«38. Соңғы нүкте»: Орманшылардың ұмытылмас ерлігін, қасіретті оқиғаны еске алатын туындыны әр қазақстандық көруге тиіс - kaz.caravan.kz
  • $ 450.79
  • 524.13
+31 °C
Алматы
2026 Жыл
11 Қыркүйек
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
«38. Соңғы нүкте»: Орманшылардың ұмытылмас ерлігін, қасіретті оқиғаны еске алатын туындыны әр қазақстандық көруге тиіс

«38. Соңғы нүкте»: Орманшылардың ұмытылмас ерлігін, қасіретті оқиғаны еске алатын туындыны әр қазақстандық көруге тиіс

Абай облысындағы Семей орманы аумағында болған алапат өрт халықтың жадында ауыр қасірет ретінде қалды. 

  • 11 Қыркүйек
  • 1
Фото: t.me/abai_oblysynyn_akimdigi

Елімізде болған ірі табиғи апаттардың зардабы мен сол кезеңде қызметтік міндетін атқарып, адам өмірі мен табиғатты қорғау жолында қаза болған азаматтардың ерлігі ел жадында сақталуға тиіс маңызды оқиғалардың бірі. Сондықтан қыркүйектен бастап жарыққа шыққан туындыны әр қазақстандық көруге тиіс, деп хабарлайды Caravan.kz медиа порталы.

Айта кетейік, 2023 жылғы Семей орманындағы алапат өрт Қазақстан үшін орны толмас трагедияға айналды. Мыңдаған гектар орманды жалын шарпып, қызметтік міндетін атқарып жүрген 15 орманшы қаза тапты. Бұл оқиға табиғи апаттың ауқымын ғана емес, күн сайын орманды қорғап жүрген адамдардың еңбегі мен олардың қандай қауіппен бетпе-бет келетінін де көрсетті. Апат талай отбасының шаңырағын шайқалтып, күллі елдің қабырғасын қайыстырды.

Үш жылдан кейін осы оқиға «38. Соңғы нүкте» толықметражды фильмінің негізіне айналды. Көркем фильм 3 қыркүйектен бастап қазақстандық көрерменге жол тартты.

Фильмде табиғи резерват аумағында орын алған орман өрті кезінде қызыл жалынның ортасында қалған бір топ маманның тағдыры баяндалады. Күнделікті қызметін атқарып жүрген орманшылар аяқ астынан тілсіз жаудың құрсауында қалады. Апатпен арпалысқан сәтте кейіпкерлер кәсіби міндеті мен адамдық таңдауының, жақындарына деген сағынышы мен жауапкершілігінің арасындағы қиын шешімдерге тап болады.

Туындыда табиғатты қорғау жолында күн сайын өз өмірін қатерге тігетін мамандардың еңбегі, кәсіби борышқа адалдығы, достық пен отбасының қадірі, адам өмірінің бағасы және азаматтық жауапкершілік секілді құндылықтар көрініс табады.

Фильм желісі шынайы оқиғаларға негізделгенімен, авторлар нақты оқиғаны сол күйінде қайталамай, оны көркемдік тұрғыда қайта пайымдаған. Кейіпкерлер – авторлық қиялдан туған бейнелер. Осы арқылы картина табиғи апаттың ауқымын ғана емес, төтенше жағдай кезінде адам өмірін сақтап қалу жолындағы азаматтардың жауапкершілігі мен кәсіби борышын көрсетуге бағытталған.

Апат кезінде 60 мың гектардан астам орман алқабы қызыл жалынға оранған болатын. Өрттің таралуына тосқауыл қоюға жұмылған орман шаруашылығы қызметкерлері өз міндетін соңына дейін атқарып, ерлікпен қаза тапты. 

«38. Соңғы нүкте» фильмі осы азаматтардың ерлігін көркем тіл арқылы кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді.

Картина Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының тапсырысы бойынша түсірілген.

Фильмнің түсірілім жұмыстары Семей қаласы мен Абай облысы аумағында шамамен екі айға созылған. Түсірілім тобы үшін әсіресе өрт көріністерін түсіру күрделі болған. Себебі картинада орман ішіндегі өрт сахналары көп қамтылған.

Фильм продюсері Нұржігіт Хайдардың айтуынша, түсірілім барысында табиғатқа зиян келтірмеу мәселесіне ерекше мән берілген.

«Семей қаласында, яғни Абай облысында екі айға жуық түсірілім болды. Әрине, оңай болған жоқ. Біріншіден, бұл – іссапарлық түсірілім. Екіншіден, өрт сахналары өте көп. Бірақ жақсы мамандар жұмыс істеді. Өрт сахналарын түсіру барысында бірде-бір жасыл ағашқа зиян келтірілген жоқ. Бұл фильмге дейін Қазақстанда орман ішінде өрт сахналары ешқашан түсірілмеген», – деді Нұржігіт Хайдар.

Туындының жабық көрсетіліміне орман шаруашылығы саласында еңбек етіп, қауіп пен қатердің ортасында қызмет атқарып жүрген мамандар да қатысты.

«38. Соңғы нүкте» – табиғат апатының салдарын ғана емес, сын сағатта адам бойындағы азаматтық ұстаным, жауапкершілік пен отансүйгіштік секілді қасиеттердің қаншалықты маңызды екенін көрсететін шығарма.

Фильмді кинотеатрда тамашалау – отандық киноны қолдаумен қатар, ел тарихындағы маңызды оқиғаларға құрмет білдірудің, қызметтік борышын атқарып, ел мен табиғатты қорғау жолында қаза болған азаматтардың ерлігін ұлықтаудың бір жолы.