Чемпионатқа «Астана», Қостанай қаласындағы № 3 БЖСМ, Өскемен қаласының «Торпедо» және «Устинка», Павлодардың «Ертіс», Қарағандының «Юность», Павлодардың БЖСМ, Рудныйдың «Горняк» сияқты 8 командасы қатысты, деп хабарлады Астана қаласының ресми сайты туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасына сілтеме жасап.
«Астана» командасы жеті ойын өткізіп, 21 ұпай жинады. Олар әрбір ойында жеңіске жетіп, көш басынан көрінді. Елордалық хоккейшілердің ең ірі жеңісі — 12:0 есебімен «Горнякты» ойсырата ұтуы болды. Әсіресе, астаналықтардың өскемендік «Торпедо» командасын жеңуі турнир кестесіндегі шешуші маңызға ие болды.
«Торпедолықтар» 18 ұпаймен екінші орынды иеленді. Екі турдың қорытындысы бойынша үшінші орын 12 ұпай жинаған қостанайлық №3 БЖСМ командасына бұйырды.
«Астана-1997» командасының жаттықтырушысы Александр Заводов бұл маусымда чемпиондық атақты жеңіп алудан үмітті, бұл туралы ол екінші тур аяқталған соң мәлімдеді. «Астанадағы тур жоғары деңгейде өтті. Алайда, біздің негізгі қарсыласымыз — өскемендік «Торпедо» командасы.
Бұл жолғы кездесу өте тартысты өтті, алайда біздің бағымыз жанды. Үшінші турда да жеңіске жетіп, ел чемпионы атанамыз деген үмітіміз басым. Біздің команданың бұған толық күші жететіндігіне сенімдімін», -деді ол.
Өткен маусымда А. Заводовтың командасы Қазақстан чемпионатының күміс жүлдесін қанжығаға байлаған болатын.