Әскерилерге арнап салынған жаңа үй жарықсыз, сусыз әрі жылусыз отыр - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Әскерилерге арнап салынған жаңа үй жарықсыз, сусыз әрі жылусыз отыр

Әскерилерге арнап салынған жаңа үй жарықсыз, сусыз әрі жылусыз отыр

Семейде әскерилерге арнап салынған жаңа үйлерге қатысты дау шықты. Құрылысы аяқталып, қолданысқа берілген баспаналар жарықсыз, сусыз әрі жылусыз отыр. Тамыз айында қоныстанғандар әлі күнге дейін қараңғы пәтерлерде күн кешіп жатқан көрінеді. Жауаптылардың құрғақ уәделерінен жалыққан жұрт әскери прокуратураға да шағымданған. Алайда әлі бірде-бір нақты шара қолға алынбаған.

  • 17 Қазан 2013
  • 416
Фото - Caravan.kz

Жаңа пәтердің кілтін алып, қоныс тойын атап өткендердің қуанышы ұзаққа бармады. Арада бірнеше ай өтсе де, үйлерінде әлі күнге жарық пен жылу жоқ. Тіпті тіршілік нәрі су да берілмеген. Тұрғындардың мәселесін әне-міне шешеміз деген басшылық мұнда төбе көрсетпепті.

Нұргүл Пұсырманова, Семей қаласының тұрғыны:

— Ешқандай жағдай жоқ. Жарық жоқ, балалар киімдері үтіктелмей сабаққа кетеді. Ана жерде достарымызға барамыз, енді не істейміз?! Арасында сонда жуынып та аламыз.

Әрқайсысы бес қабаттан тұратын бұл үйлер әскери қызметкерлерге арналып салынған болатын. Пәтер кілттері салтанатты түрде тамыз айында табысталған. Мұнда жергілікті Отан қорғаушылардан бөлек, Үшаралдан көшірілген 600-ге жуық адам қоныстанған.

Айжан Қабдығалиева, Семей қаласының тұрғыны:


— Үшаралда отыра берейік десек, ол жақтағылар бізді қуып шықты. Сендер бұл жақтыкі емес, сендер Семейдің адамдарысыңдар, үйді босатыңдар деді! Босаттық, келдік, істеген жағдайлары мынау бізге істеп отырған. Далада тоқтың бәрі ашық жатыр. Біреу тоқа түскенін күтіп жүр ме?

Осы үйлердің коммуналдық жағдайына жауапты мекеме өкілдерін жұмыс орнынан іздеп көрдік. Алайда бірде-біреуін таба алмадық.

Әскери басшылықтың бұл қай мазағы деп ашуланған жұрт салалық прокуратураға да шағым түсірген. Алайда онда да шара қолдануға асығар емес. Тығырыққа тірелген тұрғындар қыр астындағы қысты үреймен күтуде. Аяз түссе баспанамызды тастап, көше кезіп кетуіміз мүмкін дем мазасызданып отыр.