Бұл туралы Сaravan.kz медиа порталы хабарлайды.
Мәселе неден туындады?
Естеріңізде болса, жаңадан сайланған Құрылтай депутаты Армангүл Тоқтамұрат тілші сұрағына жауап бермей, қашқан болатын. Көпшілік оның бұл әрекетін сынға алған болатын.

БАҚ өкілдері не дейді?
Танымал журналист Самал Ибраева аталған оқиғаға қатысты өз пікірін ортаға салды. Ол мұндай жағдайдың кешірілмейтін әрекет екенін атап өтті.
«Құрылтай» деп ат қойып ел аманат арқалатып отырған кәсіби Парламентіміздің атын бір ғана әріптесіміз бір сәтте былғай салды ма? Журналистер қауымы атынан барған депутаттың бұл әрекеті — қоғам үшін кешірілмес жағдай деп қабылдаймын.
Таза болсаң кез келген журналиске жауап бер, түсіндір. Түсінбейтін ешкім ақымақ емес. Манипуляция мен шынайы болмысты бәрі ажырата алады.
Депутат болған сәттен бастап сен публикалық тұлғаға айналасың. Бүгінің емес, бэкграундың үшін де жауаптысың. Жалпы бетпақтық пен ашкөздік адамды алысқа апармайды. Тегін пәтер алғанда да ойлану керек. Сондай-ақ, БАҚ өкілі деп қос-қостан пәтер беруді доғару қажет. Үй деген — үйі жоқтарға берілсін. Әділ таратылсын. Әрбірден соң ұят деген болу керек қой.
Ешкімді көре алмай жатқан түгіміз жоқ. Бірақ ақ жүріп адал еңбекпен, шын лайық болып депутат атану басқа әңгіме. Ал лайықсыз болсаң, мұндай «кулуар» сұрақтар күнде алдыңнан шыға береді. Сонда қайтпек біздің депутаттар?», — деп жазды ол.
Министр пікірі
Бұл оқиға Ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаеваның да назарынан тыс қалмады. Ол журналистерді этика әдебін сақтауға шақырған болатын.
«Мәдениет және ақпарат министрі ретінде Мемлекет басшысы мәдениет және медиа саласы қызметкерлерінің тұрғын үй мәселесін жүйелі түрде шешіп келе жатқанын атап өткім келеді. Алғашқы жылдары журналистерге пәтерлер редакциялар ұсынған тізімдер бойынша берілді. Кейінгі жылдардан бастап бүгінге дейін пәтерлер тұрғын үй беру қағидаларына сәйкес, меншігінде жылжымайтын мүлкі жоқ сала қызметкерлеріне ғана беріліп келеді», — деді ол.