Бұдан бұрын «арландар» осы команданы елімізде 5:0 есебімен ойсырата ұтқан. Америкалықтардың сол есені қайтармақ болып тісін қайрап жүргені анық. Алайда өз алаңындағы кешегі кездесу америкалықтар үшін сәтсіз басталды. Жекпе-жек басталмай жатып «арландар» 2:0 есебімен алға шықты, деп хабарлайды . BAQ.kz
Сонымен кеше командалар Америкада салмақ өлшеу рәсіміне қатысты. Жекпе-жек бүгін, 1 ақпанда Астана уақытымен сағат таңертеңгі 10-да басталады.
Қос команданың бұл жекпе-жекке баптап әкелгені мына боксшылар:
54 келіде
Хабибулла-Исмаил Ахунов — Браулио Авилла Хуарес
61 келіде
Самат Бәшенов — Хуакин Чавес
73 келіде
Константин Снигур — Уильям Уильямс
85 келіде
Эхсан Рузбахани — Жамель Рейнольдс
91 келіден жоғары салмақта
Иштван Бернат — Роман Капитоненко
Сәтін салғанда, «арландар» жарыс басталмай жатып 2 ұпаймен алға озып шықты.
Бірінші «жеңісті» сыйлаған — команда капитаны Самат Бәшенов. Бұл жеңістің себебі Саматпен кездесуге тиісті америкалық боксшы Эрик Фаулердің салмағының артық болып шығуы болды. Яғни, Бәшенов пен Хуакином Чавестің жекпе-жегі жай көрсетілім үшін ғана енді.
Екінші «жеңіс» Эхсан Рузбаханидің еншісінде. Оның алдын ала белгіленген қарсыласы Джемаль Босняк елінен Америкаға жете алмапты. Осының арқасында Эхсан автоматты түрде жеңімпаз болды. Енді оның осы кеште Жамель Рейнольдспен өтетін кездесуінің нәтижесі де жарысқа әсер етпейді.
Сонымен, есеп әзірше 2:0.
«Астана арландары» клубы сайтының хабарлауынша, жекпе-жекті «Ел Арна» телеарнасы сенбі күні кешкісін көрсетеді.
Естеріңізге сала кетейік, «Астана арландары» биылғы маусымда қарсыластарын бет қаратпай ұтып келеді. Бұған дейін 6 кездесуде жеңіске жетіп В тобында көш бастап тұр.