Бұл туралы «Respublica» партиясы фракциясының депутаттары Үкіметке жолданатын депутаттық сауалда мәлімдеді, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.
Депутаттардың айтуынша, Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, «Таза Қазақстан» – бір реттік экологиялық акция емес, жаңа қоғамдық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бастама.
«Таза Қазақстан» ұғымы қоршаған ортаны таза ұстаумен ғана шектелмейді. Ол ниет пен іс-әрекеттің тазалығын, әділдікті, адамдарға, өзгенің еңбегіне, қоғамдық мүлікке және өз еліне деген құрметті қамтиды.
Осыған байланысты депутаттар бастама қалалар мен ауылдардың келбетін өзгертумен қатар, азаматтардың мәдениеті мен ойлау жүйесіне де ықпал етуі қажет деп есептейді.
Тазалықты акция емес, күнделікті әдетке айналдыру керек
Депутаттардың пікірінше, қоғам айналаны тазалауға үйренгенімен, ендігі міндет – тазалықты күнделікті өмір салты мен мәдениетке айналдыру.
Бұл құндылықтарды бала кезден қалыптастыру қажет. Өйткені мінез-құлық мәдениеті алғашқы айыппұлдан кейін емес, одан әлдеқайда ертерек – отбасында, балабақшада және бастауыш сыныпта қалыптасады.
«Бала ненің жақсы, ненің жаман екенін біліп қана қоймауы керек. Адамдарға құрмет, әділдік, жауапкершілік, өзгенің еңбегіне және өз еліне ұқыпты қарау баланың ішкі қағидаттарына айналуы тиіс», – дейді депутаттар.
Олардың айтуынша, тәрбие жұмысының тиімділігін өткізілген іс-шаралар мен есептердің санымен бағалау жеткіліксіз. Негізгі өлшем баланың күнделікті мінез-құлқынан, қалыптасқан дағдылары мен жауапкершілігінен көрінуі тиіс.
Құндылықтарды жас ерекшелігіне қарай енгізу ұсынылды
«Respublica» фракциясының депутаттары Үкіметке бірнеше ұсыныс жасады.
Біріншіден, «Таза Қазақстан» қағидаттарын балабақшалар мен мектептердің күнделікті тәрбие жұмысына енгізу ұсынылды. Депутаттар мұндай құндылықтар жекелеген акциялар немесе сынып сағаттары арқылы ғана емес, баланың күнделікті іс-әрекеті арқылы қалыптасуы қажет деп санайды.
Екіншіден, тәрбие жұмысын баланың жас ерекшелігіне қарай кезең-кезеңімен жетілдіру ұсынылды.
Депутаттар білім беру жүйесінде негізгі құндылықтар дымынадай тәртіппен жүйелі түрде қалыптастыруды ұсынды:
• балабақша мен бастауыш сыныптарда – «Таза Қазақстан» қағидаттары;
• орта буында – «Әділетті Қазақстан» құндылықтары;
• жоғары сыныптарда – «Заң және тәртіп», «Адал азамат» қағидаттары.
Бұл арқылы балалардың заңға құрметін, азаматтық жауапкершілігін, елге, қоғамға және айналасына жанашырлықпен қарауын қалыптастыру көзделеді.
«Міндетіміз – таза ел ғана емес, жауапты ұрпақ тәрбиелеу»
Депутаттар «Таза Қазақстан» идеясын қоршаған ортаны абаттандырумен ғана шектемеу қажет екенін атап өтті.
«Біздің міндетіміз – Қазақстанды жай ғана таза ету емес. Біздің міндетіміз – тазалық, әділдік, құрмет пен жауапкершілік ішкі қағидатына айналған ұрпақ тәрбиелеу», – делінген депутаттық сауалда.
Осы ұсыныстар Үкіметке жолданатын депутаттық сауалға енгізілді. Құжат Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Олжас Бектеновке жолданады.