Бұл туралы бүгін Алматыда шағын футболдан Қазақстан құрамасының жаңадан тағайындалған бас бапкері Рикардо Камара Собралды жұртшылыққа ресми түрде таныстыруға арналған баспасөз мәслихатында Қазақстан футбол федерациясының атқарушы директоры Олжас Абраев айтты.
«Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі қарсаңындағы Алматыдағы оқу-жаттығу жиынының соңында шағын футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 3-4 наурыз күндері Өзбекстан құрамасымен жолдастық кездесу өткізеді. Одан кейін Беларусь елінің Минск қаласында ақырғы жиынын өткізіп, кейін Латвияға аттанады. Онда Елаве қаласында 27-30 наурыз күндері өтетін 2013/2014 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турниріндегі топтық ойынын өткізеді. Біздің қарсыластарымыз Латвия, Ресей және Румыния құрамалары», — деді Олжас Абраев.
Оның айтуынша, бұл топтың көшбасшысы Ресей футболшылары болмақ. Сондықтан қазақстандықтар бұл сында екінші орын үшін таласпақ. Онда жеңімпаздар жолдамаға ие болса, екінші орын алғандар мен үшінші орын алған 1 үздік команда плей-офф кезеңінде 4 жолдаманы өзара сарапқа салады.