Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
12 қыркүйекте бизнесмен Нұрлан Смағұлов негізін қалаған Almaty Museum of Arts өзінің алғашқы жылдығын атап өтті. Музей басшылығы бір жылдағы жетістіктері мен алдағы жоспарларын таныстырды.


Музейдің мәліметінше, бір жыл ішінде мұнда 460 мыңнан астам адам келген. Келушілердің 56,5%-ын ересектер құраса, балалар, мектеп оқушылары, студенттер және жастардың үлесі 36%-ға жеткен. Ал жеңілдік санатына жататын келушілер 7,5% болған.
Бір жыл ішінде музей қызметкерлері 1 423 экскурсия өткізген. Экскурсия жүргізушілері осы уақыт аралығында шамамен 1,9 млн қадам жасап, жалпы 1 390 шақырым жүрген. Бұл Алматыдан Астанаға дейінгі қашықтықтан да көп.


Сонымен қатар музейде бір жылда 110-нан астам іс-шара ұйымдастырылған. Олардың қатарында дәрістер, пікірталастар, концерттер, фильм көрсетілімдері және басқа да мәдени шаралар бар.
Музей жанындағы Şeberhana шеберханасында да балалар мен ересектерге арналған шығармашылық сабақтар өткізілген. Алғашқы жыл ішінде мұнда 75 шеберлік сағаты ұйымдастырылып, оған шамамен 4 мың адам қатысқан.

