Төрт жылда бір келетін жазғы ойындарда Серік шашасына шаң жұқтырмады. 69 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген былғары қолғап шеберіміз Олимпиада қожайыны британдыққа үш кезеңде де еш мүмкіндік бермеді, қорытынды есеп — 17:9.
Естеріңізге сала кетейік, С.Сәпиев 1/8 финалда жапондық Ясухиро Сузукиді, ширек финалда венесуэлалық боксшы Габриел Маэстрені ал жартылай финалда айқын басымдықпен ұтты.
Ал кеше 69 келі салмақ санатында шаршы алаңға көтерілген Серік Олимпиада «алтыны» жолындағы басты қарсыластарының бірі ресейлік Андрей Замковойды 18:12 есебімен ұтқан еді. Ал бұған дейінгі кездесудегі қарсыласы украиндық Тарас Шелестюкті бір ұпай айырмашылығымен жарыс жолынан ығыстырған болатын.
Серік Сәпиев Қарағанды облысының тумасы. 11 жыл бойы боксты жанына серік еткен 28 жастағы Серік екі мәрте Әлем чемпионы (2005, 2007 жылы), Азия чемпионы (2007, 2009 жылы), Азия ойындарының чемпионы (2010 жылы) атанған. Жолдаманы өткен жылы Бакудегі Әлем чемпионатында екінші орынды иеленгені үшін алды.