Олимпиада ойындарының бағдарламасына 1900 жылы кірген стенд атудан алғашқы Әлем чемпионаты 1935 жылы өткен болатын. Қазақстанда кенже дамыған спорт түрі болып саналатын стенд атудан Қазақстан құрамасы Олимпиада ойындарына қатысқанымен әлі күнге дейін жеңімпаз атанған ешкім болған жоқ.
Жалпы ату спортының бұл түрінде арнайы алаңдарда лақтыратын құрылғылар мен лақтырылатын нысана-тарелкелер тегіс ұңғылы мылтықтан атылады. Қазақстанда ол ату спортының түрі ретінде 1934 жылдан бастап тарала бастады. Қазақстанда кеңестік дәуірде Еуропа чемпионы, Еуропа кубогының иегері, КСРО халықтары спартакиадасының чемпионы, командалық есептегі Әлем чемпионы болған спортшылар шыққанымен, қазір бұл үрдіс лайықты деңгейде өз жалғасын таппай отыр.