Тамыздың 29-ы және қыркүйектің 9-ы аралығында өтетін XIV Паралимпиадалық ойындарда Қазақстанның намысын 7 спортшы — Әнуар Ахметов (жүзу), Ислам Сәлімов (жеңіл атлетика), Айнұр Байділдаева (жеңіл атлетика), Сергей Харламов (жеңіл атлетика), Зүлфия Ғабидуллина (жүзу), Айбек Әбжан (пауэрлифтинг) және Қабира Асқарова (пауэрлифтинг) қорғайды. Олар 165 елден келетін 4 200 спортшымен өзара сынға түсіп, 20 спорт түрі бойынша 502 медальды сарапқа салатын болады. Айта кетер жәйт, Қазақстанның спортшылары XXX Олимпиада ойындары өткен Ұлыбританияның Лондон қаласына барып, Қазақстанның Әнұраны жеті мәрте ойнаған «ExCel» спорт кешенде өнер көрсетпек. Жарыс жолын Қабира Асқарова бастайды. Тамыздың 31-күні ол 44 келі салмақта пауэрливтингтен сынға түседі.
Бұдан бұрын ҚР Спорт және денешынықтыру агенттігі төрағасының орынбасары, Қазақстанның Пралимпиадалық комитетінің басшысы Елсияр Қанағатов хабарлағандай, XIV Паралимпиадалық ойындарда алтыннан алқа таққан спортшыларға — 50 мың, күміске — 35 мың, қола үшін — 25 мың, сондай-ақ төртінші орынға — 14 мың, бесінші орынға — 6 мың және алтыншы орынға 4 мың АҚШ доллары көлеміндегі сыйақы тағайындалған.