Павлодарлық диқандар биылғы астық қар астында қалуы мүмкін деп дабыл қағуда - kaz.caravan.kz
  • $ 468.88
  • 534.1
+28 °C
Алматы
2026 Жыл
15 Шiлде
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
  • A
Павлодарлық диқандар биылғы астық қар астында қалуы мүмкін деп дабыл қағуда

Павлодарлық диқандар биылғы астық қар астында қалуы мүмкін деп дабыл қағуда

Павлодарлық диқандар биылғы астық қар астында қалуы мүмкін деп дабыл қағуда. Өйткені орылған бидайды сақтайтын орын тапшы. Бірақ бұл егіннің бітік шыққанынан емес. Өңірдегі санаулы элеватор ылғалдылығы жоғары деген желеумен бидайды тым баяу қабылдап жатыр екен. Салдарынан көліктер тәуліктеп кезек күтуге мәжбүр. Ал орылған астық егістік басында қалып қойып жатыр.    

  • 17 Қазан 2013
  • 295
Фото - Caravan.kz

Қала маңындағы қамбаға қарай ағылған жүк көліктерінде есеп жоқ. Бірақ барлығы элеватор алдында тәуліктеп кезек күтуде. Ал қыстың ауылы көрініп қалса да, әлі орақ тимеген алқаптар гектарлап жатыр. Орылған астықты да диқандар апаратын жер таппай егістік басында қалдыруға мәжбүр. 

Владимир Железнев, жүк көлігінің жүргізушісі:

— Басқа апаратын жер жоқ. Қалған элеваторларды баяғыда қиратып тастаған. Ешкімге ештеңе керек емес. Осы жалғыз қамбаға тасимыз.

Жүргізушінің сөзіне қарағанда, мұндағы тасымал мәселесінде бірыңғай тәртіп жоқ. Оны элеватор басшысының өзі де растап отыр. Айтуларынша, басқа қамбалардың алыстығынан бидайды құрғату мәселесі мысықтабандап қалған. Оның үстіне әкелінген бидайлары тым ылғалды деп желеу айтады қамба қожайындары.

Владимир Кобзин, Элеватор директоры:

— Бұл астықты тапсырудың дұрыс ұйымдастырылмағанын көрсетеді. Жүк тасушылар өндіріс екпінінің бәсеңдеуінен тәуліктеп кезек күтуге мәжбүр. Біз ештеңе істей алмаймыз. 

Ал шенеуніктер ұзын-сонар кезекті жасаған диқандардың өздері деп отыр.Барлығы қала іргесіндегі осы элеваторға сақтағанды қалайды екен. Алыс аудандардағы қамбаға ешкімнің барғысы жоқ екен.


Темірбай Қуанов, Павлодар облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім бастығы:

— Жоқ, ұйымдастырылған, бірақ шаруа қожалықтарына нақты жеткізілмеген. Мына бидайды бар элеваторларға бөліп тасымаса, бірыңғай бір элеваторда тұрып қалу жағдайы мүмкін.

Бүгінде облыс бойынша лицензиядан өткен төрт элеватор бар. Соның екеуі «Азық-түлік корпорациясынан» қаржылай көмек алған. Ал облыс басшылығы болса астық түгелге жуық шашау-шығарылмай жиналды деп есеп беріп үлгеріпті.

Атап өтерлігі, биылғы астық өнімі былтырғыдан үш есеге артып, орта есеппен гектарына 12 центнерді құраған. Алайда, қамба алдындағы жүк көліктерінің кептелісінен қардың астында қанша бидайдың қалатыны әзірге белгісіз. Белгілісі, межеленген уақытта астықты тасып бітіру мүмкін болмай тұр.