Бүгін жұптық сайыста елорда кортында Юрий Щукин мен Андрей Голубев чехиялық теннисшілер Радек Штепанек пен Ян Хайекке қарсы ойнады.
Қазақстандықтар үш сетте — 7:6, 6:4, 6:3 есебімен қарсыластарын тізе бүктірді. Жасыратыны жоқ, Қазақстан теннистен жұптық сында аса мықты емес. Ал бүгінгі ойында Щукин мен Голубев қазіргі Дэвис кубогінің иегерлерін айқын басымдықпен ұтты. Бұл ойынды бүгінгі күннің сенсациясы десе де болады. Қазіргі уақытта жалпы есеп 1:2, чехиялықтардың сәл басымдылығы байқалады.
Айта кетейік, АТР рейтингісінде Голубев — 205-орында тұр, Щукин — 463, Штепанек — 45, Хайек — 94.
Ертең, матчтық кездесудің үшінші қорытынды күнінде Михаил Кукушкин мен Лукаш Росол кездессе, Андрей Голубев Ян Хайекпен ракетка түйістіреді.
Еске салсақ, Дэвис кубогінің алғашқы күні отандық спортшылар үшін сәтсіз басталған еді. 5 сәуірде Кукушкин өзінің қарсыласы — Ян Хайекке 3:6, 2:6, 4:6 есебімен жол берсе, Андрей Голубев Лукаш Росолға есе жіберіп алды.
Егер Қазақстан құрамасы жарыстың үшінші күні болатын екі кездесуде де жақсы өнер көрсетіп, жеңіске жетіп жатса, Дэвис кубогінің финалында Франция немесе Аргентина құрамасымен жолығады.