Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Ол “Qasqa Jol” YouTube арнасына берген сұхбатында қырғыз жігіттерінің бұл жолы жарысқа жақсы дайындалғанын атап өтті.
«Жеңілгенімізді толық мойындадық. Осы жолы қырғыз жігіттері көкпардан да, көк бөріден де мықты дайындалған. Ойын кезінде әртүрлі жағдайлар болды. Бірақ ол нәтижеге әсер еткен жоқ. Біздің жігіттер мен аттар әлсіз болды. Қазақстан құрамасы көкпардан да, көк бөріден де айқын басымдықпен жеңілді. Оны қабылдауымыз керек. Жігіттер де жеңілісті мойындады. Ойыннан кімнің мықты дайындалғаны көрініп тұрады», – дейді ол.
Журналист көкпарда аттың маңызы жоғары екенін айтып, жеңілістің басты себептерінің бірі ретінде аттардың дайындығын атады.
«Көкпар – командалық ойын. 70 пайызы атқа байланысты. Қазір жеңілістің себептерін салқынқанды сараптап жатыр. Біріншіден, аттың дайындығы әлсіз болды. Шымкент қаласы мен Жетісу облысы ат берген жоқ. Сол екі өңірде командалық көкпарға жарайтын екі мықты ат тұр. Бапкерлердің сол екі атқа көзі түсті. Негізі ойын кезінде бір аттың өзі көп нәрсені шешіп кетеді. Бізде Ұлттық ат спорт түрлері орталығы бар. Олар облыстарға “Жігіттерді оқу-жаттығу жиынына жіберіңіздер, ат беріңіздер” деп тапсырма береді. Бапкерлер ішінен мықтыларын таңдап алады. Жаңағы екі атты жеке адамдардікі деп бермеген. Ат иелерінің де атын айтпаған. “Ат жарақат алса, өліп қалса не болады” деп әлеуметтік желіде дау-дамай болып кетті. Ең қызығы, сол аттар алдағы Қазақстан чемпионатына қатысады. Бірақ Көшпенділер ойыны сияқты әлемдік аламандарда да аянып қалмау керек.
Ол аттарды ешкім тегін сұрап жатқан жоқ. Жалға алу ақысы бар, ол аз ақша емес. Көшпенділер ойынына қатысқан аттардың барлығына ақы төленеді. Атбегілердің еңбегі ескеріледі. Осы бір сәтте ауызбіршілік таныту керек еді», – деді Аслан Қаженов.
Еске сала кетейік, 2026 жылғы Дүниежүзілік көшпенділер ойындары Қырғызстанда өтті. Жарыс барысында көк бөріде Қырғызстан Қазақстан құрамасын 12:0 есебімен жеңсе, көкпарда 7:2 есебімен басым түсті.