Бұған дейін екі мәрте қатарынан ұтылған «Ақжайыққа» шегінер жол жоқтай еді. Соны түсінген армян бапкері Погос Галстянның шәкірттері алаңға тастүйін дайындықпен шықты. Ойын тізгінін бірден қолға алған алаң иелері допты еркін қақпақылдап, шабуылдау сәттерін құр жібермеуге тырысты. Көп ұзамай команданың сұрмергені Игорь Зенькович қонақтар қақпашысының шеберлігін сынап көрді. Ақыры 39-минутта есеп ашылды. «Ақжайықтың» жартылай қорғаушысы Евгений Коструб қақпа бұрышын дәл көздеді.
Екінші таймда «Жетісу» қарымта қайтаруға тырысып бақты. Дегенмен «Ақжайықтың» жас қақпашысы, 1992 жылғы Стас Покатилов бастаған қорғаныс шебі сыр бере қойған жоқ. Қорғанысты бекем ұстаған чехиялық тәжірибелі қорғаушы Якуб Хлебоунды айрықша атап өтуге болады. Айта кету керек, жасыл алаңда Ақ Жайық намысын қорғап жүргендердің жартысы, матч барысында ойынға қосылатындардың барлығы — жергілікті түлектер. Соның бірі, негізгі құрамда осымен екінші рет шыққан шабуылшы Алексей Мальцев өзі гол соқпаса да, әріптестеріне оңтайлы сәт туғызумен ерекшеленді. 71-минутта сол қапталдан оқтай зымыраған А.Мальцевтің дәл берген пасынан кейін камерундық жартылай қорғаушы Саджо Хаман биылғы маусымдағы екінші добын соқты.
Сөйтіп осыған дейін жеңілістің ащы дәмін татпаған «Жетісуды» сүріндірген «Ақжайық» тоғызыншы сатыдан бірден төртінші орынға көтерілді. Енді біріншілікте жеңілмеген бір ғана команда «Ақтөбе» қалды. Ақтөбеліктер 15 ұпаймен көш бастаса, Павлодарда «Ертісті» 1:0 есебімен ұтып, ұпай санын 13-ке жеткізген «Астана» екінші орында келеді. Ел чемпионы «Шахтерден» 0:3 есебімен ойсырай жеңіліп, бірінші рет ұтылуға мәжбүр болған «Тараз» (12 ұпай) алғашқы үштікті түйіндеуде. Жалпы, турнир кестесінің тығыздығы сондай, «Ақжайық» (9 ұпай) пен соңғы 12-орындағы «Востоктың» арасын үш ұпай ғана бөліп тұр.
«Ақжайық» келесі ойынын 28 сәуір күні Шымкентте жергілікті «Ордабасымен» өткізеді.