Соғыс жылдары тұрғындар арасында өлім-жітім көбейіп, туу азайды. Қазақстанға көптеген халықтар (неміс, чешен, қарашай, және т.б.) күшпен аударылды, Карлаг, Степлаг сияқты жерлердегі тұтқындар көбейді. Соғыстан кейін басталған тың және тыңайған жерлерді игеруге, одақтық маңызы бар өнеркәсіп орындарын салуға және дамытуға 2 миллионнан астам жұмысшы күші келді. Осының бәрінің салдарынан республикадағы қазақтардың үлесі (саны 1939 жылы салыстырғанда 467,3 мыңға көбейгеніне қарамастан) 28,9%-ға дейін түсіп кетті, яғни қазақтар өз елінде халықтың азшылығына айналды, ал орыстар, украиндар мен беларустар көпшілік болып шыға келді (олар тиісінше 42,7%, 8,2 % және 1,1% болып, үшеуін қосқанда 52%-ға жетті).
Осылайша 1959 жылғы санақ қазақтардың үлесінің ең төменгі құлдырау шегі болып саналады. Бұл демографиялық құрылым қазақ тілінің әсіресе қалалық ортадағы позициясына әсер етіп, оның негізгі қолданылу кеңістігін ауылдық аймақтарға қарай ығыстырды.
1980 жылға дейін Алматы қаласында қазақ тілінде оқытатын мектептердің саны өте шектеулі болғаны белгілі. Тіпті сол кезеңде қалада қазақ тілінде білім беретін жалғыз мектеп ретінде №12 мектеп аталады, ал 1988-1989 оқу жылында қазақ тілінде оқитын оқушылардың үлесі ең төмен деңгейге түсіп, 30,2 пайызды құраған.
1989 жылғы заң және бетбұрыс
1989 жылғы 22 қыркүйекте «Қазақ КСР тілдер туралы заңы» қабылданды. Осы Заңға сәйкес Қазақ КСР мемлекеттік тілі болып қазақ тілі жарияланып, орыс тілі ұлтаралық қатынас тілі мәртебесіне ие болды. Аталмыш шешім Қазақстандағы тіл саясатының жаңа тарихи кезеңін бастап берді және кейінгі жылдардағы тілдік трансформацияның құқықтық негізін қалыптастырды.
«Қазақстан Беларусь елінің қателігін қайталамады. Орыс тіліне мемлекеттік тіл статусын бермеді. Нәтижесін қазір көріп отырмыз, қазақ тілінің мәртебесі заң қабылданған жылдардан қазірге дейін тек күшейіп келеді», — дейді Руслан Ғаббасов.
Зерттеуде келтірілген қазіргі деректерге сүйенсек, 2025-2026 оқу жылында қазақ тілінде оқитындардың үлесі 66,6 пайызды құраған. Орыс тілінде оқитындардың үлесі 30,8 пайыз. Яғни ана тіліміз ұзақ мерзімді перспективада тек нығайып келе жатыр дегенді білдіреді.
Конституциялық өзгерістер және тілдік мәртебе
Қазіргі Конституцияға сәйкес, қазақ тілі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі болып табылады және оның мемлекеттік басқару, заң шығару және қоғамдық өмірдің негізгі салаларындағы мәртебесі айқын бекітілген.
Ал орыс тіліне келетін болсақ, оның құқықтық статусы өзгеріссіз сақталғанымен, ол мемлекеттік тілмен бір деңгейде емес. Қолданыстағы нормаларға сәйкес орыс тілі мемлекеттік ұйымдарда және жергілікті өзін-өзі басқару органдарында қазақ тілімен қатар ресми түрде қолданыла алатын тіл ретінде белгіленген. Яғни Жаңа Конституцияның 9-бабына өзгерістер енгізіліп, «тең» сөзі «қатар» деп ауыстырылды. Орыс тілі мемлекеттік тіл мәртебесін иеленбейді, бірақ әкімшілік және қоғамдық коммуникацияда қосымша ресми қолдану тілі ретінде сақталады.
Беларусь қандай қателік жіберді?
Беларусь тәжірибесін посткеңестік елдердегі тілдік саясаттың қарама-қарсы үлгісі ретінде қарастырсақ болады. Өйткені 1990 жылдары белорус тілі мемлекеттік мәртебе алғанына қарамастан, мұндай саясат ұзаққа бармады.
1990–1991 оқу жылында белорус тілінде оқитындар үлесі 19,7 пайызды, ал 1994–1995 оқу жылында 40,6 пайызды құраған, яғни қысқа мерзім ішінде айтарлықтай өсім байқалған.
Алайда 1995 жылғы референдумнан кейін орыс тілі белорус тілімен тең мемлекеттік мәртебеге ие болды. Дәл осы шешім ұлттық тілдің әлсіреуіне әкелді. Бұл шешімді кезінде халықтың 83,3 пайызы қолдаған екен. Осы өзгерістерден кейін белорус тілінің білім беру жүйесіндегі үлесі біртіндеп төмендеп, 2025–2026 оқу жылына қарай 8 пайызға дейін қысқарған. Ал орыс тілінде оқыту 92 пайызға дейін жетті.
Шетелдегі башқұрт ұлттық қозғалысы комитетінің жетекшісі Руслан Ғаббасов көрші елдегі тілдік жағдайды талдай отырып, бұл үдерістің терең әлеуметтік салдары бар екенін атап өтті.
«Қазіргі таңда белорус тілінде оқитын оқушылар саны 1920 жылғы деңгейден де аз. Ол кезде бұл көрсеткіш 14,3 пайыз болған. Осылайша, белорус тілі тәуелсіз мемлекет бола отыра, өз жерінде, ЮНЕСКО жіктемесі бойынша жойылу қаупі бар тілдердің қатарына жақындап қалды», — дейді сарапшы.
1999 жылғы деректерге сәйкес, белорус тілі кейбір облыстарда басымдыққа ие болған. Ал Минск қаласы мен Витебск, Могилев, Гомель және Брест облыстарында орыс тілі үстемдік еткен. 2009 және 2019 жылдардағы санақтар бойынша елдің барлық өңірлері, соның ішінде астана да толықтай орыс тілді ортаға айналды.
Беларусь Ұлттық Республикасының (қазіргі эмиграциядағы үкімет) пікірінше, бүгінгі күні елде жүргізіліп отырған саясат белорус тілін ығыстыруға бағытталған.
Олардың айтуынша, мемлекеттік телеарналар мен радио толығымен орыс тіліне көшірілген, белорус тіліндегі басылымдар қысқартылып немесе жабылған, ұлттық бағыттағы жазушыларға мемлекеттік баспаларда жариялануға мүмкіндік берілмейді, ал көптеген елді мекендерде балаларға белорус тілінде білім алу мүмкіндігі шектелген немесе мүлде жойылған, өйткені белорус тіліндегі сыныптар жабылған.
«Мен Литвада жиі белорустармен кездесемін, олар елден кетуге мәжбүр болған. Сол ондаған адамдардың ішінде тек біреуі ғана белорус тілін еркін меңгергенін көрдім, қалғандарының барлығы тек орыс тілінде сөйлейді, тіпті өзара да орыс тілін қолданады», — дейді сарапшы.
Беларусь тәжірибесі біз сияқты көрші елдерге қалай жасамау керектігін көрсеткен сабақ іспетті. Себебі мемлекеттік тіл заң бойынша статусы болса да, оның мәртебесі білім беру, медиа және мемлекеттік институттарда жүйелі түрде қолданылса ғана нығаяды. Кері жағдайда, уақыт өте келе оның қоғамдағы статусы әлсіреп, тіпті символикалық деңгейге дейін төмендеуі мүмкін.
Сондықтан келесі материалымызда біз осы тақырыпты жалғастыра отырып, қазақ тілінің тек білім беру саласында ғана емес, сонымен қатар мансап, мемлекеттік қызмет және экономикалық мүмкіндіктер тұрғысынан қандай рөл атқаратынын, яғни қазақ тілінің “карьера тіліне” айналу үдерісін жан-жақты қарастыратын боламыз.